30.11.2018, 19:28
Қараулар: 85
35 қоғамдық көлік жаңартылды

35 қоғамдық көлік жаңартылды

Қарашаның  29-ы күні  ҚР  Тұңғыш  Президенті  алаңында облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов пен  Орал  қаласының  әкімі Мұрат  Мұқаевқа  жаңа қоғамдық  көліктер таныстырылды.  Биыл  қала  ішінде жолаушы  тасымалымен айналысатын  «Ақжол-авто», «Оралтехсервис»  пен  «Батыс Дилижанс»  компаниялары Ресейдің  Павлов  аутобус  зауытынан  «Vektor»  ныспылы 35  аутобус сатып  алды.  Қала тұрғындары  №7,  20  және  39 маршрут  бағытында  таза  да ыңғайлы,  70  адам  еркін  сиятын  көліктермен қатынайды.

Бір аутобусқа төрт бейнекамера орналастырылған, оның екеуі салон ішінде. Облыс орталығында 28 қалаішілік, 12 саяжай және қала маңына қатынайтын алты маршрут бағытында 455 қоғамдық көлік жүреді. 455 қоғамдық көліктің 133-і – шағын аутобустар. 2016 жылы шағын аутобустар қатарында 130 «ГАЗель» болса, биыл олардың саны 50-ге дейін азайтылды. Жыл басында қоғамдық көліктердің 65 пайызы тозығы жеткен деп есептелінсе, қазір бұл көрсеткіш 54 пайызға дейін төмендеді.

– Қаладағы жолаушы тасымалдайтын 6 кәсіпорынның үшеуі 35 жаңа қоғамдық көлік алды. Оларға екінші деңгейлі банктерден несие берілді. Келесі жылы жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға «БРК-лизинг» компаниясы арқылы елімізде құрастырылатын «Daewoo» маркалы 135 аутобус алуды жоспарлап отырмыз. Сонда қоғамдық көліктердің ішінде ескіргендері 27 пайызға дейін төмендейді. Қазіргі уақытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы ауқымында «Uralsk Smartsity» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жол картасымен жұмыстанудамыз. 28 қалалық маршрут бойынша барлық көлікте GPS құрылғысы орнатылған.

«InfoBus mobilе» қосымшасы арқылы маршруттар қозғалысын 73 мың қолданушы онлайн бақылай алады. Биыл тоғыз бағыттағы маршрут бойынша жолақыға арналған көлік карталарын қолданысқа енгіздік. 2017 жылдың 8 қарашасынан бастап, №3, 5, 7, 10, 33, 35, 39, 43 маршрут көліктері SMS BUS бағдарламасы арқылы ұялы телефон хабарламасымен жолақы төлем жүйесіне қосылды. Жыл соңына дейін барлық маршрут электронды билетпен қамтамасыз етіледі, – деді Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.

– Біздің компанияға №2, 20, 23, 30 «д» маршрут бағыттары тиесі-лі. Биыл №20 маршрут көліктерін түгел жаңартып, 15 жаңа «Vektor» аутобусын іске қосып жатырмыз. Сол үшін «Сбербанк» банкісінен 300 миллион теңге несие алынды. Келесі жылы «БРК-лизинг» компаниясы арқылы 50 көлік алуға тапсырыс бердік. 50 көліктің 30-ы алып аутобустар болмақ. Оларды №2 машрут бойынша жолаушы тасымалына пайдаланамыз, – деді «Оралтехсервис» ЖШС директорының орынбасары Александр Баклан.

Айта кетейік, Орал қаласы бойынша жолдың ұзындығы – 616 км. Соның ішінде 387 километрі асфальтталған. Соңғы үш жылда 18 млрд. теңгеге 145 км жол жөнделді. Биыл 7,5 млрд. теңге қаражатына ұзындығы 50 көшенің жолы жаңғыртылуда. Оның ішінде екі нысан бойынша жөндеу келесі жылы жалғасады. 2019 жылы 5,5 млрд. теңгеге 19 көше бойындағы 33 шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.