10.12.2018, 22:00
Қараулар: 84
«Сәбидiң бәрi бақытты болу үшiн жаралған…»

«Сәбидiң бәрi бақытты болу үшiн жаралған…»

Таңмен тауық шақырған сәттен бастап қала шетіндегі еңселі, екі қабат-ты «Ана үйінің» тірлігі қыза түседі. Қазіргі күнде бұл үйді тағдыр тәлкегіне кез болған жеті жас келіншек сәбиімен паналауда. Олар таңмен ерте тұрады. Әр сәбидің жаратылысы әр түрлі. Бірі аналарымен ерте оянып алса, енді бірі тәтті ұйқы құшағында күн  көтерілгенше жата тұрғанды жөн көреді. Бұл уақытта аналар кезекшілік  бойынша бірі таңғы ас дайындап, енді бірі үй жинап, ауланы сыпырып, бір үйдің келіндеріндей өз қызметін мінсіз атқаруға кіріседі. Біз барған сәтте аулада қаз қатар тізілген сәбилердің арбасын көрдік. Ішке кірген сәттен-ақ берекебірлігі артқан көп балалы отбасының табалдырығын аттағандай сезімде болдық. Іңгәлаған сәби үні, ас үй жақтан шыққан бауырсақтың керемет иісі, бір-бірімен жаймен әңгімелесіп, тамақ дайындап жүрген жас келіншектер бір қарағанда бәрі бір үйдің адамдарындай әсер қалдырады. Тағдыр тоғыстырған жас аналардың басым бөлігі  ауылдың ұяң қыздары  екен.

Біз барғанда Астанадан арнайы келіп жатқан «Ана үйі» қоғамдық қорының жетекшісі Сәния Сұлтанхамитқызымен жолығып қалдық.

–  «Ана үйі» қоғамдық қоры кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың бастамасымен Астанада қанатқақты жоба ретінде ашылды. Тірі жетімдер санын азайту, өмірдің қысылтаяң кезеңіне тап болған жас және жалғызбасты аналарға қолдау көрсету мақсатында бастау алған жоба бүгіндері өз нәтижесін беруде. Өйткені бұл жобаның нәтижесінде бес жылдан бері еліміздің әр түкпіріндегі  үш жарым мыңнан астам бала «Жетімдер үйіне» өтпей,  анасының бауырында қалды. Қазіргі күнде еліміздің 19 қаласында 25 «Ана үйі» бар, – дейді Сәния Аренова.

Жігіттерге сенбеу   керек   екен…

Біз барған күні туған күнін атап өтіп жатқан Айнаш өзі туралы әңгі-мелеп берді.

– Бүгін 24 жасқа толдым. Менің жағдайымды анам біледі, әкем білмейді. Жігітім  ауылдың баласы, өзіммен қатар еді. «Баламыз болады» дегенімде, сөйлеспей, теріс айналып кетті. Ауылға баруға ыңғайсыз. Ата-анамды ұятқа қалдырғым келмеді. Басында туыстарымның, апаларымның үйінде тұрдым. Бірақ олар маған біртүрлі көзқараспен қарады. Содан «Ана үйі» туралы теледидардан естіп, өзім тауып алдым. Қыркүйек айында жеңілдендім. Қазір қызым бар. Бұл жер өзіміздің үйіміз сияқты. Осы жердегі қыздармен тағдырымыз бір. Өз-өзімізді жинақтап, беліміз-ді буып, алға жүруімізге «Ана үйі-нің» көмегі зор. Мен көп нәрсені түсіндім. Ең алдымен, ешкімге сенбей, тек өзіме сену керектігін ұқтым. Бұл жерде бізге бар жағдай жасалған. Тігін тігуді, жеміс-жидектен тосап жабуды да  осы жерден  үйрендім. Басында қатты күйзелісте болып, «Кімге керекпін?» деген ойлар мазалады. Бірақ уақыт өте келе, өз-өзіме келе бастадым. Жігіттерге сенбеу керек екендігін, тек өзіңе ғана сену қажеттігін маған өмірдің өзі ұқтырды. Соңғы кездері тек өз жүрегімді ғана тыңдайтын болдым. Мамандығым – мұғалім. Алдағы мақсатым – аяққа тұрып, жұмысқа орналасып, қызымды өсіру. Енді мен тек қызым екеумізді ғана ойлаймын, – дейді Айнаш.

– «Ана үйі» өңіріміздегі перзентханалармен тығыз байланыста.

Перзентханалардың бірінен «сәбиінен бас тартты» деген хабар келсе, олар бірден барып, өз көмегін ұсынады. Негізгі мақсаты – ана мен баланы бір-бірінен ажыратпай, жас ана  күйзелістен арылып, өз-өзіне келгенше қолдау көрсету. Көбіне қатты күйзелістен барар жері, басар тауы қалмаған жас аналар сәбилерін жетімдер үйіне өткізіп жібереді. Бірақ олардың басым бөлігі өз-өзіне келген соң, сәбилерін кері қайтармақ болып іздейді. Алайда, кей жағдайда баланы өзге адамдар асырап алып, кеш қалуы мүм-кін, – дейді мамандар.

140   ана   сәбиінен   ажыраған   жоқ

Ана үйінің» үйлестірушісі Зәмзәгүл апай олардың әрі анасы, әрі енесі секілді. Жас аналардың бөпелерін бірін көтеріп, бірін жетелеп, қыздармен еркін, қамқор үнмен сөйлеседі. Олар аяғы ауыр болып паналаған жас ананы перзентханадан сән-салтанатымен шығарып алады. Әр сәбиді бесікке салып, мешіттен молда алдырып, азан шақырып, ат қояды.

– «Ана үйі» ашылған төрт жарым жылдың ішіндегі өңіріміздегі 140 ана мен баланың бірге болуына атсалысты. Олардың 80 пайызының өз отбасымен табысуына  жағдай жасадық. Біз үйге келген қыздармен сөйлесіп, сәбиіне әкелерінің тегін алып беруге, ата-анасымен табысуына көмектесеміз. Тексіз бала болмайды. Сондықтан сәбилердің тегін табу үшін жұмыстанамыз. Тегін тапқан соң да, алиментті бірі төлесе, бірі төлемейді. Жақында осы үйдегі қыздарымыздың бірінің анасын сәбидің қырқынан шығару рәсіміне қатыстырдық. Біздің үйден шығып кеткен соң да, оларды әр кез назарымызда ұстап, хабарласып тұрамыз. Кейбірі сол сәбилерінің әкесіне, енді бірі көңілдері жарасқан өзге жігіттерге тұрмысқа шығып жатады. Жұмыс барысында түрлі тағдыр иелерімен жиі кездесеміз. Бірде анасымен ренжісіп, алты жыл бойы араласпаған жас ана болды осы үйде. Жайлап сөйлесіп отырып, анасының телефонын біліп алып, хабарластым. Ол кісіге: «Қызыңыз қайда екенін білесіз бе?» десем, «Білмеймін, таба алмай жүрмін», – дейді. Сол күні іздеп келді қызын. Екеуінің құшақтасып, жылағанын көрсеңіз… Қазір олармен жиі хабарласып тұрамыз. Ата-анасымен керемет тұрып жатыр. Әкесі әлгі сәбиді ерекше жақсы көреді. Осындай сәттер көп болады бізде. Көбіне ойы, сойы піспеген жас аналар қысқа оймен, күйзелістен шыға алмай, қателікке бой алдырады. Негізінен, осы сәтте үлкендер тарапынан қолдау көрсе, олар сәбилерін далаға тастамайтындығына көзім жетті, – дейді «Ана үйі-нің» үйлестірушісі Зәмзәгүл Шканова.

Біз екі қабатты еңселі үйді араладық. Дәліздегі қабырғада шаттана күлген сәбилердің суреттері ілініпті. Кең, жарық, жып-жылы бөлмелер. Әр бөлмеде екі қыздан жатады екен. Екінші қабаттағы жатын бөлмеде жас ана сәбиін аяғына шайқап, ұйықтатып отыр. Кәдімгі үйдегідей. Төменгі қабатта тігін цехы орналасқан. Бұл жерде тігіншілер келіп, жас аналарға іс тігуді үйретеді. Олар жаз бойы жүн жуып, оны түтіп, бірнеше көрпе жасапты.  Жазда бақша салып, одан алған өнімнен тосап жауып, қияр-қызанақ тұздап, түрлі салаттар жасапты. Биыл бақша өнімі жылдағыдан аздау болды, – дейді өздері. Сырттай қарағанда,  тып-тыныш көрінген екі қабатты еңселі үйдің тірлігі қайнап жатыр. Олардың әр күні жоспарға толы. Күн сайын арнайы мамандар келіп қыздарға «Массаж жасау, дәмді самсаны тез дайындау, қолдан сырға-алқа жасау» сынды күнделікті тұрмысқа қажетті шеберлік сағаттарын өткізеді.

– Негізгі мақсатымыз – өз қиындығымен өздері қалған жас аналарға тек қолдау көрсетіп қана қоймай, оларды өмірге бейімдеу, тәрбиелеу. 18-30 жас аралығындағы аналар бұл жерде алты айдан бір жылға дейін бола алады.

Олардың тамағы, сәбиінің жөргектері, дәрі-дәрмегі бәрі тегін. Дегенмен  біз жас аналарға бар нәрсені оқсатып ұстауды, үнемдеуді де үйретеміз. Дені жас босанған аналар болғандықтан, олардың салауатты, дұрыс тамақтануына мән береміз. Күнделікті ас мәзірінен ет, көкөніс, сүт тағамдарын үзбейміз. Қазір жұмыс жасап жүрген аналар да бар. Олардың балаларын балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Бұл тұрғыда жеке кәсіпкерлер бізге  әр кез қолұшын беріп тұрады. Мәселен,  «Айлин», «Умники», «София» атты жеке балабақшалар бізге жақсы қолдау көрсетуде, – дейді «Ана үйінің» үйлестірушісі.

Түйін

Қуанғанымыз – қазіргі күнде сәбиінен бас тартатын аналар саны  азайған. Мұндай жағдай бір-екі  айда бір рет кездеседі екен. Бұл тұрғыда өз қайғысымен өзі қалған аналарға қолдау көрсетіп жүрген «Ана үйінің» де өз орны бар. Тағы бір ескеретін нәрсе – сәбиінен бас тартқан аналарды перзентханадағылар ертеңіне шығарып жібермей, біраз күн ұстаса, жас ананың өз-өзіне келіп, ойлануына мүмкіндік болар еді, – дейді осы салада жүрген мамандар.

«Ана үйі» қоғамдық қорының бала асырап алуға кеңес беретін екінші жобасы бар. Қалай болғанда да жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халқымыздың сара жолын жалғап, жас аналарға жағдай жасап жүрген ел ағаларына қандай мақтау айтсақ та жарасады. «Ана үйіндегілермен» жылы қоштасып, сыртқа шығып кетсем де,  іңгәлап, еркелеп, жылап жатқан сәбидің үні құлағымда қалып қойыпты. Жол бойы дәліздегі мәз болған сәбилердің бақытты бейнесі санамда қайта жаңғырды. Тіл ұшына  «Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған…» деп келетін әннің әсерлі жолдары орала берді…

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.