12.12.2018, 20:22
Қараулар: 116
Заманының озық азаматы

Заманының озық азаматы

Қазақ халқы «Даналық ойдан дән ізде» деп бекер айтпаған. Жалпы, даналықтың өзі де, көзі де – халық. Ал сол даналықты көкірек көзі ояу, түйсігі терең, жүрегі кең адам ғана көре алады, сезіне біледі. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп жазады. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да Мемлекет басшысы өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі екенін айтады.

Биыл құрылғанына 55 жыл толған еліміздің батыс аймағындағы ауыл шаруашылығы және техникалық білімнің қара шаңырағы – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жас ұрпаққа білім мен тәрбиені қатар сіңіруде ұлттық құндылықтар мен жаһандық жаңғыруды бір-бірінен бөле жармайды. Осы орайда бар саналы ғұмырын білім-ғылымға және шәкірт тәрбиесіне арнаған ардагер-ұстаздарымыз бен ғалымдарымыздың үлесі орасан зор. Мен әңгімеме арқау еткелі отырған философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Хасенұлы Рысқалиев – ұлы даланың даналығын дәріптеген, оған ғылыми негіз берген, сексеннің сеңгіріне жетсе де, шәкірт тәрбиелеуден қол үзбеген, өмірлік жиған-терген тәжірибесімен ізінен ерген әріптестерімен бөлісуден аянып қалмаған және сонысымен де сыйлы, абыройлы, беделді нағыз ғалым, нағыз ұстаз.

1938 жылдың 17 желтоқсанында сол кездегі Орал облысы, Орда ауданының Азғыр ауылында дүниеге келген Тілекжан Хасенұлы 1957 жылы орта мектепті бітірген соң ауылда еңбек ете жүріп, әскер қатарына алынады. 1962 жылы Киевтің Т. Шевченко атындағы Ленин орденді мемлекеттік университетінің философия факультетіне оқуға түседі. 1967 жылы университетті бітіргеннен кейін Ғылыми кеңестің шешімімен аспирантураға жолдама алады. Бірақ отбасылық жағдайына байланысты оқуды жалғастыра алмай, Оқу министрлігінің жолдамасымен Көкшетау педагогикалық институтында аға оқытушы болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Араға жыл салып, Қазақ КСР Ғылым академиясының философия және құқық институтының аспирантурасына оқуға түседі. 1975 жылы «Становление конкретного историзма Гегеля» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, 1976 жылы басқа авторлармен бірлесіп, «Роль принципа конкретности в современной науке» атты алғашқы монографиясын жазады.

Ал 1999 жылы ҚР ҰҒА-ның Философия және саясаттану институтында «Философия тарихындағы даналық мәселесі» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды. Сол жылы «Даналық пен түсініктің үлгілері (философия тарихына шолу)» монографиясы жарық көреді. 1983 жылдан 2001 жылға дейін А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында, 2001 жылы Алматы еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының Орал филиалында, 2002 жылы Ақтөбе мемлекеттік университетінде қызмет істейді. 2001 жылы әлеуметтік ғылымдар академиясының толық мүшесі (академик) болып сайланады. 2004 жылдан Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде кафедра меңгерушісі, 2006 жылдан профессор болып қызмет атқарады.

Философия – даналық туралы ілім. Қазақ даласында дана, данышпандар аз болмаған, бірақ кешегі тарихымызда даналарды өзге жұрттан іздеу дәстүрге айналып, өзіміздің кім екенімізді біліп, танымаған заман болды. Осы мәселені жанымен сезінген Тілекжан Хасенұлы «Даналық пен түсініктің үлгілері» деген тамаша кітап жазды. Демек, тоқсаныншы жылдардан бері әдебиетімізде түсінік мәселесін қойып, жан-жақты талдап келе жатқан, даналық пен түсінік арқылы әлем философиясынан қазақ философиясына тура жол тартқан, тұңғыш рет қазақ философиясының экзистенциалдық сипатын ашып берген елімізге танымал философ Тілекжан Хасенұлы болды деп айтуға толық хақымыз бар.

Әлемдік және отандық философия тарихының танымал зерттеушісі, бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге  арнаған, биік бітім-болмысымен дараланған Тілекжан Хасенұлы білім мен ғылым саласында университет деңгейінде ғана емес, республикада да шоқтығы биік философтардың қатарында. «Тіл және философиялық пайымдау», «Тарихи тұлға», «Қазақ философиясының төл тақырыптары», «Дін – жүрек пен ақылдың ісі», «Тарихтың философиялық түсінігі», «Мәңгілік ел идеясының философиялық астары» тақырыбындағы көптеген ғылыми жұмыстардың авторы. Не жазса да, мәселені ашуда тереңдік пен көпшілік оқырманға жетерліктей ұғымдылықты ұштастыра біледі. Оның «Рухты іске қосатын кез жетті», «Көпке ұнаған адам», «Әйіп ата өнегесі», «Сана болмысты билесе, құп», «Конституция – еліміздің басты құжаты» сынды мақалалары республикалық, облыстық газет-журналдарда жарияланған.

 Тілекжан Рысқалиев ұзақ жыл КСРО Философия қоғамының батысқазақстандық бөлімін басқарды. Ғылым-білім саласындағы қажырлы еңбегі  лайықты бағаланды.

Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін екі рет (1990 және 2006 жылдары) Ы. Алтынсарин медалімен марапатталды. Қазақ КСР Оқу министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарына ие болды (1988, 2013 ж. ж). 2012-2013 оқу жылдарының қорытындысы бойынша университеттің үздік оқытушысы төсбелгісімен марапатталды.

Ол — жаңа идеяның, тың ойдың адамы.

Ол – өмір бойы ізденетін, егер басына жақсы бір ой түсе қалса, оны одан әрі байытып әкететін адам. Бұл – ғылым жолындағы адам үшін өте қажет қасиеттердің бірі. Ағамыздың кісілігі мол, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлайды. Тағы бір үлгілі қасиеті – уақытты өте қадірлейтіндігі. Аянбай еңбек етуге дағдыланған адам. Тілекжан Рысқалиев – ғалым ретінде ғана емес, адам ретінде де кафедра оқытушыларының кәсіби тұрғыдан шыңдалып-жетілуіне үлкен үлес қосқан ұлағатты ұстаз. Оның қарапайымдылығы мен мәдениеттілігін және адамды негізінен ынтасына қарап бағалауын өзіне баурап алатын кішіпейілділігінен аңғаруға болады. Университеттегі жаңадан ашылған рухани жаңғыру кафедрасының профессоры ретінде де жастарды Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өміршең идеяларын жүзеге асыруға жұмылдыруда.

Тілекжан Хасенұлының өмірі мен қызметі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанымыздың индустриялық-инновациялық стратегиясының аясында ғылым жолын қуған жастар үшін үлгі-өнеге деп білеміз. Қазақ руханиятына оның сіңірген еңбегі өте ауқымды. Бір өзі бір дәуірге тән барша игі қасиетті бойына сіңірген, заманының озық азаматы бола білген ағамызды жас ұрпақ өнеге тұтады. Ағамыздың ғылым жолында еңбегімен танылып, ерекше көзге түсуінде оның қашан да, қай кезде де қасынан табылып, жан жары ғана емес, сүйеніші, жанашыры бола білген Полина жеңгейдің еңбегі зор. Қазіргі уақытта  екеуі екі ұл, екі қыз өсіріп, олардан өрбіген немере-жиендердің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Қазыбай  БОЗЫМОВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың құрметті ректоры, ардагерлер кеңесінің төрағасы,  ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.