12.12.2018, 20:21
Қараулар: 99
Жастар жылына жаңа жинақ

Жастар жылына жаңа жинақ

Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы мүшелері Ақұштап Бақтыгереева, Айтқали Нәріков, Ғайсағали Сейтақ, Бауыржан Ғұбайдуллин, Аманкелді Шахин, Мира Шүйіншәлиева, Мұнайдар Балмолда «Жайық  Пресс» медиахолдингінде бас қосты.

Алқалы жиынға қатысушылар Ақ Жайықтың мақтанышына айналған ақын Ақұштап Бақтыгерееваны Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануымен құттықтап, Жастар жылына арналған тың бастамалар туралы талқылады.

– Өздеріңіз білесіздер, Елбасымыз келер жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Өңірімізде жас ақын-жазушылар аз емес.

Соларды қанаттандыру мақсатында төл туындыларынан шығармалар топтамасын шығарсақ деген ұсынысым бар. Осы орайда сіздердің  ақыл-кеңестеріңіз қажет. Бірлескен жоба ретінде атқарып шықсақ деймін. Сонда жас таланттарымызға үлкен қолдау болар еді, – деді «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов.

Басқосу барысында ақын-жазушылар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

– Қазақ «Өнер – жастан, асыл – тастан» деп бекер айтпаған. Бұл бастамаларыңызды қолдаймыз. Батыста Қадыр Мырза Әли, Жұбан Молдағалиев салған сара жол бар. Студенттердің арасында  да таланттар көп. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері әрқайсысына алғысөз жазып,  бағасын берсін. Бұрын  «Жас қанат» деген кітап шығатын еді. Оған алғаш Сағи Жиенбаевтың, Қадыр Мырза Әлидің, Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдері жарияланған кезде жастана жатып жаттайтын едік. Жастарды қолдап, мөлдіреген жинақ шығарайық. Сонда олар да риза болып, айтып жүретін болады, – деді Ақұштап Бақтыгереева.

Сондай-ақ жиында Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы мүшелері қатарын қалам тербеп жүрген ізбасар ақын-жазушылармен толықтыру мәселесі де сөз болды.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.