Кіреберіс жап-жарық

Күні , 47 рет оқылды

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Ақжайық ауданындағы Тайпақ ауылының халқы айтулы бір қуанышқа кенелді. Мұнда Орал – Атырау күре жолынан ауылға кіреберіс жолды жарықтандыру жобасы сәтті аяқталып, іске қосылды. Осыған орай алдымен мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан  туындаған «Туған жер» бағдарламасының негізінде демеушілердің көмегімен жүзеге асқан аталмыш жоба ата-жұртты қастерлеп, көркейту перзенттік қасиетті парыз екенін тағы бір  әйгіледі. Салтанатта аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев осы хақында ой-толғамдарын кеңінен ортаға салды.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы және жақында ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық еңбегі сайып келгенде, рухани қазынамызды еселеуді, мемлекетшілдік пен отаншылдық идеясын алаулатуды көздейтін, қанша уақыт өтсе де еш құнын жоймайтын қастерлі құжаттар болып табылады. Міне, бүгінгі қуанышымыз еңселі елдіктің бір еспаты болып табылады. Елге қамқорлық жасау – шынайы патриотизмнің көрінісі, елжандылықтың дәлелі.

Тұңғыш Президент күні қарсаңындағы жағымды жаңалық ұзағынан болсын! – деді  ол.

Мәслихат хатшысы жарықтандыру жобасының жетекшісі Есенаман Жарылғасовқа аудан әкімінің естелік сыйлығын, осы істің жүзеге асуына қолдан келгенше жәрдемдескен Мәжит Оңдағанов, Төлеген Шманов, Алтай Қилышев сияқты тағы басқа азаматтарға  алғысхаттар  табыстады.

2017 жылы аудан бойынша «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында 11 млн. 586 мың теңгенің 21 жобасы жүзеге асты. Ал биыл 52 млн. 160 мың теңгені құрайтын 39 жоба ойдағыдай мәреленді. Жалпы, жоспарланған 44 жобаның жетеуі Тайпақ ауылдық округінің еншісінде.

– Жыл басында өткен жерлестер форумының бір үлкен нәтижесі, міне, осы. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, алғашында кібіртіктеп кіріскен жобалар ойдағыдай жүзеге асып, елжанды азаматтардың еңбегі жанған күн болып тұр. Ел жастарының басы қосылып, халықтың бірлігінің арқасында біткен іс игілікке жарасын, – деді Ақжайық ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Әленғали Кереев. Сонымен қатар ол 2020 жылы ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығы екенін еске салды. Азаматтарды осынау мерейтойға жан-жақты атсалысуға  шақырды.

Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шәленов бүкіл жақсылыққа жанашыр, ынтымақшыл жігіттерге шын көңілден алғысын арнады.

Осыдан кейін ауылдың кіреберісіндегі жарық шамдары іске қосылды. Тайпақ түлектері болып табылатын, бүгінде Оралдағы, «Б. Құрылыс» ЖШС-ның директоры Есенаман Жарылғасов пен кәсіпкер Жандос Айтмағанбетов жетекшілік еткен бұл жұмысқа 13 млн. 780 мың теңге жұмсалған.

Бұл қаржының көп бөлігі осы жомарт жандарға тиесілі. Тұрғындар да шама-шарықтарынша қаржылай көмектескен. Ұзындығы 3 километр 300 метрді құрайтын желіге 70 темірбетонды бағана орнатылды. Су жаңа трансформатор алынып, іске қосылды. Әрқайсысы 11 мың тұратын электр үнемдегіш шамдар Малайзиядан сатып алынған.

Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тайпақта жоспарланған 7 жобаның алтыншысы екенін айта кеткен жөн. Жоғарыда айтылғандай, сәуір айында ауылда өткен жерлестер форумында азаматтар осы жобаларды жүзеге асыруға уағдаласқан еді. Форумға облыс орталығынан, аудандарымыздан, Ақтөбеден, Атыраудан 130-дан астам тайпақтық түлектер келді. Осында елдегі жақсылықтарға елең ете жүретін белгілі спортшы, самбо күресінен әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров 2002-2003 жылғы мектеп түлектерінің атынан ауыл қорына 1 млн. теңге аударғаны әлеуметтің қуанышын тіпті еселей түскен еді.

Жеке кәсіпкер Бекет Мұстафиев пен Қадыр Бақмановтың жетекшілігімен жүзеге асқан жоба құны 470 мың теңге тұратын «Тайпақ – менің жүрегімде!»  атты мемориалдық тақтаның орнатылуы, Тайпақ мектеп-гимназиясының дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Жасұлан Қауеновтың жетекшілігімен, 1983-1984 жылғы туған ауылдастардың қолдауымен 2 млн. 200 мың теңгеге екі көшедегі тал егілген алаңдардың қоршалуы, Талғат Мұхамедияров пен ауыл тұрғындарының бастамасымен Шабдаржап ауылында 3 млн. 200 мың теңгеге Жайық өзенінен аулаларға техникалық су құбырының тартылуы көріктендіруге, тұрмыс-тірлікті түлетуге молынан  септесті.

Биыл әйгілі ақын Сағат Әбдуғалиевты ұлықтау шаралары да мәдени-рухани тынысқа серпіліс әкелді. Ақын рухына арналып аймақтық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, кеудетұғыры орнатылды. Марат Қуанышәлиевтің жетекшілігімен, халықтың қолдауымен салынған ескерткіштің құны 1 млн.  теңгені құрады.

Тайпақтағы пошта бөлімшесінің басшысы Әділғазы Жұмағазиевтың жетекшілігімен 1978 жылы туған құрдастар мәдениет үйі үшін 2 млн. теңгеге жазғы сахна орнатып берді.

Енді жыл соңына дейін Жанат Таскентовтың жетекшілігімен әр жылдардағы түлектер 4 млн. 500 мың теңгеге Тайпақтың кіреберісіне арка орнатпақ. Сондай-ақ Құрман Байсықов атындағы орта мектептің түлегі, бүгінде Базаршолан ауылдық округінің әкімі Ерлан Темірғалидың жетекшілігімен, 1966 жылғы туғандардың демеушілігімен 750 мың теңгеге Тайпақта балалар ойын алаңы салынады.

Серік Бектұрғановтың жетекшілігімен ауыл көшелеріне аялдамалар салу  да  көзделіп  отыр.

Бекболат   ҚАЛЕНОВ,

Тайпақ   ауылы,

Ақжайық   ауданы


Тегтер:


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика