12.12.2018, 20:25
Қараулар: 416
Алимент төлемей, қоғамдық жұмысқа жегілді

Алимент төлемей, қоғамдық жұмысқа жегілді

Батыс Қазақстан облысында 1 мың кәмелетке толмағандар алдындағы алимент бережағы 76 млн. теңгеге жетіп отыр.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жыл басынан бері сот орындаушыларында 9,5 мың баланың пайдасына алимент өндіру туралы 7,5 мың құжат болды.

Прокурорлық қадағалау актілерімен 3,5 мың проблемалық құжат 634-ке дейін қысқарды.

Тексеріс кезінде уәкілетті органдардың борышкерлерге қатысты шектеу қою шараларын қолданбағаны анықталды. Атап айтқанда, 367 борышкер шетелге еш кедергісіз шыққан. 600 борышкердің көлік жүргізу құқығы шектелмеген. 931 адамның мүлкіне тыйым салынбаған. 1,5 мың борышкердің еңбекақысы мен басқа да табысынан алимент ұсталмаған.

Борышкерлерді жұмысқа орналастырумен қатар оларды алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қолданылуда. Мысалы, Д. деген азамат 2016-2018 жылдары кәмелетке толмаған баласын күтіп-бағуға алимент төлемей, берешегі 800 мың теңгеден асқан. Орал қаласы прокуратурасының ықпал етуімен ол ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 669-бабына сәйкес екі мәрте жауапкершілікке тартылды. Бірақ сонда да алиментін төлемеген әрі қалалық жұмыспен қамту орталығы ұсынған қызметтен бас тартқан. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен баланы күтіп-бағу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін Д. ҚР ҚК 139-бабына сәйкес 300 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланды.

Айта кетейік, алимент төлеуден жалтару қылмыстық құқықбұзушылық болып табылады, оған барған адамға 2 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Елжан  ЕРАЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар