10.12.2018, 21:56
Қараулар: 158
Ассамблея үздіктерді анықтады

Ассамблея үздіктерді анықтады

Өткен аптаның соңында Орал қаласындағы Достық үйінде БҚО  Қазақстан халқы ассамблеясы ел тәуелсіздігінің 27 жылдық мерейтойына орай  журналистер арасындағы «Шаңырақ» шығармашылық байқауының, жас ғалымдар арасындағы үздік ғылыми жобалар байқауының және өңірдегі медиация саласы үздіктерінің есімдерін анықтады.

– 2015 жылдан бері ҚХА қолдауымен Елбасының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік ғылыми жобалардың республикалық байқауы ұйымдастырылып келеді. Жалпы, ассамблея өз  жұмысына ғылыми сипат беруге баса көңіл бөліп отыр. Осы орайда жоғары оқу орындарында ҚХА кафедралары ашылып, жас ғалымдардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Әр университетте ғылыми жобалар байқауының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысып жүрген ғылыми сарапшылар кеңесі бар. Ортақ іске жұмыла үлес қосып, қолдау білдіріп жүрген ғалымдарымызды осы шараға арнайы шақырып, марапаттауды ұйғардық, – деді БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов.

«Үздік ғылыми жобалар» облыстық байқауында «Жастар және дін» тақырыбындағы ғылыми жоба авторы Жәңгір хан атындағы БҚАТУдың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі Жанат Ғалиева үшінші орынға, «Президент институты – Қазақстанның қазіргі тарихының жарқын беті» ғылыми жобасымен БҚИТУ-дың аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Серік Сейдахметов екінші орынға, «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанды технологиялық жаңғырту» жобасының авторы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың оқытушысы Аягөз Нұғманова мен «Депортация дәуіріндегі қазақ халқының ізгіліктік-гуманистік келбеті Батыс Қазақстан облысының мысалында» тақырыбындағы ғылыми жобасымен БҚИТУ-дың оқытушысы Қарлығаш Қайралы бірінші орынға ие болды.

Өңірдегі медиация жүйесінің дамуына белсенді үлес қосқан медиаторлар да құрметке бөленді. Жаңақала ауданының қоғамдық медиаторы Өмірзақ Ақбасов, Теректі ауданынан Шәріпқали Мақсотов, Шыңғырлау ауданының қоғамдық медиаторы Сағынғали Имашевтар «Белсенді медиатор» аталымы бойынша марапатталды.

«Ең үздік медиация кабинеті» аталымында Қазталов ауданы Қошанкөл  ауылының қоғамдық медиаторы Марат Биғалиев екінші орынға, Теректі ауданынан Әсиля Сабырғалиева бірінші орынға қол жеткізді. Бөрлі ауданынан Майра Селбаева мен Ақжайық ауданынан келген Құрман Бисеғалиев «Үздік қоғамдық медиатор» атанды. Құрман Жанұзақұлы байқаудың жуырда Астана қаласында өткен республикалық кезеңінде еліміздің ең үздік медиаторы аталымын жеңіп алған болатын.  Оларды облыстық соттың төрағасы Бек Әметов марапаттап, игі тілегін білдірді.

Журналистика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау үшін сахна төріне көтерілген «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин этножурналистиканың мән-маңызына тоқталды.

– Елбасымыздың тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында, азаттықтың ақ таңы атқан аласапыран уақытта «Біз тәуелсіз Қазақстанды, еңсесін енді-енді тіктейтін көпұлтты, халқы түрлі дінді ұстанатын Қазақстанды іргелі мемлекетке, өркениетті елге айналдыру үшін баршамыз ұлтаралық жарасымның салтанат құруын және кең байтақ Қазақстанда дінаралық татулық- түсіністіктің салтанат құруына үлкен-кішіміз бірдей мүдделілік танытуға тиістіміз» деп барша отандастарымызға арнап айтқан қағидасы бар еді. Ұлы мәртебелі тәуелсіздікке қазақ елі ие болғалы бері біз Елбасы ұсынған жасампаз формуладан айныған емеспіз. Осы қағиданы Қазақстан халқының қоғамдық санасына сіңіруде әріптестерім, журналистер қауымы ерекше үлес қосып, айтулы жетістіктерге жетіп жүр, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.

Ал «Информ биржа ньюс» газетінің редакторы Сергей Кульпиннің пайымдауынша, елдегі ұлтаралық татулық пен келісімді, бірлікті нығайтуда БАҚ-тың рөлі орасан зор. Халықтың үні, дәуірдің келбеті болып табылатын журналистер үшін ел ішіндегі бірлік пен достықтан маңызды тақырып болмауы тиіс. Өйткені тәуелсіз Қазақстандағы кез келген жетістік пен табыстың астарында ұлттар бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығы жатыр.

«Шаңырақ» байқауында түрлі аталымдар бойынша марапатталғандардың қатарында «Орал өңірі» газетінің тілшісі Айымгүл Төлеуғалиева, бөлім редакторы Динара Әлпейісова, бас редактордың орынбасары Сәкен Әбілхалықов және «Жайық Пресс» ақпарат орталығының тілшісі Динара Кендірбаева бар.

Байқаудың барлық жеңімпазына облыс әкімі, БҚО ҚХА төрағасы Алтай Көлгіновтің алғысхаттары мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.