7.12.2018, 20:54
Қараулар: 85
Ұстаз туралы сөз

Ұстаз туралы сөз

Ұстаз деген киелі сөз, өйткені қоғамдағы барлық мамандық иелерінің бәрі ұстаздың алдынан, яғни білімімен, тәрбиесімен сусындап үлкен өмірге жол тартады. Төменде әңгіме талай шәкірт тәрбиелеп, түлеткен  ұстаз Садыр  Мұдатұлы  Мұдатов   туралы  болмақ.  Өзім де  сол кісінің тәлім-тәрбиесін  көріп, ілім-білімін  бойыма  сіңірген  едім. Садыр  ағамыз 1938 жылы Атырау облысының Теңіз ауданына (қазіргі Құрманғазы) қарасты Морское ауылында балықшы жанұясында дүниеге келіпті. 1948 жылы  он жасында К. Маркс атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, оны 1958 жылы үздік бітіріп шығады.

Садыр аға жас күнінен білімге, жаңалыққа құштар болып өседі. Мектепте жүргенде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып бастауыш комсомол  ұйымының хатшысы болды. 1958-1961 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеді. Түркіменстанның Мары қаласынан басталып Германияның Альтелслагерь, Дэсеу, Виттенберг, Магдебург, Дрезден қалаларында жалғасты.  Садыр аға өзінің бір мақаласында «Менің есею жылдарым әскер қатарында болған кезде өтті» деген-ді. Әскер қатарында жүрген-де сол кезде взвод командирі болған, кейіннен Еділ бойы әскери округінің штаб бастығы, КСРО Қорғаныс министрлігі атынан жоғары дәрежелі әскери маман ретінде Вьетнамдағы соғысқа қатысқан, кеңестік кезеңде генерал-лейтенант атағын алған, бірен-саран қандасымыздың бірі Жансен Кереевтің әскери тәрбиесінде болғандығын Садыр ағамыз мақтанышпен  еске  алады.

Әскерден кейін жас жігіт әкесінің балықшы болғаны әсер етті ме, әйтеуір 1961 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетіндегі биология факультетінің ихтиология және гидробиология мамандығының кешкі бөліміне түседі. Сол кездегі қаржы жағдайының қиындығына байланысты күндіз жұмыс жасап, кешке оқуына тура келді. Бірақ кейіннен «етек-жеңін» жинаған соң күндізгі бөлімге ауысады. Университетті 1966 жылы бітіріп,  Қазақ КСР-ы Балық шаруашылығы министрлігі жолдамасымен Орал балық комбинатының тоған шаруашылығы мекемесінің бас инженері болып жұмысқа тұрады. Тоған шаруашылығында еңбек еткен жылдары балық түрлері мен өнімділігін арттыруда көптеген жобаларға қатысып, соның ішінде ақ  амур, ақ және сұр дөңмаңдай балықтарын жерсіндіру бағытында жемісті еңбек етті. Сонымен қатар өзіміздің  Шалқар көлінің эндемигі болып табылатын шалқар майшабақшасын, басқа да балық түрлерінің экологиясын зерттеумен айналысты.

Аға өзінің бір мақаласында «…ұстаздың орны ерекше болатын. Оның киген киімі, жүріс-тұрысы, бәрі өзгеше еді. Олардың таңның атысы, күннің батысы тізе бүгіп, тыныстауға мұршасы болмайтын. Соны көре тұра, ой-зердесі, ақыл-есі бар қай бала оқуға ұмтылмас дейсің» деп жазған екен.

Міне, өзі де жас ұрпақты білім нәрімен сусындату үшін кейін, яғни 1970 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында өзінің педагогикалық еңбек жолын бастайды. Еңбек ете жүріп, 1975-1978 жылдары Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің аспирантурасын тәмамдап, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Садыр ағай жаратылыстану-география факультетінде танымал ғалымдар В. Иванов,  Г. Москалев, А. Цыганков, Е. Ағалеуов, А. Петренко, аға буын өкілдері Ғ. Сәрсенғалиев, Қ. Тұрашовпен қатар жүріп, қызметтес  болғанын бүгінде  зор мақтаныш  тұтады.

Ағай өзінің жұмысына жауап-кершілікпен қарап дәріс, зертханалық сабақтарға жан-жақты әзірленіп, қызықты мысалдар келтіре отырып өткізетін. Оның сабақтарын студенттер асыға күтетін. Далалық сараман кезінде құстардың, жануарлардың өмір сүру ортасын және олардың қазақша-орысша аттарын жақсы білгендіктен, студенттердің көбі ағайдың айналасынан табылып білуге тырысатын, көптеген сұрақтар қойылатын. Сонымен қатар Садыр Мұдатұлы студенттердің тәрбиесіне қатты көңіл аударатын, ол әрқашанда «Адамды адам еткен мінез, мінездің арқасында шаңырақ құрып, әлеуметтік ортаға сыйлы боласыңдар» деп ақыл-кеңесін айтып отыратын.

Мен де ағайдан білім-тәрбие алдым, кейіннен әріптес болып қатар еңбек еттік, алған білімдерім болашақ ғылыми-зерттеу жұмысымда зор көмегі болды. Ағайдың киім-киісіне, жүріс-тұрысына еліктеп  ұқсауға  тырысатынбыз.

Садыр Мұдатұлы ғылыми-зерттеу жұмыстарына  белсене араласты, соның ішінде «Шалқар көлі балық шаруашылығы айдынының балық өнімділігін және оның азығын зерттеу» және басқа да бір-неше ғылыми тақырыптарға жетекшілік етіп, нәтижесінде облыстағы балық шаруашылығын дамытуда өзіндік үлесін қосты. Сонымен қатар университетте көп-теген қоғамдық жұмыстар атқарып, факультетте партия, кәсіподақ ұйымдарының хатшысы, бақылау комитетінің төрағасы бол-ды.

Жоғары оқу орнында еңбек еткен жылдары Садыр Мұдатұлының алдынан бірнеше жүздеген шәкірттер білім алып, олар бүгін-де еліміздің түкпір-түкпірінде, жақын шетелдерде жемісті еңбек етуде. Солардың ішінде, қазіргі таңда Астана қаласындағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ ауыл шаруашылығы университетінің  доценті, биология ғылымдарының кандидаты Ж. Қарағойшинді, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің биология және экология кафедрасының меңгерушісі, доцент, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Б. Әлжанованы, Ақтөбе қаласындағы С. Бәйішев атындағы университеттің доценті, биология ғылымдарының кандидаты  Д. Өтеулиеваны, биология ғылымдарының кандидаты Л. Сейтқұлованы, Л. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің аға оқытушысы, географиядан  PhD докторы Н. Рамазанованы және басқаларын атап кетуге болады.

Отыз жылға жуық ұстаздық және ғылыми-зерттеу жұмысында  100-ден аса ғылыми мақалалар мен 10-нан астам оқу-әдістемелік шығармаларының авторы атанды. 1997 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті ғылыми атағына ие болды.

Жас ұрпаққа білім беріп тәрбиелеудегі еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбек ардагері», Ы. Алтынсарин атындағы медальдармен, «Қазақстан оқу ісі үздігінің», БҚМУ-дың төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының грамоталарымен және басқа да алғысхаттармен  марапатталған.

Садыр Мұдатұлы қазіргі кезде зейнет демалысында болса да, университет, қала, облыс көлемінде  экологиялық және табиғатты қорғау бағытында өткізілетін маңызды шараларға белсенді қатысып келеді.

Ардагер-ұстаз өмірлік жары  Ғалия апамызбен 1967 жылы отбасын құрады. Ғалия апамыз көп жыл бойы қаржы саласында еңбек еткен, қазір құрметті демалыста. Екі ұл тәрбиелеген өнегелі жанұя, үлкені Сәкен әке жолын қуып, география-биология мамандығы бойынша университетті бітіріп, бірнеше жыл  бойы Садыр Мұдатұлы еңбек еткен зоология кафедрасында қызмет істеді. Облысымызда таэквондо шығыс жекпе-жегінің негізін қалап дамытқандардың бірі, кейіннен осы федерацияның президенті болды. Қазіргі таңда республикаға  белгілі  жаттықтырушы.

Екінші ұлы Ілияс – облысымызға  белгілі кәсіпкер. Садыр аға мен Ғалия апа қос ұлдарынан бес немере сүйіп отыр. Үлкен немерелері Гүлдана қазіргі таңда Қытай халық республикасында жоғары оқу орнында  білім  алуда.

Жемісті  еңбек  жылдарын ғылымға,  шәкірт  тәрбиесіне  арнаған  Садыр  Мұдатұлы  бүгінде  80 жасқа толып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде  еңбек етіп  жүрген шәкірттерінің  атынан  ұстазымызды  сеңгір  жасымен  құттықтаймыз.  Ғалия  апамызбен  ғұмыр  көшіңіз  көрікті,  ұлдарыңызбен,  немерелеріңізбен  күндеріңіз  көңілді  бола  бергей,  қадірлі  Ұстаз  аға!

Серік  РАМАЗАНОВ,

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан  мемлекеттік  университетінің  доценті, география ғылымдарының  кандидаты 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.