«Отаным, Орда, Оралым»

Орал шаһарындағы Қадыр Мырза Әли атындағы келбеті келіскен мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ғайсағали Сейтақтың «Отаным, Орда, Оралым» атты шығармашылық кеші өтті.

Шараның шымылдығын облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев ашып, ақынға ақжарма тілегін жеткізді. Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған «Әнші жарының аманаты», «Анаға хат» «Жайықта Шарабасов біреу ғана» «Желтоқсан қырандары», «Жайнай бер, Тасқала», «Астана» әндері Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қанатқали Қожақовтың, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дастан Есентеміровтің, ҚР Мәдениет саласының үздігі Майра Хайдарованың орындауында шырқалды. Әдеби кештің мазмұны ақынның өз өлеңдерін оқуымен айшықталды.

— Жырсүйер қауым, Нарынның нар мінезді ақын ұлының кеші құтты болсын! Ғайсекеңнің әр шыққан кітабынан рухани өскенін байқаймыз.  «Қасиет қонған қара жер» кітабынан азаматтық тұлғасының өркендегенін көреміз. Бұрын Ғайсекеңнің туған жері тек Нарын болатын. Қазір ол күллі Қазақстанды туған жері санайды. «Туған жерді бір ғана, Қошалақ құм деп пе едің» деп барша қазақтың даласын туған жерім деп жырлайтын  Ғайсекең ғана. Ол өлеңдері арқылы ел мен ұлттың мәселесін айтады, – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр.

Жыр кешінде М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев ақын шығармашылығына талдау жасап ой өрбітсе, ақын-ұстаз Дариға Мұштанова үзеңгілес досына үкілеп алып келген жырларын оқыды. Сондай-ақ Жаңақала ауданынан арнайы келген ақын Закария Сисенғали Ғайсағали замандасы туралы қызықты әңгімелерімен бөлісіп, Жаңақала ауданы әкімінің алғысхатын табыстады.

Ал студенттер Ә. Аманжолов, А. Бақиев, Е. Қалижан мен  М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың түлегі О. Меңдіқұлов ақын ағасына арнаған өлеңдерін оқып, кеш иесінің мерейін асырды.

Шара соңында Ғайсағали Самиғоллаұлы ұйымдастырушыларға алғысын айтып, «Қасиет қонған қара жер» жыр жинағын табыстады.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»