7.12.2018, 21:04
Қараулар: 164
«Өрімталдықтар» Оралға келді

«Өрімталдықтар» Оралға келді

Қазан  айында  «Жайық  Пресс»  медиахолдингінің  шығармашылық  тобы  12  ауданды аралап,  жарқын  жүздесулер  ұйымдастырғаны белгілі.  Аудандарға  іссапар  барысында 7-11-сынып  оқушылары  шығарма  жазудан  байқауға  қатысып, әр аудан бойынша  үздік деп  танылған үшеуіне  жас  тілшілердің  облыстық  «Өрімтал»  фестиваліне  жолдама берілген  болатын. 6-7 желтоқсан  күндері  Оралда  аталмыш  фестиваль өтті.

Бейсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінде аталмыш фестивальдің шымылдығы түрілді.

– Облысымызда тұңғыш рет өткізіліп отырған бұл фестивальға қатысқан оқушылар  аудандық, қалалық іріктеуден өтті. Осы іріктеуден іркілмей, жүзден жүйрік деп танылғандармен бүгін, міне, жүздесіп отырмыз. Іріктеу кезеңінде 1000-ға жуық талапкер қатысқан болатын. Соның ішінен  41-і оза шауып, жолдамаға ие болды. Аталған фестивальді өткізудегі негізгі мақсатымыз – енді бүр жарып келе жатқан талапты, талантты жастарымызды журналистикаға баулып, бағыт-бағдар беріп, томағасын сыпырып, болашақ жас кадрлар ретінде дайындау еді. Сіздер осы арқылы бір-бірлеріңізбен танысып, шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Баршаңыздың қаламдарыңыз ұшталып, биік белестерден көрінулеріңізге тілекшіміз! – деді фестивальдің ашылу рәсімінде сөз алған «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов.

Шара барысында оқушылар медиахолдинг басшысына журналистикаға қатысты өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Бұдан кейін жас тілшілер облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің редакциясында болып, газет қызметкерлерінің тыныс-тіршілігімен танысты.

 Мұнан соң қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебіне ат басын бұрды. Жас тілшілерге аталмыш мектептің бейнеоператоры Асылбек Жәрдеков «Мектеп имиджін қалыптастырудағы бейнеконтент рөлі» тақырыбында ой айтса, «Интеллектуал» жас тілшілер үйірмесінің жетекшілері мектеп газетіне мақала дайындау барысы жөнінде баяндады. Сондай-ақ мектептің баспасөз хатшысы Ақмоншақ Жұмай білім  ошағының әлеуметтік желідегі жұмысы туралы, бейнематериал дайындауға қызығушылығы бар оқушыларға өз туындыларын көрсетті.

Медиахолдингіндегі жарқын жүздесуден соң облыстық «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінің қатысушылары шаһарымыздағы Оқушылар және жастар сарайында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, танымал тележурналист Мұнайдар Балмолдамен кездесті. Бұл жүздесу барысында Мұнайдар Балмолда жас тілшілерге телеарна жұмысы туралы кеңінен айтып, журналист елдің мүддесін қорғайтын мамандық иесі екенін жеткізді.

– Журналистика – өте күрделі әрі қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін сала. Бұл салаға асқан жауапкершілікпен келу керек. Өйткені, журналист өз жағдайынан гөрі халықтың жағдайын көбірек ойлайтын адам десем, артық айтқаным емес. Яғни халыққа жақын болуы қажет. Жалпы, қазақ  журналистикасын сонау Алаш тарихымен байланыстырамыз. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Жаһанша Досмұхамедов секілді көптеген арыстарымыз ақиқатты айту жолында еңбек етті. Солардың  журналистік қасиеттері бізге жалғасып келді. Бүгінгі қазақ журналистерінің еңбегі де кейінгі ұрпаққа қалады.

Бір жылдары қаламызға қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев келіп, сол кісіден сұхбат алу бақыты маған бұйырды. Сонда сол кісіден: «Аға, сіз жазушысыз, қазіргі тәуелсіз елдің тарихын сіз секілді адамдар жазбаған да кім жазады?» деп сұрағанымда, «Оны сендер, журналистер жазасыңдар» деп жауап берген болатын. Яғни журналистер еліне адал қызмет  етуде  аянып  қалмау  керек.

Өзімнің өмірден түйгенім, нағыз журналист болам деген адам халықпен дос болуы қажет. Өйткені, бізді төртінші билік өкілдері деп жайдан-жай айтпайды ғой. Билік пен халық арасындағы алтын көпір болғаннан кейін, қызметіңе адал болуға тиіссің, – деген Мұнайдар Балмолданың сөзін болашақ журналистер ұйып тыңдап, көкейлеріне көп нәрсені түйді деп ойлаймыз.

Бір сағат жарым уақытқа созылған емен-жарқын әңгімелесуде журналистикаға ынтық оқушылардың телеарна саласына, журналистің бойынан табылуға тиіс қасиеттерге қатысты сұрақтарды қарша боратқанда, олардың қадамы кідірмейтін, сөзі мүдірмейтін журналист болатындары бірден байқалды. Тіпті кейбіреулеріне сұрақ қоюға уақыт жетпей  қалды.

Бұдан кейін қатысушылар Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті алаңын көріп, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының  қойылымын  тамашалады.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.