30.11.2018, 19:21
Қараулар: 150
Тұңғыш Президент күніне арналды

Тұңғыш Президент күніне арналды

Кеше  Хадиша  Бөкеева  атындағы  облыстық қазақ  драма театрында  ҚР Тұңғыш  Президенті  күніне  арналған салтанатты  шара  өтті.

Мерекелік шара облыс әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтау сөзімен ашылды.

– Елбасының жүргізіп отырған қазақстандық даму жолы мен моделі әлемдік белгілі көшбасшылар тарапынан зор қызығушылық туғызуда. Оның жетекшілігімен еліміз ешкімге ұқсамайтын экономикалық даму жолын бастады. Даму қарқыны жағынан ХХІ ғасырдағы озық дамушы мемлекеттердің қатарына қосылды. Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетті экономикасы орнықты елдердің қатарына қосты. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында атқарылған жұмыстар орасан зор. 2009 жылдың желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялау туралы Қазақстанның бастамасын бірауыздан қолдады. 2016 жылдың сәуір айында Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі қорытынды саммит кезінде Қазақстан Президенті халықаралық қоғамдастықты ядросыз әлем құруға шақырған өзінің кең көлемді «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жария етті. Мемлекет басшысының 2017 жылы сәуір айында шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы барша қоғамымызға зор сілкініс әкелді. Елбасы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, «жаңа қазақтың феномені» ұғымын айқындап, жаһандану дәуіріндегі «қалыптасқан, әмбебап қазақстандық азаматтың» формуласын ұсынды. Таяуда Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» атты терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласын жариялап, қалың жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Тарихымыздың «жеті қырын» атап, тарих тұғырынан бағамдап, қоғамымызға терең зерделеуге үн қосты. Қазіргі таңда халықаралық аренада еліміз жеткен жетістіктер аз емес.

Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, 2011 жылы қысқы Азия ойындары, 2017-2018 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы, халықаралық «Экспо – 2017» көрмесінің, «Азиада – 2017» қысқы универсиада ойындарының Қазақстанда өтуі, өзге де жетістіктер Қазақстанның халықаралық дәрежеде мойындалғандығының белгісі. Тұрақты ішкі саяси ахуал, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім, мемлекеттік құрылысты ұтымды жүргізу – тәуелсіз еліміздегі тұрақтылықтың нышаны. Бүгінгі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған шарамыздың мақсаты – Елбасымыздың төл мемлекетімізді қалыптастырудағы, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды сәтті жүргізудегі, сонымен қатар елімізде бейбітшілік пен келісімді, қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін талқылау. Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын! Халқымыз байқуатты, елін жарқын болашаққа жетелеген Елбасымыз аман болсын! Тәуелсіздігіміз баянды, елдігіміз ғұмырлы болғай! – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Алтай Сейдірұлы еліміздің қарыштап дамуына үлес қосып, еселі еңбегімен танылып жүрген жандарға «Астана – 20 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Марапатқа ие болғандар арасында еңбек ардагерлері, әр түрлі саланың қызметкерлерімен қатар ТДК-42 телеарнасының операторы Манарбек Көшәлиев, «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалының редакторы Мұнайдар Балмолда, «Жайық Пресс» ЖШС директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ секілді жергілікті БАҚ саласының белгілі мамандары да бар.

Салтанатты шара мерекелік концертке  ұласты.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.