Қақпанға түсіп қалмаңыз…

Көшедегі кез келген аялдамаларда, көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберісіндегі есіктерінде «Вам еще 25 лет?», «Подработка», «Нужны молодые специалисты, доход до 90000-200000» , «Работа пенсионерам» деген мәтіндегі  жалбырай жабысқан хабарландыруларды талай көрген шығарсыз. Мұндай жұмыстар «желілік маркетинг»  деп аталады. Жұмыс берушілердің сөзіне сенсек, бұл кәсіп атқарып жүрген  жұмысыңызға немесе оқуыңызға мүлдем кедергі келтірмейді. Яғни бос уақытыңызда айналыса беруіңізге болады. Тек  біраз қаржы салуыңыз қажет. Сосын компания өнімін саудалайсыз, жаныңызға жақын туыстарыңызды, достарыңызды жинайсыз. Сөйтіп, көл-көсір ақшаға кенеліп,  байып кетесіз-мыс.

Аңқауға  арамза

Жұмыссыз жүрген адамдар  немесе студенттер ақшаның астында қалу үшін мұны таптырмас мүмкіндік деп ойлайтыны анық. «Екі қолға бір күрек» таппай жүргендер білек сыбана кірісіп, мол пайдаға кенелу мақсатында неге болса да дайын тұрады. Ал қармақтарын тастап қойып, қарап отырған желілік компаниялар жұмыс іздеп келген адамдарды күліп қарсы алып, компания жөнінде аздаған мағлұмат береді. Аз уақыттың ішінде пәленбай миллион табуға болатындығын айтып,  психологиялық тұрғыдан тез сындырып бағуға тырысады. Сананы тұрмыс билеген заманда жылдам байып кетуді кім қаламайды дейсіз енді… Қалтасының жұқалығынан әбден мезі болып, болмаса айлығы шайлығынан ауыспай жүрген жандар «құлақтан тепкен»  әдемі сөздерді естігесін, қармаққа бірден ілігері хақ. Желілік маркетингпен айналысып отырғандардың  күткені де осы… Әрі қарай жасы болсын, жасамысы болсын өз мүдделеріне пайдаланады.

«Ажырасып кеткендер өте көп»

Желілік маркетингті желеу етіп, адамдарды алдап соғып, алаяқтықпен ақша жасап жүрген қаржы пирамидалары туралы көпшілігіңіз хабардар боларсыз. Қаржы пирамидаларының қайдан шыққанын, еліміздің аумағына қашан келгенін білмек болып, интернетті ақтардық. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында қаржылық пирамидалардың  жұмысына бірқатар шетелдерде тыйым салынғандығы жазылған. Кейбір мәліметтерде Индонезия, Иран, Әзірбайжан сынды елдерде оның қызметіне мүлде тыйым салынғандығы келтірілген. Сондайақ 2008 жылы АҚШ, Канада елдерінде де қаржылық пирамида алаяқтық деп танылып, филиалдары жабылған. Өзбекстанда да бұл компанияның үні өшіпті. Ал біздің елімізде қаржылық пирамида ойына келгенін істеп, біраз адамның етегін жасқа толтыруда.

«Бәлен жерде алтын бар, барсам бақыр да жоқ» демекші, бүгінде желілік маркетингке жұмыс іздеп барып, жапа шеккендердің  қатары күн санап көбейіп келеді. Солардың бірі – Орал қаласының тұрғыны Алена  Шляпина.

– 2017 жылы «Жайықжылуқуат» ЖШС-да жұмыс істеп жүрген едім. Бір күні үнемі жылудың ақшасын төлеуге келіп жүрген Мира есімді келіншек менің телефон нөмірімді сұрап алды. Содан уатсап желісі арқылы менің отбасылық өмірімді, қалай тұрып жатқанымды сұрай бастады. Мен жұбайыммен ажырасып кеткенімді, екі баламды асырап отырғанымды, айлығымның аз екенін айттым. Ол болса жаны ашыған болып, «Екі баланы асырау оңай емес қой, оның үстіне айлығың да мәз емес. Бір жерде жұмыс бар, ақшасы өте жақсы, жағдайыңды жасап алуға болады. Мен саған көмектесе аламын» – деді. Мен  қандай жұмыс екенін сұрадым. «Келгесін көресің, Жүнісова 144 мекенжайына кел» дегеннен басқа ештеңе айтпады.

Содан айтылған мекенжайға бардым. Мені біреумен кездестіріп, сөйлестірді. Әлгі адамның айтқандарын мұқият тыңдадым. Түсінгенім, жақсы ақша табуға болады екен. Айлықтан айлыққа әрең жетіп жүрген мен үшін бұл түс сияқты болып көрінді. Жағдайымды жасап алатын болдым ғой деп іштей қуандым. Сосын ол  үш күн қатарынан семинар-тренингке қатысуым керек екенін айтты. Мүмкіндікті құр жібермейін деп қатыстым. Олар өткізген семинар-тренингте үлкен жетістікке жетуге болатындығын, ол адамның өз қолында екенін, былайша айтқанда, адамның арманына қанат бітіретін сөздерді құлағымызға құюмен болды. Үшінші күнгі кездесуде психологиялық тұрғыдан шабуыл жасады. Семинарды жүргізген әйел апта сайын менің есепшотыма 1800 АҚШ доллары түсіп тұратындығын, шетелге демалуға жіберетіндерін, тек ол үшін компанияның өнімдерін сатып алу қажет екенін айтты. Бірақ қандай өнім екені жөнінде жақ ашпады. Семинар біткесін маған келіп, компанияның өнімін сатып алу үшін 700 мың теңге қаржы керек деді. Менде ондай қаржы жоқ еді. «Ақшаң болмаса, қысылма, банктен несие ала сал» – деді. Айтқан сөздеріне басым айналып қалғаны соншалық, бірден келісе кеттім, – деген Алена пирамидаға кіргеніне қатты өкінетінін айтып, әрі қарай әңгімесін  жалғады.

– Тренингтен кейін «Каспий банкіне» бардық. Қара тізімде тұрғандықтан, банк маған несие берген жоқ. Банк бермегесін  менен қалай да ақша алу үшін шағын несие қаржы ұйымына алып барды. Олар 700 мың емес, 380 мың теңге санап берді. Сол жерде «қамқоршым» ақшаны қалтасына салып алды. Артымнан кісі жинау керек дегесін, анамды тарта бастадым. Алғашында анам қарсы болған, артынан көнді. Депозитке жинап жүрген ақшасын салып жіберді. Күндер өтіп жатты, апта сайын осынша ақша табасың  дегендері  жалған екенін түсіне бастадым. Сосын кетіп қалдым.  Шынымды айтсам, қалай алданып қалғанымды өзім де білмеймін. Білетінім, олар семинар-тренингті бекер ұйымдастырмайды екен, миыңды улап, сені зомби қылып шығарады. Жалғыз мен емес, бірталай адам сан соғып қалды. Оның ішінде зейнеткерлер де бар. Білесіз бе, осы пирамиданың кесірінен ажырасып кеткендер өте көп. Тіпті өз-өзін өлтірмек болғандар да болды. Бұларға заңмен тыйым салып, жауып тастаса,  жақсы болар еді, әйтпесе, әлі талай адам алданады. Қазіргі таңда БҚО полиция департаментіне арыз түсіріп қойдым. Мені алдаған алаяқтардан ақшамды қайтарып аламын деген үміттемін. Не де болса,  соңына дейін  барамын. Менің жоғалтатын ештеңем жоқ. Адамдарға айтарым, қаржы пирамидаларына алданбаңыздар, олардың айтатындарының барлығы өтірік, – дейді опық жеген Алена Шляпина.

– Зардап шегушілерді үгіттеп, қаржылық пирамидаға кіргізген адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатқандықтан, дәл қазір ештеңе айта алмаймын, – дейді  өзін Аленаның адвокатымын деп таныстырған Асхат Бекенов.

Қаржы пирамидасына оңбай алданған тек Алена ғана емес, Саламат Ералин де қыруар қаржының астында қаламын деп ойлап, несие атты «қораға» қалай кіргенін білмей қалған.

– Бір күні келінім: «Мама, Саламат банктен несие алыпты, телефонына келген хабарламадан көрдім» – дейді. Қайдағы несие деп шошып кеттім. Артынан білгеніміздей, қаржы пирамидасына кіру үшін «Евразия» банкінен 950 мың теңге несие алған. Ұлымды алдап пирамидаға кіргізген Рүстем деген асаба  жігіт. Үнемі соның қасында жүретін. «Осында кірсең,   ақшаның астында қаласың» деп алдаса керек. Ұлым айтқанына сеніп, дегенін істеген. Содан Рүстемді шақырып, неліктен бұлай еткенін сұрасақ, «Мен ешкімді қинап кіргізген жоқпын» деп бар кінәні ұлыма жауып қарап тұр.

Сосын ұлым оның үстінен арыз жазды. Қылмыстық істің қозғалған, қозғалмағанын нақты білмеймін. Бірақ тергеуші өзара келісімге келуді ұсынған. Рүстем ортаға Бекзат есімді жігітті салып, ұлымның банктен алған 950 мың теңгесін сол өтейді деді. Басында Бекзат үш ай қатарынан 11 мың теңгеден төлеп тұрған, одан кейін мүлдем төлеген жоқ. Хабарлассақ, әр түрлі сылтауларды айтады. Қазір өзіміз ай сайын несиеге 20 мың теңгеден төлеуге мәжбүрміз. Қаржылық пирамидалардың банкпен байланысы бар-ау деймін негізі. Неге десеңіз, әншейінде несие алайын деп барсаң, толған құжат сұрап, бере қоймайды ғой. Ал менің ұлыма алғызғанда ешқандай құжат сұрамаған. Мұндайларды түп-тамырымен құрту керек, – дейді Саламаттың анасы Тілектес Байқадам.

Педагог-психолог Әсел Мәмбеталиеваның айтуынша, адамдардың қаржылық пирамидаға тез алдануының бірден-бір себебі – материалдық жағдайын оңай шешіп аламын деп ойлағаннан туын-дайды екен.

— Адам қартайғанда бала сияқты болады ғой, әр нәрсеге сенгіш келеді. Зейнеткерлердің алдануының себебі осында деп ойлаймын. Ал албырт жастар өздерінің қиялдарындағы «байлыққа» тез жеткісі келеді. Сондықтан қаржылық пирамида құрған тұзаққа бірден күмп етеді. Желілік маркетингпен айналысатындардың барлығы адам санасының ой-шұңқырын әбден зерттеген кәнігі психолог екені анық, – дейді  Ә. Мәмбеталиева.

«Ешкімнің  айтқанын  тыңдамаңыз!»

Адамдарға үш күн бойы семинар-тренинг өткізіп, санасын «сөндіріп» тастайтындай соншалықты не айтатындарын өз құлағымызбен тыңдау үшін, аялдамадан «Работа» деген бірнеше тілімдей қағазды алып,  онда көрсетілген ұялы телефонға қоңырау шалдық. Қоңырауға жауап берген  әйелге жұмыс іздеп жүргенімді айттым. «21-і күні Сарайшық 28Б мекенжайына келіңіз, төртінші қабатта отырамыз. Басшылық таңертеңгі сағат 10.00-мен 11.00-дің арасында, сосын түстен кейін сағат 16.00-мен 18.00-де қабылдайды. Сізге қай уақыт ыңғайлы, жазып қояйын. Келгенде хабарласуды ұмытпаңыз» – деп қадап айтты тұтқаның арғы жағындағы дауыс. Таңертең баратынымды байыппен жеткіздім.

Сонымен не керек, жазылып қойған күні әлгі мекенжайға бардым. Диктофонымды қосып, қалтама салып, төртінші қабатқа ақырын көтерілдім. «Хабарласуды ұмытпаңыз» дегесін, келгенімді ескерттім. Бір әйел қарсы алып, қаз-қатар тізілген орындықтардан басқа дәнеңе жоқ бөлмеге ертіп барып, отырғызып қойды. Мұнда жүргендердің барлығы шыттай болып киініп алған. Үстерінде костюм-шалбар. Кішкенеден соң келіп, қолыма анкета ұсынып, «мынаны толтырыңыз» – деді. Анкетаға аты-жөніңді, қай жылы туғаныңды, қайда тұрып жатқаныңды, қайдан білім алғаныңды, қандай жұмыс іздеп жүргеніңді, айлығы қанша болу керек, ұялы телефон нөміріңді көрсетуің қажет екен. Он минуттан соң жас шамасы 50-55-тегі  әйел келіп, өзімен бірге жүруімді өтінді. Соңынан бардым. Бөлмеге кірген бойда аузы-аузына жұқпай сөйлей жөнелген әйел әлемде теңдесі жоқ компанияның өкілі екенін, халық тұтынатын тауарларды сатумен айналысып отырғандарын айтты.

– Бұл компанияның Оралда жұмыс істеп жатқанына бес жылдай уақыт болды. Бізде қарапайым кеңесшіден бастап, басшының кө-мекшісіне дейін бос орындар бар. Адамдармен жұмыс істеп, өзіңізді көрсете алсаңыз, жоғары көтеріле аласыз. Мұнда студенттерге, зейнеткерлерге де жұмыс істеуге болады. Ол үшін біз арнайы жұмыс кестесін жасап қойдық. Негізгі жұмыстарына кедергі жасамайды. Тек күніге бір-екі сағат бөлсе болғаны. Сіз мұнда жұмыс істейтін болсаңыз, анда-мында жүрмейсіз, осы жерде отырып, туыстарыңызға, достарыңызға компанияның өнімдерін  жарнамалайсыз. Сіз әлі жассыз, көптеген жетістікке жете аласыз. Шетелдерге шығып көрдіңіз бе? Паспортыңыз бар ма? Біздің компания арқылы шетелдерге де шыға аласыз. Ай сайын 200 мыңнан 500 мыңға дейін табыс табуға болады, – деп бірнеше айда қалталы азаматтардың қатарына қосылатыныма  кепілдік  берді.

Айтып отырған әңгімесінің ертегі екенін білсем де, түк білмеген адамша «Шынымен, осыншама ақша табуға бола ма?» деп «таңданып» қойдым. Осылайша бір сағатқа созылған әңгімеден соң «Сіз толтырған анкетаны әлі басшылар қарайды, егер конкурстан өтіп жатсаңыз, үш күндік семинар-тренингке қатысасыз, содан кейін барып, жұмысқа қабылдаймыз. Кешке  хабарласып, нақты жауабын айтамын» деп шығарып салды.

Арада екі-үш сағат өткен соң жаңағы әйел хабарласып, мені конкурстан өтуіммен құттықтап, кешкі сағат 17.30-да баяғы мекенжайға өзіммен бірге дәптер мен қаламсап алып келуімді, семинар-тренинг бүгіннен басталатынын баяндады. Маған да керегі осы еді… Қалам мен дәптерімді алып, бір сағат бұрын ерте бардым. Барсам, басқа бөлмеде 15-20 адамға «уағыз» айтып жатыр екен. Көбі – жастар. Тыңдайын деп есікке жақындай бергенім сол еді, артымнан бір әйел жетіп келіп, «Сіздерге сағат алтыда басталады. Ерте келгенсіз, шеткі бөлмеге барып күтіңіз» деп таңертеңгісін кірген бөлмені нұсқады.

Жалғыз өзім бөлмеде жапан далада қалып қойғандай сезініп отырғанымда, жаныма жас қыз келіп жайғасты. Оны да семинарға шақырыпты. Өзінің айтуынша, жұмыс іздеп, газет ақтарып отырғанда, кеңсеге көмекші керек деген хабарландыруды көріп келген екен. Мұнан соң қатарымыз тағы бір жас студентпен, сосын зейнет жасындағы орыс әжеймен толықты. Кішкенеден соң Әсем есімді қыз келіп, сарыла күткен семинарды бастап кеп жіберді. Өзінің осы компанияның өкілі екенін айтқан ол бізге сөзін бөлмей, соңына дейін мұқият тыңдауымыз керек екенін, сұрақтарды соңында ғана қоятынымызды қадап айтты. Әуелі компанияның халықаралық деңгейде жұмыс істейтінін, бүгінде әлемнің 23 елінде филиалдары бар екенінен хабардар етті. Сосын  бизнесті қалай бастау керек екенін түсіндіріп, тақтаға бірдеңені шимайлай жөнелді. Алғашында түк түсінбедім. Сөйтсем, сызғаны бизнес жоспар екен. Шамалы кәсіпкерді жолда  қалдырады  дерсің…

– Бизнес бастау үшін алдымен идея, қаржы және өз командаң болуы керек екенін жақсы білесіздер. Сосын ниет, шыдам, мақсат ауадай қажет. Бұлар болмаса, жетістікке жету қиын. Біздің компанияда өсуге өте үлкен мүмкіндік бар. Мәселен, сіз осы компанияға кеңесші болып жұмысқа тұрсаңыз, бір күнде 200300 доллар қалтаңызға түсіп тұрады. Кейін ақырын жоғары көтеріліп, айына 1000-2000 долларға дейін  табыс табатын боласыздар. Жақсы емес пе? – деп бізді «жігерлендіріп» қойған қыз көңілдерінде күмән болмасын деді ме қайдам, әйтеуір ешкімді тыңдамауға кеңес берді.

«Мен де сіздер сияқты осы компанияға жұмысқа тұруға келіп, үш күндік семинар-тренингтен өттім. Сосын үйге барып, анама жақсы жұмысқа тұрғанымды айттым. Анам қандай жұмыс екенін сұрады. Мен айына осынша ақша табатынымды айтқанымда, анам қатты қуанды. Компания турасында сіздерге туыстарыңыз немесе таныстарыңыз жағымсыз пікірлер айтуы мүмкін, бірақ адам өмірде қандай да бір белесті бағындырамын десе, өзінің қалауымен ғана жүруі керек. Сондықтан сіздер кім не айтса да, семинар-тренингтен қалмай қатысыңыздар. Ертең басқа «оқытушылар» бұдан жақсы нәрселер айтады. Сонда өздеріңіздің көздеріңіз жетеді. Бүгінге осы», –  деп  бөлмеден  шығып  кетті.

Мынадай сөздерден кейін қақпанға түспей көріңіз енді, бұлар шетінен психолог па дерсің, адамдарды өздеріне тартудың небір айла-тәсілін үйреніп алған. Семинар-тренинг біткен соң сыртқа шығып келе жатып, қасымда отырған қыздан алған әсерін сұрадым. Айтқандары бұған қатты әсер етсе керек, «Өте керемет, кез келген нәрсеге тәуекел ету керек қой, маған ұнады» – деп жауап берді. Негізі, үш күндік семинарларына толық қатысып, эксперимент жасаймын деп ой-лағанмын. Бірақ бірінші күнгі семинардан соң айнып қалдым. Өйткені қалағаныңды әп-сәтте көз алдыңа әкеліп беретін мұндай алаяқтарға қалай алданғаныңды өзің де білмей қаласың  ғой. Сондықтан іргемді аулақ салғаным жөн дедім.

«10 күнге Египетке барамын»

Желілік маркетингпен айналысып жүрген  Орал қаласының тұрғыны Ақмарал Қадырова материалдық жағдайды жақсартуға болатындығын  айтады.

– Өзімнің тұрақты жұмысымды тастап, мұнда осы жылдың сәуір айында келдім. Келгеніме өкінбеймін. Ай сайын 200 мың теңге  тауып жүрмін. Бұл жерге бір-ақ рет қана қаржы саласың, әрі қарай артыңа екі-үш адам жинап, жұмысыңды істей бересің. Біз ештеңе сатпаймыз, тек қол жуатын сабынды жарнамалаумен айналысамыз. Бұйырса, жақында компанияның атынан 10 күнге Египетке барамын,  – дейді Ақмарал Қадырова.

Олар салық төлей ме?

Бұл сұрақтың жауабын білу үшін  Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына барған едік.

– Желілік маркетингпен айналысатындар салық төлеуге міндетті. Бірақ олар қандай да бір адамның атына жеке кәсіпкерлік ашатыны анық. Енді олардың салық төлеп отырған, отырмағанын білу үшін, ең алдымен, жеке кәсіпкерлік кімнің атында, соны анықтау керек. Егер осындай адам жеке кәсіп ашып, салық төлемей отыр деп арыз түсетін болса, біз прокуратурадан рұқсат алып тексереміз, – дейді Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы  басшысының орынбасары Есенжол  Бердіғалиев.

Желілік маркетингтерді жаппай жамандаудан аулақпыз. Мақсатымыз – соңғы уақытта алаяқтықпен айналысып, талай адамды тақырға отырғызып жүрген ұйымдардың көбейіп бара жатқаны жөнінде дабыл қағу еді. Бір өкініштісі, мұндай ұйымдарға адамдар саналы түрде жем болып жүр. Сондықтан құрметті оқырман, «тегін ірімшіктің тек тышқанның қақпанында ғана болатынын»  ескергейсіздер.

Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»

P.S.:

Бұл мақаланы дайындау барысында біз БҚО полиция департаментіне 16 қараша күні қаржылық пирамидаға байланысты бүгінгі күнге дейін қанша адамнан арыз-шағым түскенін, күдіктілер ұсталған ұсталмағанын, күдіктілерге қандай шара қолданылып жатқанын, зардап шегушілердің ақшалары қайтарылды ма? деген бірнеше сауал (ресми хат) жолдаған болатынбыз. Жолдаған хатымызға жауап берер түрлері болмағасын департаменттің баспасөз қызметіне қайта-қайта телефон шалумен болдық. «Әне жібереміз, міне жібереміз» деп 10 күннен кейін ғана берген жауаптары төмендегідей: