30.11.2018, 19:18
Қараулар: 84
Цифрлық индустрияны дамытудың жаңа мүмкіндіктері

Цифрлық индустрияны дамытудың жаңа мүмкіндіктері

Бейсенбіде  Орал  қаласындағы «ҚПО б. в.» компаниясының  бас  кеңсесінде  цифрландыру мәселелері  бойынша  форум  өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев,  облыс әкімі Алтай Көлгінов, «ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Эдвин Блом қатысты.

Басқосуда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев  Елбасының қолдауымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, цифрландыру арқылы мемлекеттік құрылымдарда халыққа көрсетілетін қызметтердің, шағын және орта кәсіпкерлікке жататын кәсіпорындардың жұмыстарының тиімділігін арттыру көзделген.  «Жаңа технологияларды енгізу арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландырып, жұмсалатын уақытты қысқартып, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік қызмет алу барысындағы шығынын азайтуымыз керек.  Кеше өңірдің бірқатар цифрландыру жобаларымен танысқанымызда, мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыратын жобалар көңілден шықты. Бұл мәселеге Елбасы үлкен мән-маңыз беріп отыр. Елбасы мемлекеттік қызмет көрсетуді 2019 жылы 80%-ға, 2020 жылға қарай 90%-ға  цифрландыруды тапсырды. Біз бұл тапсырманы орындаймыз», – деді Асқар Жұмағалиев. Оның айтуынша, БҚО-да ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру жұмыстары жүруде, бірқатар цифрлық технологиялармен жұмыс істейтін шаруашылықтар, кәсіпорындар бар. «Жоспар бойынша 2022 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласының 100-ден астам кәсіпорын-шаруашылығы цифрлық технологияларға көшулері тиіс. Облыс әкімдігі және агроөнеркәсіп кешені бұл тұрғыдан сенім үдесінен шығады деп есептеймін. Үкімет барлық бастамаларға мейлінше қолдау көрсетеді. Өндірісшілермен сөйлескенімізде, цифрландыруға көшуде адамдар мен инфрақұрылымдарға қатысты түйткілдерге «сүрінетінін»  естідік», – деген А. Жұмағалиев өңірдегі цифрландыруға қатысты нұсқау-тапсырмаларын берді.

Форумда сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыс-жобалар жайында әңгімеледі. Ақ Жайық өңірінде экономиканың басты салаларында цифрландыру бойынша 40-тан астам жоба жүзеге асырылуда. БҚО денсаулық сақтау саласы қанатқақты жобаны қарқынды жүзеге асыруда. Бүгінде Орал қаласы мен барлық аудан орталықтары 100% ақпараттық жүйемен қамтылған және 121 есеп беру формасының 106-сы қағазсыз, электрондық түрде жүргізіледі. Қала тұрғындарының электронды денсаулық паспорттары жасақталған, сондықтан дәрігер бұрынғыдай қағаз жазып отырмайды, алтын уақытын «басы ауырып, балтыры сыздап» келген адамға бөледі. Соның арқасында дәрігердің науқастарды қабылдайтын 15 минуты жарты сағатқа ұзарды. Жедел медициналық жәрдем бригадалары планшеттермен және GPS бағыттаушылармен қамтамасыз етілген, басқару жүйесінің аутоматтандырылуы арқасында «Жедел жәрдемнің» шақырту бойынша келуі 12 минуттан 9 минутқа дейін, яғни 3 минутқа қысқарған. Сонымен қатар барлық емханаларда электронды кезекті басқару жүйесін енгізу ем-дом алуға келген тұрғындардың ағынын реттеп, дәрігерге кезекпен кіру уақытын жарты сағаттан 15 минутқа  дейін  азайтты.

Білім беру саласындағы балабақшаға кезекке тұру және балабақшаға қабылдау үрдістері аутоматтандырылып, бұл жүйе адам қатысынсыз, ашық өтетін болды және тұрғындарға қолайлы жағдай туғызды. Облыстағы мектептердің  58,6%-ы – интернеттен қағыс қалған  шалғайдағы шағын комплектілі мектептер, биылғы қыркүйек айында 225 шағын мектеп 100%-ға Bilimbook компьютер-трансформерлермен қамтылды.

Облыс әкімі ВІМ технологиясын қолданысқа енгізу жұмыстары жайына тоқтала келе, жаңа кардиологиялық орталықтың құрылысы 3Д жобалау бойынша жобаланып, салынатынын айтты. Сондай-ақ тұрғындарға қолайлы болу үшін «Қолжетімді әкімдік» жобасы «жандандырылды». – «Жер телімін алу актісін үйлестіру»  қызметін аутоматтандыру жобасы жер алушылардың мемлекеттік құрылымдардың рұқсатын алуға жұмсайтын уақыты 2-3 айдан 5-12 күнге дейін қысқарды.  «Zem.kz» порталында жер телімдерін жалға алу құқығын сату аукциондары электронды түрде өткізілуде. Мұның өзі тұрғындарға мемлекеттік құрылымдарға бармай-ақ, онлайн режімінде саудаға қатысу мүмкіндігін береді. Жер қатынастары саласында конкурс, аукциондарды өткізу үшін әлемдегі ең ірі «Bitfury и Dasco Consulting» блокчейн компаниясымен блокчейн технологияларын енгізу жобасы іске қосылмақ. Грузиядағы жер қатынастары саласындағы блокчейн технологиясын енгізу тәжірибесі жерге қатысты құқық ақпараттарының қорғалу деңгейін арттыруға, аудитті жеңілдетуге, қашықтан құжаттарды рәсімдеуге көмектесті, — деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, 2019 жылдың қаңтарынан бастап облыстың геоақпараттық порталы жұмыс істейді. Ондағы ғарыштан түсірілген түсірілімдер жер телімдерін өз бетімен пайдалану, жерді мақсатсыз пайдалану, егіс алқаптарының жағдайы, егін шығымдылығын болжау, жер пайдаланушылардың шекараларды бұзу фактілерін анықтауға септігін тигізеді.

Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында IoT желісін құру жұмыстары 2016 жылы басталып, бүгінде Орал қаласы LP-WAN базалық стансамен толықтай қамтылып отыр. Соның арқасында жылу, жарық, су есептеу құралдарының көрсеткіштері қашықтықтан бақыланады. Қала әкімдігі мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайту мақсатында алдағы қаңтар айынан бастап қаланың (109) коммуналдық-апаттық қызметінің call-орталығы жұмыс істемек. Бір орталыққа қоңырау шалу арқылы тұрғындардан түскен арыз-шағымдармен жұмыс істеу қызметінің сапасы жақсарып, қызмет  жеделдігі  артады.

– Әлемде орын алып жатқан пайдалы жаңа өзгерістерден қалмау үшін, барлығымыз жұмыс тәсілдерімізді, басқару құралдарымызды жаңғыртып, жағымды өзгерістерге жол беруіміз керек.  «Digital Aqjaiyq» аясында енгізілетін жаңа технологиялар мен шешімдер – өңіріміздің барлық саласына едәуір серпін беретіні сөзсіз, — деді Алтай Көлгінов.

«Бүгінгі кездесу Қазақстан Республикасындағы цифрлық технологияларды жасақтау және бизнес процестерді аутоматтандыру салаларындағы жергілікті және халықаралық компанияларға қазақстандық мазмұнды дамытуға жаңа серпін береді», – деді форумға қатысушыларға «ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Эдвин Блом.

Форум барысында «ҚПО»-ның жоғары оқу орындарының студенттерін қолдау, әсіресе, олардың технологиялық жобаларды жасақтау дағдыларын қалыптастыруға жағдай туғызуды көздейтін, әріптестікті нығайту жөніндегі меморандум қабылданды. Оған ҚР Білім және ғылым министрлігі, БҚО әкімдігі, «KazEnergy» ассоциациясы, «ҚПО б. в.» компаниясы  қол  қойды.

Цифрландыру форумында «KazEnergy» ассоциациясының мұнайгаз және энергетика салаларын дамыту жөніндегі атқарушы директор Рүстем Қабжанов,  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Абылай Оспанов,  «ҚПО»-ны цифрландырудың жол картасы» туралы «ҚПО» жобасын дамыту директоры Пьерлуиджи Амено,  «ҚПО» жобасының өзара әрекеттестік және интеграциясы менеджері Мауро Мартуфи және өзгелері сөз қозғады.  Форумға қатысушылар облыс әкімдігінің және «ҚПО»-ның сессияларына қатысып, цифрлық жобаларды өндіріске енгізу, ІТ қауымдастығын және цифрлық индустрияны  дамыту мүмкіндіктері  жайында  пікір  алмасты.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.