Елбасы жалпыұлттық телекөпір барысында ел әлеуетін еселейтін жобаларды іске қосты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен индустрияландыру күні аясында «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірі өтті. Аталған шарада еліміздің әр өңірімен тікелей байланыс орнап, онлайн режімде бірқатар индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлы жобалар іске қосылды.

Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 жаңа жоба таныстырылды.

– Бүгін біз индустрияландырудың биылғы қорытындысын жасадық. Баршаңызды жаңа жоба-лардың іске қосылуымен, жаңа мамандықтардың пайда болуымен және ел тұрғындарының жаңа табысымен құттықтаймын! – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі қалыптасқан жағдайларға қарамастан, елімізде құрылымдық өзгерістер мен институционалдық реформалардың іске асырылып жатқанына тоқталды.

– Біз ел экономикасын әртараптандыру жөнінде шаралар қабылдап жатырмыз. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптас-тыру, инвестициялық ахуал мен сот жүйесін жақсарту жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Былтыр еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық. Биыл Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөнінде жария еттім. Қазіргі Жолдаудың негізгі мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру, – деді Мемлекет  басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде еліміздің алдында экономиканы одан әрі әртараптандыру, инфрақұрылымды жақсарту және өнімділікті арттыру жөніндегі ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру бағдарламасы еліміздің орнықты және әртараптанған экономикасын құру үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айтып, оны іске асыру барысындағы нақты нәтижелерге тоқталды.

– Біз индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық, соның ішінде 100 кәсіпорынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті шетелден келген инвестицияның төрттен бір бөлігі өңдеу секторына тиесілі екенін айтты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев металлургия, машина жасау, инфрақұрылымдық даму және көлік-логистика салаларында жүзеге асырылған жобалар жөнінде  әңгімеледі.

– Біз азаматтардың жоғары тұрмыс сапасын қамтамасыз ету үшін мейлінше қолайлы жағдай жасап келеміз. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы біз рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Елімізде 11,2 миллионнан астам шаршы метрді қамтитын тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл 12 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 100 мыңнан астам баспана салу жоспарланып отыр, – деді  Мемлекет  басшысы.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті экономиканың түрлі салаларын цифрландыру және бірқатар кәсіпорынның өндіріс үдерісіне инновациялық шешімдерді енгізу барысына тоқталды. – Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін қамти отырып, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру индустрияландыру бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі саналады. Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін дамудың түбегейлі жаңа моделіне көшуге тиіс. Еуразия экономикалық одағы және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасы аясындағы қазіргі экономикалық әлеуетті мейлінше тиімді пайдаланып, оны арттыру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы индустрияландырудың үшінші бағдарламасының стратегиясын нақты нәтижелерге бағыттай отырып, жан-жақты пысықтау керек екенін атап өтті.

– 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма бердім. Бұл қаражат экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қаржылай және қаржылай емес кешенді қолдау көрсетудің құралдарын көбейтуге жұмсалатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы өңдеу өнеркәсібінің барлық буынында салалық басым-дықтардан тиімді өндірушілерге қолдау көрсетуге көшу үдерісі жүргізілетінін  айтты.

– «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды ынталандыру қажет. Технологиялық тұрғыдан күрделі емес тұтыну заттарының импортын алмастыруға күш жұмылдыруымыз керек. Менің тапсырмам бойынша екінші деңгейлі банктердің басымдыққа ие жобаларын несиелендіру үшін қосымша 600 миллиард теңге бөлінетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырудың және жеке секторды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

– Экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық қызметтер нәтижесін енгізу жөніндегі жұмыстарды жандандырған жөн. Мысалы, қазірдің өзінде Назарбаев университетінде 120 ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Ғылыми әзірлемелер өндірістік міндеттерді шешуді көздейтін нақты кәсіпорындардың тапсырыстарына, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен берілетін тапсырыстарға бағытталуға тиіс, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті индустриялық даму үдерісіне «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен IТ-стартаптардың халықара-лық технопаркін тарту қажеттігін айтты. Бұл ретте, Үкіметке әртараптандыру және индустрияландыру мәселелерін кешенді түрде шешуге күш жұмылдыру жүктелді.

Телекөпір барысында Қазақстан Президенті «Бақыршық таукен өндіру кәсіпорны» мен Қарағанды облысының катодты мыс өндіретін «Алмалы» кен орнындағы құрылысы аяқталған «SaryArka Copper Processing» кәсіпорнын іске қосуға пәрмен берді. Сонымен қатар машина жасау және құрылыс индустриясы саласында Павлодар облысындағы «Проммашкомплект» теміржол доңғалақтарын өндіретін кәсіпорын онлайн-режімде іске қосылды. Бұл кәсіпорын теміржол доңғалақтары өндірісін жылына 75 мыңнан 200 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ал «Alageum Electric» АҚ Бақылау кеңесінің төрағасы Сайдулла Қожабаев Қазақстан тарихында бірінші болып кернеуі 220 кв трансформаторлар өндірісі жолға қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ телекөпір барысында Шымкенттегі қуаты 110-220 кв трансформатор шығаратын «Asia Trafo» зауыты, Қызылорда облысындағы қуаты жылына 1 млн. тонна болатын «Гежуба Шиелі Цемент» Қазақстан – Қытай инвестициялық жобасы, Алматыдағы қуаты жылына 550 мың тонна қоқыс өңдейтін «Green Recycle» ЖШС кешені және Петропавлдағы қажетті халық тұтынатын тауарлар мен полимерлерді толық циклда қайта өңдейтін «Радуга» ЖШС металл-пластикалық бұйымдар зауыты да жұмысын бастады. Бұған қоса «KEGOC» АҚ 500 кв «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» желісі  іске  қосылды.

Сондай-ақ бұл күні Ақтөбе облысында қуаты 300 млн. м3 болатын Қожсай кен орнында «Gas Processing Company» ЖШС ілеспе мұнай газын қайта өңдеу жобасы жұмыс істей бастады. «Баламалы энергетика» саласында «Samruk Kazyna – United Green» ЖШС Жамбыл облысында қуаты 100 МВт болатын Қазақстан-Британ бірлескен жобасы – «Бурное» күн электр стансасын пайдалануға берді. Бұған қоса Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы «KТ Редкометальная компания» ЖШС бірлескен кәсіпорны жел энергетикасының бірінші кезеңі іске қосылды. Телекөпір барысында Атырау облысындағы аграрлық сектор бойынша заманауи қондырғылармен жабдықталған «Карат» ЖШС автоматтандырылған диірмені, Ақмола облысындағы соңғы жылдары аграрлық саладағы ірі жобалардың бірі саналатын қуаты жылына 50 000 тонна ет өндіретін Макинск құс фабрикасының бірінші кезеңі, сондай-ақ Арқалық қаласындағы ет өңдейтін «Торғай Ет» ЖШС кешені пайдалануға берілді. Бұдан бөлек тамақ өнеркәсібі саласында Mareven Food Holdings трансұлттық холдингінің Алматы облысындағы ұнды терең өңдейтін және тамақ өнімдерін дайындайтын зауыты да өз жұмысын бастады. Индустрияландыру күні аясында Түркістан облысында түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» ЖШС кәсіпорны іске қосылды. Онда құрғақ сүт, балалар тағамы және энергетикалық сусындар әзірленеді. Телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеуметтік бастаманың бірі ретінде Астананы газдандыру жобасындағы Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша ұзақтығы 1061 км болатын және жылына 2,2 мил-лиард текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар «Сарыарқа» газ магистралінің 1-кезеңін іске қосуға пәрмен берді. Сондай-ақ Президент онлайн-режімде республика тарихындағы алғашқы концессиялық жоба – Үлкен Алматы айналма аутомобиль жолы құрылысының барысын бақылады. Онда 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар Президент Батыс Қазақстан облысындағы елімізді Ресеймен және Шығыс Еуропамен байланыстыратын Орал – Тасқала аутожолы учаскесінде аутокөлік қозғалысын ашты.

Ал «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының Озерка ауылы мен Жамбыл облысына қарасты Өрнек ауылының тұрғындары кең жолақты интернетке қол жеткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев цифрландыру мүмкіндігінің арқа-сында еңбек өнімділігі артып, бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түр-де  жалғасатынын  жеткізді.

Цифрландыру аясында Екібастұзда Орталық Азиядағы ең ірі датаорталық, Қостанайда еліміздегі ең цифрлы диірмен кешені – «Бест Костанай» ЖШС іске қосылды. Астанада модем, коммутатор және автоматты цифрлы телефон стансасын өндіретін «DigitalSystemServis» ЖШС зауыты құрылды. Алматыда прибор жасау және радиоэлектроника инновациялық «Kaz Tech Innovations» ЖШС зауыты іске қосылды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы әуе жүк тасымалы саласында e-Freight және «Қазпошта» компаниясының фул-филмент-орталық – қағазсыз құжат айналымы ақпараттық жүйесінің жұмысын, «ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалдауды басқару digital-жүйесін  іске  қосты.

Индустрияландыру бағдарламасы іске асырылған жылдары барлығы 6,6 трлн. теңгеден астам соманың 1148 жобасы іске қосылып,  107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Соның ішінде индустрияландырудың бірінші бесжылдығында (2010-2014 жылдар) индустрияландыру картасы аясында 3 трлн. теңгенің 770 жобасы іске қосылып, 76 мың тұрақты жұмыс орны ашыл-ды. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталғалы (2015-2017 жылдар) 3,1 трлн. теңгенің 378 жобасы іске қосылып, 31 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2018 жылы жалпы сомасы шамамен 1,2 трлн. теңге болатын 100 нысан қатарға қосылып, 13 мың адамға жұмыс берілді.

 

Кәсіпкерлердің   еңбегі   еленді

Жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыс етті. Биыл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіндегі республикалық «Парыз» сыйлығының бас жүлдесі, Президенттің Гран-приі «Қазцинк» компаниясына табысталды. Бұдан бөлек, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының «Ең үз-дік индустриялық жоба» аталымында «AZALA Textile» ЖШС лайықты деп танылса, «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша «KazTechInnovations» ЖШС топ жарып, Елбасының қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алды. Айта кетерлігі, «AZALA Textile» ЖШС мақта-мата өнімін халықаралық өндіруші ретінде танылған. Компания экспортының үлесі 65 пайызды құрайды. Ал «KazTechInnovations» ЖШС бірегей көзілдіріктер шығарады. Бұл құрылғылар 360 градус режімде бейнетүсірілім жасауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса рейтинг қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы үздік деп танылды. Сондай-ақ Қызылорда облысы бизнес жүргізуге жағдай жасаған үздік өңір ретінде алға шықты.

Индустрияландыру күні шеңберіндегі жиында Премьер Министр Бақытжан Сағынтаев бизнестің үздік өкілдеріне тиісті сыйсияпатын табыстады. Биыл Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары тізімінде «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы «СемАз» ЖШС, Алматы облысындағы «ALUGAL» ЖШС,  Батыс Қазақстан облысындағы «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС марапатталса, «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының «Радуга» ЖШС, Түркістан облысының «Бал Текстиль» ЖШС, Жамбыл облысының «Novacom Technology» ЖШС үздіктер қатарында көрінді. Ал «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясында үздік үштікке Астана қаласындағы «МЫРЗАХАН» ЖШС және «Теміржол  көлігіндегі қазақстандық сертифи-каттау орталығы» ЖШС, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы «БиКаДа» ЖШС енді. Бұған қоса «Азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнім-дерін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша Алматы облысындағы «Рыбпром» ЖШС, Алматы қаласындағы «БИЖАН» ет өңдеу кешені» ЖШС, Ақмола облысындағы «Гормолзавод» ЖШС марапатқа ие болды.

Биыл Елбасының «Алтын сапа» сыйлығын алуға үміткер ретінде 182 кәсіпорын қатысса, оның ішінде 78-і шағын кәсіпкерлік бойынша, 76-сы орта, ал 28-і ірі кәсіпкерлік бойынша өтініш берген.

Жыл соңындағы айтулы марапаттардың бірі – «Қазақстанның үздік тауары» атағы. Биыл бұл байқауға қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінен 1163 шағын, орта және ірі кәсіпорындардан өтініш түскен. Олардың ішінде 153-і республикалық кезеңге іріктелініп алынған.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымына Алматы облысындағы «DOLCE» ЖШС және Шымкент қаласындағы «Зерде – Керамика» ЖШС, Қостанай облысындағы «Медидез» ҮЕҰ» ЖШС ие болса, «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша Ақтөбе облысындағы «West Line doors» ЖШС, Атырау облысындағы «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС және Қызылорда облысындағы «Dalatex» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясына Алматы облысындағы «Шин Лайн» ЖШС, Солтүстік Қазақстан облысындағы «ViZaVi Company» ЖШС және де Алматы облысындағы «Danone  Berkut»  ЖШС  ие  болды.

 «Егемен   Қазақстан»   газетінен   ықшамдалып  алынды