7.12.2018, 21:12
Қараулар: 78
Облыс бюджеті нақтыланды

Облыс бюджеті нақтыланды

Кеше  облыстық  мәслихаттың  кезектен  тыс  XXI сессиясы өтті.  Сессия  барысында биылғы  жыл  бюджетінің  нақтылануы, мемлекеттік-жекешелік  әріптестік  жобалары  бойынша  мемлекеттік  міндеттемелерді  қабылдау  туралы, өңірдегі кейбір  елді  мекендерді  және  Орал  қаласының кейбір  құрамдас  бөліктерін  қайта атау,  Қазталов ауданындағы кейбір  елді  мекендердің  әкімшілік-аумақтық  құрылысына  өзгерістер  енгізу, сондай-ақ Батыс  Қазақстан  облысының  Құрмет  грамотасымен  наградтау  туралы  және  өзге  де  мәселелер  қаралды.  Сессия  жұмысына  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  арнайы  қатысты.

Жиын барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев мәлімдегеніндей, облыстық бюджеттің нақтылануы республикалық бюджеттің нақтылануына, облыстық бюджет түсімдері жоспарының түзетілуімен және жергілікті атқарушы құрылымдардың ұсыныстары есебінен жалпы сомасы 1,8 млрд. теңгеге өзгеруіне байланысты жүргізілген. Бюджетті нақтылау ҚР Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының басымдылықтары негізінде жүзеге асырылған. Облыстық бюджеттің негізгі бағыты басталған құрылыс жұмыстарын аяқтау және жалғастыру, сонымен қатар республикалық бюджеттен қарастырылған нысаналы трансферттерді қоса қаржыландыру бойынша міндеттемелерді орындау болып отыр. Атап айтқанда, мәдениет, спорт, архив және ақпараттық кеңістік салаларына 68 млн. теңге шамасында қаражат қарастырылған. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі ведомствалық бағынысты мекемелерді күтіп ұстауға және салтанатты шаралар мен концерттерді өткізуге бағытталды. Сонымен қатар Сырым ауданы Қособа ауылында 200 орындық клуб құрылысын аяқтауға 41,2 млн. теңге сомасында қаражат қарастырылған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 263 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылды. Қаражаттар энергия өндіруші ұйымдардың отын сатып алуға, шығындарын субсидиялауға және сумен жабдықтаудың аса маңызды топтық және жергілікті жүйелерiнен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға бағытталды. Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылындағы алаңды абаттандыруды аяқтауға 50,8 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне 360 млн. теңге қаралған. Соның ішінде, Сырым ауданының Бұлдырты ауылында, Жәнібек ауданының Ақоба ауылында, Ақжайық ауданының Сайқұдық және Шабдаржап ауылдарында, Шыңғырлау ауданының Аманкелді және Ащысай ауылдарында, Жаңақала ауданының Жаңажол ауылында, Бөкей ордасы ауданының Қарасу және Жәрмеңке ауылдарында су құбыры құрылыстарын қоса қаржыландыруға 233,5 млн. теңге және Жәнібек ауданының Талов ауылында, Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында, Тасқала ауданы Қазақстан ауылдық округінің Атамекен, Қалмақшабын, Алмалы ауылдарында, Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында сумен жабдықтау жүйесін қайта құруды қоса қаржыландыруға 114,5 млн. теңге бағытталған. Жол жөндеу жұмыстарына 500 млн. теңге шамасында қаржы қарастырылды. Оның ішінде, Зеленов ауданындағы Үлкен Шаған – Переметный – Вечный аутожолын күрделі жөндеуді қоса қаржыландыруға 354,4 млн. теңге, Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылының Қылышев көшесінің аутокөлік жолын орташа жөндеуді жалғастыруға 10 млн. теңге, Орал қаласы, Деркөл кентінің Белинский, Космонавтар, Гоголь, Хорошкин көшелерін күрделі жөндеуді жалғастыруға 55 млн. теңге, Зеленов ауданы Чиров, Қаражар, Чеботарев-Чесноков ауылдарына кіретін аутокөлік жолдарын күтіп ұстау үшін ағымдағы жөндеуді бастауға 80 млн. теңге қаралып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, су, орман, балық шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғауға 112,3 млн. теңге шамасында қаражат қарастырылды.

Аталған өзгерістерді ескере отырып, облыстық бюджет, кірістер мен шығыстар бойынша 133,7 млрд. теңгені құрайды.

– Бюджет өңірдегі ең қажетті салаларға жұмсалып отыр. Елбасының Жолдауында айтылған  ауыз су, жол және өзге де әлеуметтік мәселелерге қосымша қаражат бөліп отырмыз. Нәтижесінде жылды жақсы қорытындылайтын жоспарымыз бар. Президентіміз алға қойған міндеттер бойынша халықтың әл-ауқатын көтеру, өмір сапасын арттыру бағытында айтарлықтай мол жұмыстар атқарылды,  – деді  облыс әкімі Алтай Көлгінов сессия барысында.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.