«Жақсы кітап іздегендей, жақсы адамды әлі іздеп жүремін»

Дарынды адам – дархан дала секілді. Оның құшағына бар әлем сыйып кететіндей көрінеді. Қазақтың «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөзіне куәлік боп жүрген сондай жандардың бірі – Әкім ЫСҚАҚ. Ол – елімізге белгілі қайраткер, мамандығы физик, шетелдегі қазақтың тастанды балаларының іздеушісі, ақын, композитор, сатирик, журналист, заңгер, Қазақстан педагогика академиясының профессоры, туындылары мектеп оқулықтарына енген, ең бастысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің сеніміне ие болған халық қалаулысы. Міне, сырлы сұхбатымыздың кезекті кейіпкері болған оның өнері, тіпті  жетеуден де асып кетті…

– Әкім Әбдіқайымұлы, бір сұхбатыңызда бала күнгі арманыңызды: «Атам мұғалім, әкем де мұғалім, мен де өмірбақи мұғалім боламын» деп суреттеген екенсіз. «Ауылдан жырақ кетіп қалада немесе Астанада тұрамын» деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген жан бүгінгі күнге қалай жетті?

– Расымен де, біз мұғалімдер әулетіненбіз. Атамыз Сұлтан «Ұрпаққа аманат» атты кітабында «Дүниеде тек жақсы атану үшін ғана өмір сүрме. Адамдық парызыңды ұмытпай, аманатқа адалдық таныта біл» деген өсиет қалдырыпты. Осынау 700 жыл өтілі бар әулетіміздің бүгінгі басшысы 84 жастағы әкем жақында ғана Астанаға келіп отбасылық байқауға қатысып, «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша марапатталды. Атам мен әкем секілді менің де мұғалім болуым заңдылық еді. Ал, шындығында, ешуақытта ауылдан алыста өмір сүремін деген ой болған емес. Бәрі де сол ізденіс пен ішкі демеудің арқасы шығар, бәлкім. «Ең үлкен жеңіс – өзіңді өзің жеңу»  дейді. Әйтеуір, өмірдің ағымымен кетпей, ізденгенді жаным сүйеді.

Айтпақшы, өзім күнделік жазамын. Жастарға арнаған қанатты сөздерімнің бірінде: «Өзін-өзі тәрбиелеуді тоқтатқан адам – өмір сүруін де тоқтатқанмен бірдей» дегенге тоқталыппын. Ал өмір сүру дегеніміз – таңның атуы, күннің батуы емес, бұл адамның өзін түсінуі, талдауы, алға ұмтылуы, айналаға жарық пен жылу бөліп, соны өзгелерге ұғындыра білу деп ойлаймын. Мүмкін, бүгінгі күнге жеткізген де сол бір ізгілікті ниет шығар. Шүкір, қай уақытта да әр басқан қадамымды қанағат деп қабылдап келемін. Бір жағынан, атамыздың қалдырған аманаты, өсиет-өнегесінің көп әсері болды деп топшылаймын.

– Сізді жерлестеріңіз «Бір тиынсыз депутат болып сайланған» деп айтады. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде 1997 жылы өзіңіз бастамашы болып қазақ тілінде тұңғыш рет жазған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның Парламентте қабылданып, оған Елбасының қол қоюы – ел есіндегі ерекше оқиға. «Депутат бастамашы болып, ол заңның қабылдануы Парламент тәжірибесінде өте сирек болатын ерекше оқиға. Ол да кез келген депутаттың үлесіне тие бермейтін ерекше саяси жетістік, табыс. Оның орны бөлек»  дейді бұл туралы әріптесіңіз Қуаныш Сұлтанов. Жалпы, егемендіктің елең-алаңында тұңғыш рет қазақ тілінде заң қабылдау қаншалықты  қиынға  соқты?

– Естеріңізде шығар, бірінші шақырылымда жергілікті жерден әркім өзінің кандидатурасын ұсынып, үміткерлер қатарынан табылуға толық мүмкіндігі болды. Біз Ордабасы сайлау округінен үш адам түстік. Халықтың алдында жүргендіктен бе, баспасөз бетіне жарияланған дүниелердің әсерінен бе, өз ойымды бүкпесіз ашық айта  білдім. Сол көптің көңілінен шықты ма, шешуші дауыс беру кезінде депутат болып сайланғанымды бір-ақ білдім.

Ал заңның қабылдануына келсек, ол шынында оңайға соққан жоқ. Үкіметтен «Көші-қон туралы» заң жобасы Мәжіліске түскенде мен жұмыс тобының жетекшісі болып бекідім. Сол топқа басшылық  жасап, жұмыс жүргізейін десем, ұсынылған  жобаның халыққа қыз-мет етпейтінін бірден түсіндім. Онда Отанға оралушылардың мәртебесі босқындармен біріктірілген. Екіншіден, Қазақстанға көшіп келетіндер емес, көшіп кететіндер үшін мүмкіндік қарастырылған. Осындай толып жатқан олқылықтарды көріп, жүрегім ауырды.

Мұның бәрін жөндеу оңайға соқпады. Сол себепті мен аталған жұмыс тобына жетекші болудан бас тарттым да, өзімнің баламалы түрде қазақ тіліндегі заң жобасын ұсындым. Ондағы негізгі мақсат – өзімді көрсету емес, ұсыныстарымның қабылдануына негіз жасау еді. Сөйтіп, шеттен келген ағайындардың басын құрап, жаңа жұмыс тобын құрдым. Оның нәтижесі еселі еңбек пен қайтпас қайсарлыққа тікелей байланысты болды. Өзің ниет еткен тірлігіңнің табандылығы маңызды еді. Бастысы, халықтың қолдауымен жеңіске жеттік.

– Сонымен, Қазақстан парламентаризмінің тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде заң жазған депутат ретінде қалдыңыз. Бұдан бөлек, халық  қалаулысы ретінде қандай мәселелердің шешілуіне себепші болдыңыз?

– Ол әрбір халық қалаулысының парызы, міндеті ғой. Білмеймін, жұмысқа беріліп кеткеннің арқасы ма, адамдар алдыма күндіз-түні көп келетін. Өзің сайланған округтен бөлек, еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінен, батысы мен шығысынан адам арылған емес.

Бәрін бірдей қабылдауға, мәселесіне терең мән беруге тырыстым. Иә, ерекше есте қалған оқиғалар аз емес. Санкт-Петербург-те «Халықтың көші-қон туралы» заңының Парламентаралық Ассамблеяда ТМД елдері арасында модульдік заң ретінде талқылануы еліміздің абыройын асқақтата түсті.

Жекелей адамдардың өтініштеріне келсек, жүздеген оралмандардың азаматтықпен қатар пәтер, білім алуына да атсалыстым. Әсіресе, Ауғанстандағы соғыс өртінен қашып, Пәкістандағы шиеленісті жерде бастарына қауіп төнген, аш-жалаңаш қалған 700 қазақтың аман-есен Қазақстанға оралуына қолұшын бердім. Дәлірек айтқанда, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдау арқылы сол жақтағы қандастарымызды арнайы ұшақпен алдыруға мұрындық болдым. Бұл «мен мынаны жасадым, ананы атқардым» деген әңгіме емес, алдыма адам келсе, тыңдауға тырыстым. Ал  арыз келсе, мәселесін мезгілінде шешуге жұмыстандым. Есесіне, бүгінде көп адамның көзіне қысылмай, тура қарай аламын.

– «Адам іздеп жүрмін», «Жүректегі жазулар» атты кітаптарыңыз жастардың сүйікті дүниесіне айналған. «Өмір болғаннан кейін кейбір адам, тіпті  дарияның арғы бетінде қалып кетуі де мүмкін. Өмір үздіксіз ізденісте болған соң бәрібір жақсы кітап іздегендей, жақсы адамды іздейсің, сағынасың» деп жазыпсыз…

– Бұл рас, жақсы адамды әлі де іздеймін. Жай ғана іздеп қою да аздық етеді. Өмірдің байлығы, ол – адам екені анық. Одан артық, асқан байлық жоқ. Біздің әр күніміз іздеуден тұрады. Іздемеуден, адам-дардың қадірін сезінбеуден ең бір аяулы сәттерді жоғалтып алатынымыз жасырын емес.

– Ендеше, іздегеніңізді таптыңыз ба?

– Әрине, таптым. Соның арқасы шығар, мынау өмірге, айналама ризамын. Себебі, бізді қоршаған – адамдар. Ал олардың жаманы болмайды. Бірақ кейде біз бір-бірімізді түсіне бермейміз. Адамдық тұлғасы бар, жан дүниесі бай, ізгілігі мол жандар – менің жақыным, туысым, ағайыным. Ал керісінше, туыс бола тұрып, көңілі кедей болса, оны жақын адамым деп қабылдауым қиын.

– Сөзіңіз аузыңызда, «Көңіл қымбат» дейтін жансыз. Осы аттас әніңізді барша жұрт жатқа біледі. Кезінде өзіңіз жақсылық жасаған жақын адамдарыңыздан көңіліңіз жиі қалатын секілді…

– Қандай  жағдайда  да атамның мына өсиетін бағдаршам еттім: «Біреу жылар, біреу күлер. Бұл жалғанның қадірін біреу білмес, біреу білер. Күн ашықта ағайын да, дос та табылар. Нағыз жақының дауыл тұрғанда танылар».

Турасын айтсам, адам баласынан көңілім қалатын жан емеспін. Тіпті біреу көңіліме тиіп, ренжіткен болса да, оны кешіремін. Әйтсе де оңай емес. Осындайда ақын Қадыр Мырзалиевтің «Тіршіліктің тыңдап көр қоңыр күйін: Адам түгіл, тозады темір бұйым. Тұрмыс пенен өмірді шатастырма, Тұрмыс жеңіл болғанмен, Өмір қиын!» деген өлең жолдары еске түседі.

Ал «Көңіл қымбат» атты әнімнің тарихы тереңде жатыр. Өмірімде өзіме ең жақын екі анам болды. Олар бес-алты ай аралығында бірінен соң бірі өмірден өтіп кеткен кезде көңілім өте жетімсіреп қалғаны рас. Баланың үлкені болғандықтан, атам мен әжемнің бауырында өстім. Әжем Тынтай анамның жүзінен шуақ төгіліп тұрса, мені дүниеге әкелген Ләйла анам жеңгем болып есептелінетін. Бірінші рет жаныма жақын, ең мейірімді жандарды мәңгіге жоғалтудың өте қиын екенін сонда сезіндім. Сол екі адамның құрметіне Астанадағы «Конгресс-холл» сарайында 4-5 мың адам жиналған үлкен залда «Жүректегі жазулар» деген шығармашылық кешімді бердім. Сонда тұңғыш рет «Көңіл қымбат» деген әнім орындалды. Кейін халық арасына кеңінен тарап кетті. Бұл ән Қырғызстан, Өзбекстанда да өз тілдерінде айтылып жүргенінен хабарым бар. «Біз балалар үйіненбіз» деген фильмде саундтрек ретінде де қолданылды.

Сондықтан бұл біреуге өкпелегеннен емес, өмірдің өзі оңай емес екенін, кейде адамның көңілінен артық ештеңе жоғын сезіндіруге бағыттайтын ән. Мұның астарында зор мән жатыр. Өйткені, «кіп-кішкентай көңілді қалдырмауға тырысайықшы, адамдар, қолдан келгенше жақсылық жасаңдар, бүгінгі жақының ертең жоқ болуы мүмкін, бұл өмір келеді-кетеді, ал ең қымбат нәрсе – көңілді жоғалтпайықшы» деген ниет.

– Оқырмандарыңызға өмірбаяныңыз «тосындау». Оңтүстік Қазақстан облысында физика мен еңбек пәнінің мұғалімі, Алматыда заңгер мамандығын бітірген екенсіз. Ал  шығармашылыққа қалайша бет бұрып жүрсіз?

– Бұл адамның мамандығына байланысты емес. Мен физика, астрономия, еңбек пәндерінен сабақ бердім. Сондықтан мұғалім болсаң да, шығармашылығыңды шыңдамай, жұмыс істей алмайсың. Адамдық сандығың маржан мен гауһардай асыл ойларға толса ғана нағыз байлыққа кенелгенің. Бірдеңе жазсам деген талпынуды оқушы кезден қолға алдым. Республкиалық газет-журналдарға мақала, өлең, сықақтарым шығып тұрды. Бұл істі студент кезде физика факультетінде оқысам да жалғастыра түстім. Әсіресе «Бір физиктің махаббаты» атты өлеңім физика терминдерімен жазылғандықтан ба, студенттер арасында жиі оқылатын. Атамыздың нөмере-шөберелеріне арнап жазғандарына жиі үңілетінмін, соның да әсері болса керек, түптің түбінде шығармашылыққа түбегейлі  бет  бұрдым.

– Сіз жайлы сөз болғанда, еңбектеріңізді түгендеп шығу мүмкін емес. Халыққа түрлі қырыңыздан танылған жансыз. Ақын, жазушы, журналист-публицист, сазгерлікті былай қойғанда, заңгер, тіпті саяси тұлға ретінде де жақсы білеміз. Бірақ жаныңызға  қайсысы   жақын?!

– Ең жақыны – адамды адам деп бағалаудан артық ештеңе жоқ. Ақын, жазушы, есепші, мұғалім, прокурор, әкім болсаң да, адамдық қалыптан ауытқымаған жөн. Сен жұртты бағаласаң ғана жұрт сені мойындайды. Елден артық биіктік жоқ, оның алдында бәріміз де кішіміз. Кішіпейілділік пен кісілік – менің негізгі ұстанымдарым.

– Отызға тарта кітаптан бөлек, жүзге жуық ән, бірнеше ондаған әнге сөз жаздыңыз. «Көңіл қымбат», «Соңғы вальс», «Әдемі-ай», «Көк тудың желбірегені» секілді әндеріңізді көп-шілік сүйіп тыңдайды. Жалпы, әніңізді «танымал» ету үшін атақты әншілерді іздеген кезіңіз болды ма?

– Жалпы, ән әуеніне сәйкес келетін әнші болғаны жақсы. Себебі, ән ең алдымен тыңдарманның жүрегінен орын табуы қажет. Шәмшінің әндері неге халық санасына тез сіңісіп кетті? Себебі, мәтіні мен әуені өзара үйлесім тапқан. Ал мендегі мақсат көңілдегі жан дауасын, ішкі дүние байлығын, жүректегі жазуларды жеткізу.

– Бүгінде жастар сізді жиі іздейді. Кездесулерге көп шақырады. Жастарға жақындығыңыздың сыры неде?

– Өзіміз де жас болдық. Үлкендерге жаутаңдап қарайтынбыз. Біреу жақсы сөз айтса, бағыт-бағдар

берсе, қуанып қаласың. Әйтеуір, адамның адаспағанын қалайсың. Мен әлеуметтік желіде он жылдан бері «Алтыным» деп қаратпа сөздерімді қолдану арқылы кейінгі буынға ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Сондықтан шығар, жастар жиі шақырады, солардың ортасынан көбірек табыламын.

Жастардың әлемінде ізденіс, жаңалық, ертеңге деген үлкен үміт пен сенім бар. Оларға үйретеріміз де, үйренеріміз де аз емес. Оның үстіне, өнер бар жерде қайнаған өмір, нағыз сұлулық бар. Ал сұлулықтың басты қағидасы – ізгілік, адамгершілік, адалдық.

– «Кейінгі жастар батыр бабаларымыздың есімдерін ғана емес, ерліктерін де қайталап өссе…» деп армандайсыз. Бірақ кейбір жастарымыз батыр бабаларының есімдері түгілі, өзі-нің жеті атасын жатқа білмейді ғой…

– Иә, өз тілінде сөйлемейтін, ұлттық сана-сезіміне, ұлтжандылыққа немқұрайлы қарайтын жастарға қарным ашады. Жақында ғана Елбасы өз мақаласын «Ұлы даланың жеті қыры» деп бекерге атаған жоқ. Кешегісіз бүгін жоқ, бәрі де біздің өткенімізге байланысты. Сол секілді «Рухани жаңғыру» ұғымы тектен-тек туған жоқ. Өткенімізді білсек, өзімізді тани түсеміз, «Мәңгілік ел» болуға қадам басамыз. Ұлы даланың ұлы перзенті екенімізді көрсету – әрқайсымыздың парызымыз.

– Орал қаласында шығармашылық кешіңіз өткелі жатыр екен. Бұл өңір сізге несімен қымбат?

– Қазақтың әрбір жері қасиетті. Еліміздің шетінде, желдің өтінде тұрған, намыс пен ардың өлшеміндей Ақ Жайық өңірінің орны бөлек. Еуропа мен Азияның алтын көпірі атанған бұл – Сырымның, Құрманғазының, Динаның, Дәулеткерейдің, Ғарифолланың, Мәншүктің, Жұбанның, Тайырдың, Қадырдың, Ақұштаптың атамекені. Осынау жерді қалай сүймейсің, қалай құрметтемейсің?! Өмірімдегі бір арманыма айналған асыл жерге табанымның тигеніне бақыттымын! Киелі өлкеге басымды иемін!

Әңгімелескен Нұрсұлтан  МЫҚТЫБАЙ,

журналист

ӘКІМ  ЫСҚАҚТЫҢ  ҚАНАТТЫ  СӨЗДЕРІ

Алтыным! Адамдарды қуантуға асығайықшы. Жақсы сөз – жанның азығы. Ол көңіл сыйлайды, біле білсең, өмір сыйлайды. Шындығында, әрбіріміз бір жылы сөз естігіміз келетіні жасырын емес. Ізгілігіңді ұқтырып, бір жанды болса да қуандыра білуің – сенің адам екеніңнің белгісі.

Алтыным! Әлемдегі ең әдемі сөз не екенін білесің бе? Меніңше, бірінші анаңның «айналайын» дегені, екінші адал жүректен шыққан шынайы сөз! Ол да тек ең жақын деген адамыңа ғана айтылады.

Алтыным! Шаршадым дейсің! Шаршама, жаным! Қайта жарқырай, жадырай түс! Мұңайма, қиналма! Өйткені қасыңда досың да, жауың да қатар жүр! Өйткені, бірі сынайды, бірі сүрінгеніңді қалайды. Оларға осалдығыңды көрсетсең, шаршағаныңды сездірсең, сыйлағысы келмей қалады. Себебі, мына заман тек мықтыны ғана мойындайды, ал әлсізді таптап кетеді…

Алтыным! Сен маған «Суретке бәрі күліп, жарқырап түседі, ол сурет мәңгі дәл сол күйі күлімсіреп қалады, ал өзіміз мәңгі олай болмайтынымыз өкінішті» дейсің. Ал мен «Өкінішті емес, қуанышты, көлеңкені емес, күн сәулені, ызғарды емес, шапағатты, жаманды емес, жақсыны, өткенді емес, асыл арманыңды ойлағанда ғана биікке, жеңіске жетесің» деймін.

Алтыным! Өмір адамға – жақсыны табу үшін, ғұмырлық ғибрат алу үшін, оттай жану үшін, ізгілікпен жүректерде қалу үшін, жақсылардың қатарында болу үшін берілген!

Алтыным! Өзіңді қайра, жігерлендір. Елдің ұлы, намыстың құлы екендігіңді көрсетсейші.

Өміріңді сүйетін болсаң, Өзіңді сүйетін болсаң, қалғыма, қайыспа, қайғырма! Қайта қадамыңның қарыштылығымен, қанаттың талмайтындығымен достарыңды сүйіндір, дұшпаныңды күйіндір! Алмас қылыштай жарқырай білсең, күнге құштар гүлдей жайнай білсең ғана адаммын деп есепте өзіңді.

Ештеңені білмейтін, ештеңені білгісі келмейтін, өз ұлтына немқұрайлы қарайтын адамнан қорқу керек! Себебі, оған мына дүние өртеніп кетсе де бәрібір. Меніңше, адамның адамдығы – ізгілікті ұғып, намысты таптатпай, рухыңды қорғай білуінде, жақсыны тануында емес пе? Бір рет берілетін өмірде онсыз да аз нәрсе жоғалтпаймыз ғой. Бұл дүниенің бір қызығы – аталар аманатына адал болу, қасиеттің сырын ұғу, қазағыңның туын асқақ ұстай білу!