Асқақтай бер, Ақ Жайық!

Ұлы мәртебелі Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Астанадан ақжолтай хабар жетті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ақын Ақұштап Бақтыгерееваға «Ана сыры» атты өлеңдер мен балладалар жинағы үшін Отанымыздың Абай атындағы әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлығы бе-рілді. Жылдар бойы ел-жұртын ізгілікке үндеп, жақсылыққа жетелеп келе жатқан ақынның шығармашылығы мемлекеттік дәреже-деңгейде жоғары бағалануы – кең байтақ даламыздың ерке өзені Ақ Жайықты жағалай қонған жайсаң ел үшін ортақ мерей, ортақ  мәртебе!

Алғашқы өлең-жырлары «Орал өңірінде» жарияланып әрі еңбек жолын біздің редакцияда бастаған Ақұштап ақынды Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атануымен редакция ұжымына қоса, газетіміздің мың сан оқырман-дарының атынан шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да ақ жауындай ақ желең жырларыңызбен өмірді нұрландыра беріңіз, апа! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық пен баянды бақыт, ал өзіңіздің өлең-жырларыңыздың өзегіне айналған халқыңызға қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған  мәңгілік  мамыражай  заман  тілейміз!

Шын дарын, хас таланттарымен, елдің ортақ мүддесіне әрдайым оң иығын тосар таудай тұлғаларымен һәм тәуелсіз Отанымызды өркендету үшін жасампаз еңбекке жұмылған үлкен-кіші, басшы-қосшысымен туған өлкеміз – Ақ  Жайықтың  абыройы  асқақтай  берсін!

«Орал   өңірі»   газетінің   редакция   ұжымы