10.12.2018, 21:53
Қараулар: 101
Несие пайызы үстемеленбейді

Несие пайызы үстемеленбейді

2019 жылы БҚО-да «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша 1 мың пәтер беру жоспарланды. Бұл жайында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиев хабарлады. Алтынбек Қайсағалиевтің мәліметінше, Орал қаласындағы Жеңіс шағынауданында  5 қабатты 216 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды.

– «Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы» бойынша қабылданған «7-20-25» бағдарламасында баспана алудың тиімді жолдары көрсетілген. Биыл ипотекалық бағдарлама ауқымында екінші деңгейлі банктер арқылы 900 миллион теңге несиеге пәтер алуға 108 өтініш мақұлданды. «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға жеке инвесторлар да қатысуда. Жеңіс шағынауданында «Орал Полимер» құрылыс компаниясы 5 қабатты үйдің құрылысын аяқтады. Жылдың соңына дейін тұрғындар осы үйден қалаған пәтерін таңдап құжат рәсімдей алады. Пәтердің бір шаршы метрінің құны – 170 мың теңге. Орташа есеппен алғанда, екі бөлмелі пәтердің құны 10 миллион теңгеге жуықтайды. Бағдарлама талабына сәйкес пәтердің құны 15 млн. теңгеден аспауы керек. Жарна мөлшері – 20 пайыз. 25 жылға 7 пайыздық несие беріледі. Несие пайызының үстемеленетіні жөнінде айтылып жүрген жаңсақ пікірлерге жол бермеу қажет. Бағдарлама талабы өзгермейді. Орал қаласында жыл соңына дейін «7-20-25» бойынша 253 пәтер беріледі, – деді Алтынбек Қайсағалиев.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының сөзінше, жыл ішінде «7-20-25» бағдарламасымен баспана алуға 150 өтініш жолданды. Төлем қабілеті төмен немесе несие тарихы нашар тұрғындардың өтініші мақұлданбады. Елімізде бағдарлама аясында жеңілдік сертификаты берілетіні ха-барланған еді. Басқарма басшысы өңірімізде жеңілдік сертификатын беру мәселесі шешілмегенін, әлі талқылануда екенін айтты.

«Орал Полимер» ЖШС-ның заңгері Самат Жортабаевтың айтуынша, қазіргі уақытта тұрғындар пәтер таңдау үстінде. Өтініш иелері басқа мемлекеттік бағдарлама талаптарына сәйкес баспана рәсімдеу құқын пайдалана алады. Бірақ «7-20-25» бойынша құжат тапсыруға басымдық беріледі. Жобаға сәйкес пәтерлердің ішкі құрылысы толық аяқталмайды. Әр пәтердің кіреберіс есігі салынып, сыртқы терезесі әйнектеліп, қабырғаға сылақ жүргізілді. Пәтер иесі үй құжатын толық рәсімдегеннен кейін, жеке қаражатына бөлмелердің ішкі құрылысын өзгертіп, өзінің қалауынша әрлендіре алады. «Орал Полимер» ЖШС ипотекалық бағдарлама ауқымында бірнеше үй салуда.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.