Батысқазақстандықтардың «Табыс марафоны»

Орал қаласында Ақ Жайық өңірінің кәсіпкерлеріне арналған «Табыс марафоны» жобасының соңғы кезегі өтті. Бұл ерекше жобаны Қазақстандағы Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ)  шағын кәсіпкерлікті қолдау тобы «Шелл» компаниясымен бірге («Шелл»  – энергетикалық және мұнайхимиялық компанияларды біріктіріп отырған халықаралық концерн) жүзеге асыруда.  «Shell LiveWIRE» бағдарламасы аясында қолға алынған аталмыш жоба өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің инновациялық және бизнес-бастамаларын қолдауға бағытталған.

Жобаның бірінші кезеңі өз ісін бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге арналды. Екінші кезеңде іріктеуден өткен 49 адамнан екі топ құралды. Қарашаның 22-28 күндері аралығында жобаға қатысушылар кәсіпкерліктің үш күндік курсынан білімбіліктерін шыңдады. Барлық тыңдаушылар жаттықтырушы Тимур

Рахымжанов, Тамара Роздобудько және Татьяна Хасановалардың мазмұнды сабақтарын, жалпы олардың жұмыстарын жоғары бағалады. Алты аптаға созылған бағдарламаның үшінші кезеңінде 10 жоба қарастырылды.  Қатысушылар сараптама жасаушылармен бірге өздері дайындаған жобаларының осал тұстарын талқылап, жобаларды «жандандыру» жәйін жоспарлады. Осы кезеңде Қайрат Жұмабаев пен Руслан Емрановтардың жылдам тамақтану дүңгіршегін ашу жобасы жүзеге асырыла бастады. Кәсіпкерлер дүңгіршек қоятын орын тапты және тексеруші құрылымдармен құжаттарды үйлестіру жұмыстарын қолға алды.

Дамира Аманова «Мандаринки» балаларды дамыту орталығын құру бастамасымен бөлісті. Соның нәтижесінде жаттықтырушылармен құрал-жабдықты сатып алу, маркетингтік шараларды жоспарлау бойынша бірқатар шаруа жасалды. Жобаның келесі қатысушысы Эльдар Өтегенов тренингтік бағдарлама барысында балалардың жеке тұлға ретінде өсуіне арналған тренингтер ұйымдастыру идеясын бизнес-жобаға айналдырып, оны жүзеге асыра бастады.  Қазіргі уақытта түрлі тренингтерді өткізу сәнге айналды. Сондықтан белсенді жаттықтырушы, кеңес берушілер Жанар Қадырова мен Зульфия Бадеева жоба барысында «ZBusiness PRO» тренингтік ор-талығын ашуды бірге қолға алды. Тренингтер өткізу тақырыбын тағы бір қатысушы – Асқар Дендербай дамытты. Ол «Tenderbay» сатып алуларды қолдау және оқыту орталығын ашып, 34 тыңдаушыға тегін шеберлік-сағатын өткізіп үлгерді.

Жанар Дәулетова моделинг мектебін құру бастамасы бойынша жақсы жұмыстанды. Жобаға қатысудың арқасында ол қаржылық бизнес-жоспарын аяқтап, одан әрі қарай не істейтінін айқындап алды. «Торговая фирма «Снабженец» ЖШС-ның негізін қалаушы Ләззат Мұқашеваның айтуынша, жоба басталарда ол тек заңды тұлға ретінде тіркелген болатын. Жаттықтырушылармен жұмыс барысында оның серіктестігі құрылыс нысандарының базасын жасақтады, төрт ірі жабдықтаушымен келісімшарт жасауға қол жеткізді, оның бірі керамогранит өндіруші ресейлік ірі компания еді.  «Жаттықтырушы Татьяна мен Тимурдың басшылығымен мен өз бизнесімнің құрылымын құрып, қызметкерлердің қызметтік міндеттерін анықтап, нарықтағы өз орнымды табуға ұмтылдым. Кірістер мен шығыстар, рентабельділік, өзіндік құнды есептеу секілді мәселелер туралы қанықтым», – деп жазды жоба туралы пікірін қалдырған Ләззат Мұқашева.

Жобаның тағы бір қатысушысы Елдос Иманмәліков минералды биотыңайтқыштар және биотопырақ өндірісі жобасын іске қосты. Жобаға қатысу кезінде ол өз тауарының дизайны мен қаптама материалын жасады және өнімінің бөлек саудаға шығарылуын үйлестірді. Ағаш тақтайшаларынан үстел жасау жобасының авторы Айгүл Сибатова коучингтік сессиялардың нәтижесінде шикізатты жеткізушілерді анықтап, жұмысты бастауға дайындалды. Ару Нұғыманова «SaTa» дамыту орталығын ашуды жоспарлады.

«Табыс марафоны» бағдарламасының соңғы кезеңіне кәсіпкерлер, екінші деңгейдегі банктердің, «Даму» қоры, «Атамекен» ҰКП, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері және өзгелер қатысты. Қатысушылардың алдына спикерлер шығып, шешендік өнер, тайм-менеджмент жөнінде шеберлік сағаттарын өткізді. Жас кәсіпкерлер әлеуетті кәсіпкерлермен, қаржы институттары өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізуге мүмкіндік алды. Жобаның бұл кезеңінің ерекшелігі сонда, оны қатысушылардың өздері ұйымдастырды. Оларға осы мақсаттарға Қазақстандағы Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) және  «Шелл» компаниясының бюджетінен қаржы бөлінді. Әрбір қатысушы марафон шеңберіндегі өзінің жобасы жөнінде, өз кәсібі жайында әңгімелеп берді.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»