Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айгүл ҚОСАНОВА: «Шетелде қазақтың дәстүрлі ән өнеріне ықылас ерекше»

ҚР-ның  еңбек  сіңірген  қайраткері,  Әміре  Қашаубаев атындағы  республикалық  конкурстың,  мемлекеттік  «Дарын»  сыйлығының  лауреаты,  мәдениет саласындағы  ҚР  Президенттік  стипендия  иегері,  әнші-жыршы  Айгүл  Қосанова  желтоқсанның  14  жұлдызында Орал  қаласында  «Ағады Жайық, ағады…»  атты  жеке  концертін  өткізбек.  Осыған  орай  дәстүрлі  әндер  мен  термені нақышына  келтіріп  орындайтын,  эстрадалық  әндерді  де шебер  шырқайтын  әншімен  сұхбаттасудың  сәті  түскен  еді.

Айгүл апай, ең алдымен  Ақ Жайықта өтетін ән кешіңіз туралы және шығармашылығыңыздағы ерекше жаңалықтар туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Негізі, Орал қаласында жеке  ән кешімді өткізу әуелден жоспарымда бар болатын. «Сабақты  ине сәтімен»  демекші, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның басшылығы «Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жеке концертіңізді өткізсеңіз» деп ұсыныс айтқанда, жоспарымның тез орындалатынына өзім де қуанып кеттім. Бұл концерттің ерекшелігі – Орал қаласында жеке ән кешімді алғаш рет өткізгелі тұрмын. Бұрындары әріптес әншілердің концерттеріне келіп, ән орындап  жүрдім. Концертте менімен бірге жергілікті филармонияның әншілері де өнер көрсетеді.

– Көрермендер сізді дәстүрлі әнші ретінде таниды, соңғы кездері эстрада жанрында да әдемі әндеріңізбен көрермендеріңізді баурап жүрсіз. Жаныңызға қайсысы жақын?

– Мен – дәстүрлі әншімін.  Көпшілік көрерменге де дәстүрлі ән жанрында танылдым. Соңғы кездері заманға қарай, уақыт талабына сай эстрада жанрында ән салып жүрмін. Адам қай кезде де  өзін-өзі жаңа қырынан сынап көргісі келеді ғой. Менде де «Эстрадалық бағыттағы әндерді айта аламын ба?» деген сұрақ туындады. Бұл бағытта ең алғаш рет сахнаға Саят Медеуов пен Нұрғиса Тілендиевтің «Келе жатыр құс қайтып» әнімен шықтым. Эстрада жанрында тұсауымды кескен осы әнді өзім де ерекше жақсы көремін. Сол әніміз сәтті шыққан болуы керек, маған кәсіби, әуесқой сазгерлер өз әндерін ұсына бастады. Әнші қорықпай, қай кезде де өзін сынап көруі керек деп ойлаймын. Қолдан келгенінше жан-жақты болған жақсы ғой. Бұл да ізденістің бір түрі деп есептеймін. Қазіргі күнде оркестрдің сүйемелдеуімен, дәстүрлі әнді де, эстрада жанрындағы әндерді де шынайы ынта-ықыласыммен орындаймын. Бүкіл жан-дүниеңмен беріле шырқаған ән жүректерге жететіндігіне күмәнім жоқ.

– Әншілік өнерге деген талпыныс қалай басталды? Кішкентай кезіңізде қандай бүлдіршін болдыңыз?

– Кез келген қазақ баласы, әсіресе, ауылдың баласы ән салып өседі. Ата-аналар да «сахнада ән саламын» деген баласының тауын қайтармайды. Мен де кішкентайымнан ән айтқанды мәртебе көріп өскен ауылдың қызымын. Ес білгелі ән айтып келемін. Үшінші сыныптан бастап ән сала бастадым. Отбасында көптен күткен ұлдан кейін жарық дүниеге көрінген қызбын. Жеңгелерімнің айтуына қарағанда, жылауық бала болыппын. Алдымдағы ағамның алдында төрт апам бар. Яғни жаңа ғана айтқандай, көп күттіріп, сағындырып келген ұлдан кейінгі көрінген қызбын. Әке-шеше үшін әр баланың өз орны болғанымен, өзім көп еленбей, көп баланың бірі болып өстім-ау деп ойлаймын. Бүгіндері жеңгелерім «Кішкентай кезіңде көп жылағаныңнан әнші болатыныңды сезіп едік» деп әзілдейді.

– Бір сұхбатыңызда халық әндеріне шетелдерде ықылас ерекше екендігін, ал өз елімізде онша елене бермейтіні туралы айтыпсыз. Жалпы, дәстүрлі әнді насихаттауда не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Өз елімізде төл өнеріміз төрге шығып, барлық жерде  насихатталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ өкініштісі, дәстүрлі өнерімізге әлі күнге дейін өз деңгейінде қолдау көрсетілмей келеді. Былтыр ұлттық арнада өткен «Мен қазақпын!» мегажобасы дәстүрлі өнер иелерінің додаға түсіп, өз-өзін дәлелдеулеріне мүмкіндік берді. Дәл сондай бағдарлама биыл да өтті. Бірақ «әттеген-айы», былтырғы жобадан шыққан жыршы-термешілерді насихаттау жағы жетіспей тұр. Ал шет мемлекеттерге барғанда ол жақтың халқы домбырамен шырқайтын әндерімізге үлкен қызығушылық танытып, ерекше құрмет көрсетеді. Бұл – олар үшін таңсық дүние. Өз елімізде төл өнерімізге мән бере бермейтініміз қынжылтады.

– Қазір танымал әншілердің біразы желілік маркетингтің саудасын қыздырып жүр. Өз атағын малданып, қарапайым халықтың сеніміне кіріп жүргендер туралы сіздің пікіріңіз қандай?

– Желілік маркетинг – мен үшін жат дүние. Өзім әлеуметтік желіде күнделікті не ішіп, не кигенімді салып отыратындардың қатарынан емеспін. Ал желіні пайдаланып, сауда жасау деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бұл жайттың қыр-сырын да білмеймін. Кейбір әншілер өздеріне пайдалы тұсын көргесін, солай жасайтын шығар. Бірақ өзім желілік сауданы меңгермегендіктен, ешкімге ақыл айтқым келмейді. Бұл тұрғыда әркімнің өз өмірі өз қолында. Мүмкін, бұл да заман талабына сай қажет дүние шығар. Мүмкін, мен соны меңгере алмай, заман ағысынан қалып қойған шығармын…

– Өнердегі бақталастық пен бәсекелестіктің ара-жігін ажыратып айтып берсеңіз?

– Өнер саласында бәсеке керек. Өйткені, сен біреумен жарыспасаң, өзіңнің мықтылығыңды көрсете алмасаң, өнерде жайдан-жай жүре берудің қажеті жоқ. Бұл бір жағынан адамға тың серпін, күш-жігер береді. Өйткені, сен өзіңнен мықтыны көріп, сол сияқты мықты болуға, өзіңнен биікті көріп, сол биікке жетуге ұмтыласың. Бәсекелестік өнер жолындағы өнер адамына өз-өзін қамшылап, алға жылжуы үшін аса қажет. Бақталастық – адамның бағы біреуге көп, біреуге аз нәрсе берілуі мүмкін. Әр адамның өзіне бұйырған несібесі ретімен орнын табады деп ойлаймын. Бұйырмаған нәрсеге ұмтылудың, текке ренжудің, өзіңді де, өзгені де босқа қинаудың қажеті жоқ. Сондықтан бақталастықтан гөрі, өнерде кім-кімнің де қарым-қабілетін шыңдап бәсекелестікпен алға ұмтылған жөн.

– Өнер адамына әншілігімен қоса отбасын қатар алып жүру оңай емес. Өз отбасыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Қыз балаға, жалпы әйел затына өзінің кәсібінен бөлек отбасын құру керек. Бұл – өмірдің заңдылығы. Құдай көпсінбесін, үш перзентім бар. Жұбайым – өнер  адамы емес.

Бірақ соған қарамастан, отағасы осы уақытқа дейін «Қайда бардың, қайда кеттің?» демей, әр сапарыма, әр концертіме қолдау көрсетіп, үлкен сахнада алаңсыз ән шырқап жүруіме ықпал етіп келеді. Сол үшін әр кез жұбайыма алғыс айтамын.  Бұл өмірде оңай нәрсе жоқ. Кез келген нәрсе өзінің қиындығымен, қуанышымен бола береді.

– Әйел бақыты дегенді қалай түсінесіз?

– Әйел бақыты деген – төрт құбыласы тең, отбасыңның, бала-шағаңның, ағайын-туыс пен досжаранның аман, денінің сау болуы деп ойлаймын. Мен үшін бір нәрсені сатып алу бақыт емес. Бақыт деген – отбасыңның бүтіндігі, айналаңның аман болуы. Бұдан асқан бақыт жоқ әйел адамға.

– Балаларыңызға қандай сөзді жиі айтасыз?

– Балаларға «жаным» деген сөзді көп айтамын. Арасында «ботақаным», «қошақаным» деп айналып-толғанамын. Жалпы, перзенттерімді кішкентайынан мейірімге, жан жылуына қанып өссін деп балаларымды көп еркелетемін.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Өмірлік ұстанымым – отбасыма, бауырларыма, өнеріме, менің өнерімді бағалайтын халқыма адал болу.

– Ақ Жайық жұртшылығына қандай тілек айтасыз?

– Ақ Жайық жұртшылығын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Өнерімді сыйлайтын патша көңілді көрерменге шынайы ризашылығымды білдіремін. Мереке қарсаңында болатын концертіміз сәтті өтетіндігіне сенгім келеді. Әндерім арқылы халыққа шат-шадыман көңіл күй сыйлай алсам, жабырқаған жандарды ән-әуеніммен жұбата алсам, мен шынайы бақыттымын! Жайық жұртын Орал қаласында өтетін ән кешімде күтемін!

– Шынайы   әңгімеңіз  үшін  рақмет!

Әйгілі  әншімен  әңгіме-дүкен  құрған Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»