120 отбасының қуанышы және “Naryn”

Күні , 35 рет оқылды

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні 120 оралдық  отбасы  қоныстойын тойлады. Зашаған кентінің аумағындағы тоғыз қабатты тұрғын үйді  «ЖайықСельСтрой» ЖШС салған. Облыс әкімі Алтай Көлгінов қуаныш иелеріне  жаңа  пәтерлердің  кілттерін  салтанатты  жағдайда  табыс етті.

– «Нұрлы жер», «Қолжетімді  баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламалары арқылы баспанаға мұқтаж жандар үй алуда. Былтыр облыс бойынша 1300 адамға пәтер берілді. Биыл 3500 отбасыға арналып, Орал қаласында 24, Ақсайда 2 көп қабатты үй, ал аудандарда 104 үй тұрғызылуда. Келесі жылы қала маңындағы аумағы 450 гектар жерде жаңадан бой көтеретін «Ақжайық» шағынауданында 150-ден астам үйдің құрылысы басталады. Қазіргі уақытта құрылыс орнына инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда. Ел ішіндегі осындай жақсылықтардың кең қанат жаюына Елбасының ықпалы зор. Көпұлтты Қазақстан халқының бірлігі нығая берсін! – деді Алтай Сейдірұлы.

Облыс әкімі өңірде урбанизация үдерісі белсенді жүріп жатқанын атап өтті. Әкімнің айтуынша, алдағы жылдары Орал қаласы тұрғындарының саны 500 мыңға жетпек.

Зашаған кентіндегі 120 пәтерлік 9 қабатты үйдің құрылысы 2017 жылы маусым айында басталған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында жүргізілген үйдің құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді. Жаңа баспанаға Орал қаласында үй кезегінде тұрғандар мен  «Тұрғын-үйқұрылысжинақ банкінің» салымшылары  ие  болды.

*   *   *

ҚР Тұңғыш Президенті күні Орал қаласында «Naryn» спорт кешені ашылды. Кешеннің ашылуына облыс әкімі Алтай Көлгінов пен Орал қаласының  әкімі  Мұрат  Мұқаев  қатысты.

– Елбасы отандастарымызға арналған Жолдауларында халықтың денсаулығын нығайту басты назарда екенін үнемі айтып келеді. «Naryn» спорт кешені жеке инвестиция есебінен салынды. Өңірімізде спорттық нысандар көптеп бой көтеруде. Бөрлі ауылында 400 миллион теңгеге жуық қаражатқа 320 орындық спорт кешені тұрғызылды. Орал қаласында келесі жылы спортпен айналысатын жастарға арналған мектеп-интернат пайдалануға беріледі. Аудандарда спорт кешендерін салуды бастаймыз. Қазіргі уақытта Жаңақала мен Жәнібек аудандарында бой көтеретін спорттық нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Елбасымыз бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасау керектігін айтты. «Нұр Отан» партиясы өңірімізге 100 спорт алаңын тарту етеді. Бұл бағытта бірлесе жұмыстанудамыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Спорттық ғимараттың кіреберісіне керілген лентаны спорт ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұбанышқали Жәрдемов пен «Рио Рио» ЖШС-ның басшысы  Эльмира Таспихова қиды.

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынған «Naryn» спорт кешені – «Рио Рио» ЖШС-ның меншігінде. Облыстық мәслихаттың депутаты, жеке инвестор Аманкелді Таспиховтың айтуынша, жобаны Орал қаласының әкімдігі ұсынған.  Ғимарат Р. Егізбаев көшесінде бұзылған екі ескі үйдің орнына тұрғызылды. Кешен құрылысы қыркүйек-қазан айларында жүргізілді. Инвестор оған 150 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсады. Кешен ауданы – 453,7 шаршы метр. Ғимарат ішінде волейбол, баскетбол, бадминтон және би залы бар.

«Naryn» спорт кешенінде ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай үстел теннисінен сайыс өтті. Оған қалада тұратын мүгедектер, ардагерлер және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Айта кетейік, Тұңғыш Президент күні Орал қаласы маңындағы Деркөл кентінде тағы бір спорттық кешен пайдалануға  берілген  болатын.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика