7.12.2018, 21:11
Қараулар: 62
Ұялылықтар таудай бейнеттен құтылды

Ұялылықтар таудай бейнеттен құтылды

Ит жылында іске асқан игілікті істердің бірі – Бөкей ордасы ауданының 100% табиғи газбен қамтылуы. Ауданның 12 ауылына, нақтырақ айтсақ, 6550 тұрғыны бар 1151 үй мен 35 әлеуметтік нысанға газ құбырын тарту үшін облыстық бюджеттен 213 млн. 511 мың теңге қарастырылды. Тәуелсіздік күні қарсаңында ұялылық ағайын таудай бейнеттен құтылды. Қыстың қабағын аңдып, қорадағы қидың мөлшерін есепке алып,  уайым қылмайтын болды.

Ұялы ауылында салтанатты жиын өтіп,  көгілдір отын қосылды. Шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы келіп қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

– Кешегі өткен тұңғыш Президент күні, алдағы ұлттың ұлық мейрамы Тәуелсіздік күні құтты болсын! Кешелі бері ат үстінде жүрміз деуге болады. Тек жүрген жоқпыз, аудан, ауыл халқының қуанышына куә болып, жақсылығына жаршы боп жүрміз. Жалпақтал ауданында қос қабатты он екі пәтерлі тұрғын үй берілсе, Қазталовта саз мектебі ашылды, Жәнібек ауданында болып, бір ай бұрын қоныстойын тойлаған қырық үйдің қожайындарымен, аудан халқымен кездесіп, жол мәселесін пысықтадық. Елбасы халықтың әл-ауқатын көтеруді, тұрмыс сапасын арттыруды басты бағдар етіп отыр. Жыл сайынғы Жолдау, қолға алынып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың қай-қайсысының да басты темірқазығы – халықтың әл-ауқаты, өмір сүру сапасы. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыз, ауданымыз таза ауыз су, көгілдір отынмен 100%-ға қамтылып отыр. 2000 шақырым су құбыры тартылып, облыс бойынша 110 елді мекенге таза ауыз су жеткізілді. Бөкей ордасы ауданы бойынша төрт елді мекен қамтамасыз етілді. Жыл сайын облыс аумағындағы 500 шақырым жолды жөндеу көзделген. Облыс бойынша 44 елді мекенге газ тарту жоспарланған, бүгінгі таңда 25 елді мекенде көгілдір отын пайдалануға берілді. Қазталов – Жәнібек – Бөкей ордасы аралығындағы 336 шақырым жолды жөндеу қолға алынды. 2019 жылдың қаңтарынан бастап дәрігер, ұстаздар мен полиция қызметкерлерінің жалақысы өседі. Мұның бәрі де – Тәуелсіздігіміздің жемісі, Елбасының стратегиялық саясатының жетістігі, – деді  облыс  басшысы.

Еңбек ардагері, ауыл ақсақалы Бақтығали Уаепов ауылға тартылған көгілдір отын үшін Елбасыға, облыс және аудан басшыларына, осы істің басы-қасында жүрген барлық іскер азаматқа ауыл жұртшылығы атынан алғыс айтты.

Ауданымыздың 12 елді мекеніне газ құбырын тартып, өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосқан «Алия-Сервис» ЖШС директоры Әнуар Мардановқа, Ұялы ауылындағы ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстарын жүргізген «БатысКотлоМонтаж» ЖШС директоры Дамир Балмолдинге алғысхат пен бағалы сыйлықтар табысталды.

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ ауыл азаматы Талғат Оразғұловтың үйіне бас сұғып, алғашқылардың бірі боп көгілдір газ қызығын көріп отырған шаңыраққа  құтты  болсын  айтты.

Ұлпан   ӘНУАРҚЫЗЫ,

Бөкей   ордасы   ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.