10.12.2018, 22:04
Қараулар: 160
UFC Турнирінде көк туды желбіреткен

UFC Турнирінде көк туды желбіреткен

UFC-тің  ережесіз  жекпе-жек турнирінде  жеңіске  жеткен алғашқы  этникалық  қазақ, М-1  чемпиондық  белбеуінің иегері  Дамир  Исмағұлов Орал  қаласына  келіп, Оқушылар  сарайындағы Д. Елеусінов  атындағы орталықта  жас  спортшылармен,  теннис  орталығында БАҚ  өкілдерімен  кездесті.

Ресейдің Орынбор қаласында тұратын Дамир Исмағұлов UFC ұйымына қабылданғалы алғаш рет Австралияда желтоқсанның 2-сі күні Алекс Горжеспен жекпе-жекке шығып, айқын басымдықпен ұтты. Ол бұл айқастың хабарын жарты жылдай күткен. Дамир ММА аралас жекпе-жегінде бұған дейін 18 кездесу өткізіп, соның 16-сында жеңіске жеткен. Тоғыз кездесуінде қарсыластарын есеңгіретіп, ұрысты ерте аяқтаған. UFC тұжырымы бойынша айқасу спортшылар үшін әлем бойынша ережесіз жекпе-жектегі ең жоғарғы сайыс алаңына шығу деген сөз. Аталған ұйымның турнирінде жеңіске жету жауынгерді даңққа бөлеп, табысының еселеп артуына  мүмкіндік береді.

Дамирдың туған жері – Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы Первомай ауданына қарасты Ударный ауылы Батыс Қазақстан облысымен шекаралас, Орал қаласына 70 шақырымға  жуық  жерде  орналасқан.

Спортшы Австралиядағы сайыс алаңына қазақ әнін әуелетіп, Қазақстан мен Ресейдің туын алып шыққаны көпке мәлім.

–  Мен Ресейдің Екатеринбург, Орынбор қаласында, Тайландта, Қазақстанның бірнеше қаласында жаттықтым. Қазіргі уақытта басқа өңірлерден шақырту келіп жатса да, Оралдағы достарыммен қуанышымды бөлісе келдім. UFC тұжырымындағы алғашқы жеңісім әлем көз тіккен айтулы оқиға болды. Мен Қазақстанды тарихи Отаным деп санаймын. Маған атажұртымдағы ғана емес, әлемдегі қандастарым жанкүйер болғанын білемін. Сондықтан қазағыма ерекше құрмет ретінде октагонға екі туды қолыма ұстап шықтым. Бұл – менің шешімім болды. Шетелдік жанкүйерлер қазақ туындағы нышандардың маңызын сұрап, «Қазақганс» деген сияқты лақап ат қойып жатты. Әлі күнге дүниежүзінің түкпір-түкпірінен хабарласып, ыстық лебіздерін жолдап жатқандар көп. Ресейде туып-өссем де, өзімнің қазақ ұлтынан екенімді жасырған емеспін, – деді әсерімен бөліскен Дамир Исмағұлов.

27 жастағы жауынгер келесі жекпе-жекке дайындықты Тайландта бастайтынын айтты. Әзірше қарсылас белгілі емес. UFC ұйымымен болған келісімшартқа сәйкес ол жылына төрт мәрте жекпе-жек өткізуі тиіс.

 –  UFC-тің тұңғыш жекпе-жегіне шығу үшін дайындық деңгейі соңғы аптада өте ауыр деңгейде өтті. Бұл лигада айқасу кәсіби тұрғыда шыңдалуды қажет етеді. Өзіме артылған жауапкершілікті сезінген сайын, ширыға түстім. Әр айқастың алдында бойымды үрей билейтінін мойындаймын. Әсіресе, жекпе-жектің басталуына бес минут қалған кезде, уақыт тезі рухыңды сынға салады. Бірақ қай салада болсын, төзімділікті танытқан жанға жарқ етіп, жеңіске жететін сәт туады. Сондықтан сабыр сақтаудың маңызы зор. Спорттағы жетістік мықты ерік-жігердің арқасында келеді, – деді Дамир  Исмағұлов.

Дамир болашақта Қазақстанға келіп, спорт мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеу ойында бар екенін айтты. Бұл бағытта жоспар бойынша алғашқы қадамдар жасалуда. «Қазақстанға келгенде салмақ қосып қайтамын. Халық өте қонақжай. Асқа шақырады, бас тартсаң түсінбей жатады. Ал мен өзімді бір қалыпта ұстауым қажет. Сол үшін Қазақстанда жаттығу өте ауыр», – деді әзіл-шыны аралас

Дамир Исмағұлов.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.