27.11.2018, 10:57
Қараулар: 345
«Орыстар» аздай, енді «армяндар» шықты…

«Орыстар» аздай, енді «армяндар» шықты…

Бірден мәселенің басын ашып алайық, әңгіме әсте ұлтаралық қарым-қатынас жөнінде емес. Мәселе Ресей Федерациясынан тіркеуден шығарылғанымен, ресейлік нөмірмен Батыс Қазақстан облысының аумағында тайраңдап жүрген темір тұлпарларда болып тұр. Дәлірек айтқанда, әңгіменің бәрі әлгіндей көлікті тақымына басқан батысқазақстандықтардың өздеріне барып тіреледі. Өйткені олар өздері тізгіндеген көлік еш жерде тіркелмегендіктен, жол жүру ережесін бұзуға тым үйір көрінеді. Облыс аумағындағы көптеген жол-көлік оқиғаларына түрткі болған ресейлік нөмірлі көліктердің лаңы аздай, енді оларға Армениядан әкелінген аутоарғымақтардың тізгінін ұстағандар қосылды…

Биылғы жылы күні бүгінге дейін облыс аумағында 308 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның 187-сі ресейлік нөмірлі аутокөліктердің қатысуымен орын алған. Жаңағы 308 жол-көлік оқиғасының кесірінен өкінішке орай, 341 адам жарақат алып, 96 адам қаза тапқан. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларынан жарақат алғандардың саны төмендегенімен, қаза тапқандардың саны артып отыр.

Жергілікті полиция басқармасы берген деректер осылай дейді. Заңды тіркеуге тұрмайтын, жергілікті жерге салық төлемейтін, басқаша айтқанда, «ауадағы» көліктерден келетін кесірлердің көп екендігі жоғарыдағы цифрлардан анық байқалады.

Арзан бағаға көршілес Ресейден қарша жауған, осы жердің жолын таптап, ауасын ластап жүрсе де, «пропискаға» тұрмайтын, қазынаға көк тиын пайда әкелмейтін «келімсек» көліктердің көбейіп кеткендігі туралы дабыл қаққандығымыз күні кеше секілді еді. Іргелес мемлекеттен келген көліктерді жергілікті жердің заңына қайтсек бағындырамыз деп бас қатырып жүргенімізде, батысқазақстандықтар Армения асып, арзан аутоарғымақты сол жақтан таси бастады.

Бүгінде қала көшелерінде Армениядан әкелінген, сол мемлекеттің нөмірін таққан көліктер қаптап жүр. Ебін тауып, екі асайтын «пысақайлар» бұны бизнес көзіне де айналдырып алыпты. Олар туралы деректі сол елдің көлігін тізгіндеген кісіден немесе ғаламтордағы деректерден оп-оңай табуға болады.

– Осы кезге дейін мініп келген көлігімнің әбден тозығы жетті. Аутосалоннан жаңасын сатып алуға қалта көтермейді. Отбасылы болған соң бірнеше жылға несие алғанды да жөн көрмедім. Қазір жұрттың бәрі арзан аутоны Армениядан әкеліп жатыр ғой. Содан біреулерден ақысын төлесең, сол елге ертіп барып, көлік алып беруге жәрдемдесетін «делдалдардың» телефон нөмірлерін сұрап алдым. Алғашында «Армения қайда, біз қайдамыз?» деп қорыққам, соңынан тәуекелге бел будым. Әлгі адаммен хабарласып, қанша қаражатымның бар екендігін, қандай көлік алғым келетінін айттым. Ол да өз еңбегінің бағасын жасырмады. Сөйтіп, 40-50 мың теңгені «көшбасшыға» беретін болып келістік. Өзім секілді арманындағы көлігін арзан бағаға алғысы келетін бауырларыммен бірге минивенге мініп, Арменияға аттанып кеттік. Жолшыбай кімге қанша сомаға қандай көлік керек екендігін біліп алған жолсерігіміз сол жақтағы әріптестерімен байланыс ұстап отырды. Барған бойда әркімнің көздеген көліктерінің бірнеше нұсқасын дайындап қойыпты. Таңдағанымызды алып, есептесіп, елге қайттық. Бұрын қайда,  қанша жыл жүргенін білмеймін, әйтеуір, сырты бүтін көлік алғанымызға біз де риза, діттеген жұмысымызды бітіріп, олжалы оралған делдал да разы. Енді қанша жыл кәдеме жарарын уақыт көрсетер, – дейді Бақберген есімді кейіпкеріміз.

Шынымен де, қазіргі таңда еліміздегі аутокөліктердің бағасы айтарлықтай қымбат. Қазақстанда құрастырылған отандық өнім тиімді пайызбен несиеге  берілсе де, оны бірнеше жыл бойы өтеуге халықтың аса ықылас танытпайтыны ақиқат. Сол себептен, жұртшылық Еуразиялық одақтың мүмкіндігін пайдаланып, Ресей, Қырғызстан, Армения секілді елдерден ескі көліктерді әкелуде.

Өткен жылдың қазан айынан бастап Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттерде көлік құралдарына жеңілдетілген тәртіп енгізілгені мәлім. Яғни бұрын одақтас елдерде тіркелген көліктер алты айдан соң шекарадан кері шығуы немесе уақытша тіркелуі тиіс болса, бұдан былай бұл шектеудің күші жойылды.

– Бүгінгі таңда облыс көлемінде 140 мыңнан астам көлік құралы заңды түрде тіркелген. Ал Еуразиялық одаққа мүше елдерден әкелінген көліктердің нақты саны белгісіз. Шет мемлекеттерден келген аутокөліктерді тіркеуге алу заңмен белгіленбеген. Біздің өңір Ресей Федерациясының бес бірдей облысымен шекаралас болғандықтан, сол елден әкелінген көлік саны күрт артып отыр. Оның басты себебі, ол жақтағы аутокөлік бағасының арзандығында. Батысқазақстандықтар Ресейден қалтасындағы қаражатына ыңғайлы келетін көлікті емін-еркін шекарадан өткізіп, осы жақта пайдалана береді. Оған ешқандай тыйым жоқ. Жергілікті полиция қызметіндегі іздеу бөлімі шетелдік нөмірлі көліктердің есебін жүргізуге тырысып-ақ бағуда. Ұйымдастырылған шаралар барысында ресейлік нөмірлі аутокөліктерді тоқтатып, құжаттарын тексеріп, тізімге енгізуде. Бүгінде біздің тарапымыздан тіркеуге алынған ресейлік нөмірлі аутокөліктердің саны мыңнан асты. Сол тізімге тіркелген көліктер туралы ресейлік әріптестерімізге көліктің заңдылығы, есепте тіркелуі туралы сұраныс жолдаймыз. Бұл тек іс-шаралар барысында анықталғаны ғана. Негізі олардың саны едәуір көп екендігі белгілі. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тіркеу нөмірлері арқылы ресейлік әріптестерімізге жолданған 400-ге жуық  сұраныстың 100  шақтысына жауап келді. Нәтижесінде 20-дан астам көліктің жоғарыда аталған Ресей облыстарының есебінен шығарылғандығы, үш көліктің іздеуде екендігі  анықталды. Бізде тіркеуде бар, бірақ бұрынғы жүрген өңірінде есепте жоқ аутокөлік иелерін жолдан тоқтатып немесе тұрғылықты жерлеріне барып, мемлекеттік нөмірлерін тәркілеп, көліктерін айыппұл тұрағына қойғызу шаралары жүргізілуде. Былтыр шекаралас облыстармен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын. Сондықтан бұл бағытта жұмыс жақсы жолға қойылды, – дейді БҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Кенжебек Құспаев.

Егер шет мемлекеттерден әкелінген аутокөлік «ЕУРО-4» стандартына сәйкес болса, онда біздің мемлекетке заңды түрде кіргізе алады. Бірақ көлік иелері біздің мемлекетке тіркеуге қойып, нөмір алу үшін қыруар қаражат жұмсауы керек. Ол шығындар көліктің өзіндік құнынан 2-3 есе асып кететіні анық.

Армениядан әкелінген көліктерді сатып, пайда табушылардың саны да артқан. Ғаламтордағы көлік сатуға арналған парақшаларды қарасаңыздар да, темір тұлпар базарына бара қалсаңыз да, сол елдерден әкелінген аутодан көзіңіз сүрінеді. Сырты жылтырап тұрған көліктердің бағасы да әжептәуір арзан.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, Армениядан әкелінген аутокөліктер жаңа әрі сапалы болғандықтан шығар, бұл көліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы әзірге орын алмаған. Тіркеуге қойылмағандықтан, бүгінгі таңда олардың нақты саны да белгісіз. Полицейлер тұрғылықты  жерін таппай, тайраңдаған темір тұлпар иелеріне көшедегі жол белгілері, жылдамдықты сақтау тәртібі, бейнебақылау камералары секілді шектеулер тіптен соқпайды екен. Шетел нөмірлі көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының көбеюіне де осы жүгенсіздік ең басты себеп көрінеді.

Шыны керек, осыдан 15-20 жыл бұрын көлік байлық пен барлықты байқатса, бүгінде қарапайым күнделікті қозғалыс құралына айналған. Құп делік, қаракөз ағайынның жағдайы жақсарып, заманына лайық тірлік кешкеніне, әрине, қуанамыз. Алайда, қалтаға қолайлы болғанмен, өзіміздің емес, өзгенің экономикасын өркендетуге үлес қосып жатқанымыз, ел ішіндегі көлік «қоқысын» тазартамыз деп жүргенде, жанымыздан келіп «біреудің тамтығы» кіріп жатқандығы өкінішті-ақ.

Жергілікті жердің жолымен жүгенсіз жүріп, қоршаған ортаға зиян келтіретін, салық пен полициядан бой тасалайтын «келімсек» көліктерге белгілі бір заңдылықтың, тәртіптің керегі айдан анық. Бұл мәселе, әсіресе, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен біздің өңірде өршіп тұр. Орын алған түйткілдің түйінін шешіп, белгілі бір заң немесе ортақ ереже қабылданбаса, күні ертең кең байтақ даламыздың темір қоқысына айналмасына кім кепіл?

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.