Көңілден шыққан «Құдалар»

Өткен аптада Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері М. Байджиевтің  «Құдалар» атты драмасын сахналады.

Қойылым сюжеті қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және заң шеңберінде ғана емес, моральды тұрғыдан жемқорлықтың шынайы келбетін ашуға бағытталған.

Қойылым барысында қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Күрішбекке жеңгесі Бәтес ұлының сабағын жақсарту үшін 100 доллар бермек болады. Алайда ар-намысына дақ түсірмеуді көздеген ұстаз: «Пара алғанша өлгенім жақсы, ұстаздың ар-намысын неге ойламайсың?», – деп шорт кеседі. Бұған қатты ашуланған жеңгесі көрместей боп кетеді.

Күрішбек пен Сайранның ұлы Есен Мәскеуде білім алып жүріп, аяқ астынан Әсел есімді аруды алып қашып келгенде, ата-ананың қуанышында шек болмады. Дереу ата-баба дәстүрімен қыздың ата-анасының алдынан өтуге барады. Әселдің әкесі Бөпіш пен анасы Кәкіштің құдаларын қарсы алуға дайындалған түрлері көрерменді күлкіге қарық қылды. Басында «қызымызды бермейміз» деп тайдай тулағанымен, артынан көнеді. Құдаларына тойды жақсылап өткізулерін талап етіп, дастарқан басына қойылатын тағамдар жазылған тілімдей қағазды қолдарына ұстатқанда, Күрішбек пен Сайранның екі көзі шарасынан шығып кете жаздайды.

Бір күлдіріп, бір мұңайтқан қойылымда Күрішбек пен Сайран жалғыз ұлының тойына екі миллион теңге қаржы таппай, бастары әбден қатады. Ал ұлы болса, әкесінің көлігін сатуға, қала берді Бәтес апасына хабарласып, «Әкем ұлыңыздың сабағына бес қойып берем дейді, тек ол үшін 100 доллар берсеңіз болды», – деп әкесі үшін шешім шығарады. Бұған қатты назалы болған әке үйден кетіп тынады. «Өмірлік серігімді таптым-ау!» деп ойлаған Әсел Есенді жолықтырғанына қатты өкінеді.

Есенжол   САНСЫЗБАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»