Соналыда Нұрсұлтан Назарбаев тұрады

Күні , 243 рет оқылды

Соналы ауылының мектебінде Елбасымен аттас оқушы бар дегенді естіп, аталған мектеп мұғалімдерімен хабарласқан болатынбыз. «Бізде оқушы қос Нұрсұлтан бар. Сізге керегі Нұрсұлтан Назарбаев па?» демесі бар ма?!  Қапелімде түсінбей қалғаныммен, мәселенің мән-жайы сәлден соң белгілі болды. Соналы ЖОББМ-да 8-сынып оқитын Нұрсұлтан есімді екі өрен бар екен. Соның біреуінің аты мен тегі Нұрсұлтан Назарбаев (суретте сол жақта) болып шықты.

Аталған мектептегі Елбасымен аттас оқушының бірі Нұрсұлтан Батыржанұлы Қайырқұлов болса, екіншісі Нұрсұлтан Елтайұлы Назарбаев екенін білген соң, іле-шала оқушымен телефон арқылы тілдестік.

Әлемге танымал есім мен текті иемденген өрен Ақтөбе қаласындағы №36 мектептен ауыл мектебіне биылғы оқу жылы  ауысып, білім алуда. Нұрсұлтан дүниеге келгенде алты алаштың аяулы азаматы болсын, елге сыйлы Елбасындай тұлға болсын деген ниетпен есімін Назарбай атасы қойыпты.

Мектеп мұғалімдерінің айтуы бойынша Нұрсұлтанның сабақ үлгерімі жақсы көрінеді. Биология, физика пәндеріне қызығушылығы жоғары екен. Пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне биология пәнінен қатысуға дайындалып жүр.

Нұрсұлтанның өзін сөзге тартқанымызда, бос уақытында кітап оқығанды, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жаттағанды жақсы көретіндігін жеткізді. Өзінің өлең шығаратынын да жасырмады. Сабақтан тыс уақытта достарымен шахмат, футбол ойнағанды ұнатады екен.

– Есімім мен тегімнің Елбасымен бірдей болуы маған зор жауапкершілік жүктейді. Мектепте достарым, құрбыларым «Елбасы келе жатыр» деп әзілдейді. Осының өзі маған үлкен сенім, күш-қуат сыйлайды. Ата-анам, туыстарым, мұғалімдер менен болашақта үлкен үміт күтеді. Баршаның назарында болған соң үлгілі болуды міндетім деп білемін, теріс қылық көрсетуге хақым жоқ деп есептеймін, – дейді оқушы Нұрсұлтан.

Көңілі таза, ортасына сыйлы, көпшіл оқушының ойымен біз де келістік. Елі үшін қызмет қылар үлкен  азамат  болуын  тіледік.

Серікбай   ХАСАНОВ,

Қаратөбе  ауданы


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика