Жалпақталдағы қоныстой

Жуырда Жалпақтал ауылында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған қос қабатты, 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Аталған мембағдарламамен 112,6 млн. теңге қаржы бөлінген тұрғын үй құрылысын «Эврика» ЖШС төрт айда толықтай атқарып шықты.

Ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңа жыл қарсаңында жаңа қонысқа ие болған ауыл тұрғындарының қуаныштарымен  бөлісіп, пәтер иелерін құттықтады.

– Соңғы жылдары аудан-ауылдарға таза ауыз су мен көгілдір отынның тартылуы, жолдар салынып, тұрғын үйлердің бой көтеруі – еліміздегі халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бағдарламалардың нәтижесі. Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында «Нұрлы жер» бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылғанын мәлім етті. Аталған бағдарлама еліміздің көптеген тұрғынын баспанамен қамтуға зор септігін тигізуде. Бүгінгі пайдаланылуға берілгелі тұрған тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған аудандардағы 104 үйдің біреуі. Ал облыста «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламаларымен 3500 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Күні кеше ҚР тұңғыш Президенті күніне орай облыс орталығында 120 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тоғыз қабатты екі үйді тапсыру жоспарлануда. Бүгін, міне, Жалпақтал ауылының орталығында керемет тұрғын үй са-лынды. Қазталов ауданында биылдың өзінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Шалғай жатқан ауылдарға ауыз су тартылып, аудандағы 13 елді мекен көгілдір отынның игілігін көрмек. Алдағы уақытта да құрылысы аяқталған бірқатар нысандарды пайдалануға береміз. Келер жылға да жоспар көп. Бүгінгі пәтер иелерін қоныстойларымен құттықтаймын! – деді Алтай Сейдірұлы.

Бұдан соң жаңа қонысқа ие болғандарға пәтер кілттері табысталды. Ашылу салтанатына жиналғандар су жаңа  үйді аралап, қоныстой дастарқанынан  дәм  татты.

Тұрарбек   ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Жалпақтал   ауылы,

Қазталов   ауданы