23.11.2018, 19:16
Қараулар: 108
«Алимент өндіріп, күн көреміз» немесе масыл жастардың саны неге көбеюде?..

«Алимент өндіріп, күн көреміз» немесе масыл жастардың саны неге көбеюде?..

Заман  дамып, өзгерген сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасы мен құндылықтарға деген қарым-қатынасы өзгереді. Бұл – бұлтартпас шындық. «Адам өзгермейді дегеннің тілін кесем» деген емес пе еді хәкім Абай?!

Осындай «өзгерістер» бір отбасының ажырасуына әкеп соқты. Дәлірек айтатын болсақ, Т. мен А. есімді азамат пен азаматшаның тағдырына тоқталайық. Олар әу баста бір-бірін шын жақсы көріп отау құрған. Отау құрмастан бұрын да бірнеше жыл таныс-біліс, дос-сырлас болып жүрді. Қос ғашықтың шешімін екі жақтың ата-аналары да қуана құптап, ақ тілектерін жаудырды. Сырттай бәрі жақсы көрінгенмен, отағасы жұмыссыз, сондай-ақ ішімдік пен есірткіге әуес болды. Ата-енеге қараған күн болды. Ақыры, жанұяның шырқы бұзылды. Он жыл отасқан отбасының шаңырағы бір мезетте шайқалды. Араларында некеде дүниеге келген ұлы мен қызы отбасы жылуын толықтай сезінбей, анасының қолында қалды. Ал әкесі болса, балаларын оқта-текте ғана көреді. Жанұясының толықтай қуанышынан айырылып, жартыкеш күн кешетін балдырғандардың болашағы қалай болады, бұл жағы бізге беймәлім… Бұл жайт бүгінгі қоғамдағы ащы шындықтың бір ғана көрінісі. Осыған ұқсас тағдырларды ай, жыл, тіпті күн сайын көреміз, естиміз десек, артық  айтпағанымыз.

Отбасын бұзу дәстүрі қазақ арасында күнә саналған. Мұндайға жол берілмеуіне некесін қидыртқандардың өздері де, ауыл ақсақалдары да мүдделі болған. Бүгін ше?.. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, қазіргі кезде елімізде ажырасу деректері жылдан-жылға өсіп келе жатқаны ешкімге де құпия емес. Отбасы – шағын мемлекет деп жатамыз. Ерлізайыптылардың некелік одағы неғұрлым берік, мықты болса, жүздеген, мыңдаған «шағын мемлекеттерден» құралатын мемлекетіміздің де мерейі соғұрлым биік, асқақ болмас па?! Рас, өмірдің аты – өмір. Келісу де, керісу де, татулық та, ажырасу да, көздің жасы да, жақсы көрудің жалғандығы мен махаббаттың баянсыздығы да кездесіп тұратындығы өмірдің жазылмаған заңы іспеттес.

Жәнібек аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Ержан Әліпқалиевтің бізге берген мәліметіне сүйенсек, тек биылғы жылдың он айы ішінде ажырасу жөнінде аудандық сотқа 28 арыз түскен. Сотта қаралған істердің 17-сі қанағаттандырылған. Соның ішінде алты іс медиация арқылы татуласуына байланысты қысқартылса, талапкерлердің арызына сәйкес бір іс қараусыз қалдырылып, төртеуі қаралу үстінде. Түскен арыздардың барлығына дерлік алимент өндіріп алу арызы да бірге жалғанады.

– Неке бұзу бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгінгі жастардың арасында отбасын құру жөніндегі жауапкершілік төмен. Адамның ғұмыры оның дүниеге келуі, отбасын құруы және өмірден өтуі делінетін ең басты үш кезеңнен тұрады. Соның алдыңғысы мен соңғысы адамның өз еркінен тыс, Құдайдың құдіретінен болатын үрдіс. Тек бір жағдайда ғана жас адам еркін таңдау алады. Бұл – оның жар таңдап, отбасын құру мәселесі. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар көп жағдайда осы жалғыз мүмкіндіктің өзін жіберіп алады. Тіпті мұның өзі де ештеңе емес-ау, бірқатар жұптардың түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола ажырасып кеткенін көргенде жүрегің қанжылайды. Мысалы, алысқа бармай-ақ қояйын, осы ауылдың ішінде жас отбасы ажырасып, араларында сәби қалды. Сот шешімімен әкесі баласын ара-тұра көруге рұқсат берілді. Оны көруге келген әкесі тасадан барар-бармасын білмей тұрған баласына қарап қынжылды. Әкесін де, шешесін де қимай тұрған балақайды көру жүрекке ауыр тиеді екен. Осындай кезде ойға: «Неге бала үшін шыдамады екен, неге қайта қосылмады екен?» деген сауалдар келеді. Сонда олар үшін ажыраса салу ойыншық болғаны ма, шаңырақтың шайқалмауы үшін күресу әрі оны сақтап қалу, ортада қалған сәбиді ойлау керек емес пе? – дейді аудандық аналар кеңесінің төрайымы Дина Сапашева.

Бүгінде қоғамда өмір сүріп жатқан әйел адамдардың арасында эгоцентристік, яғни қазақы түсінікке салғанда менмендік көзқарас басым түсіп бара жатқанын байқаймыз. Мұндай көрініс ер адамдардың басында да болады. Бірақ көбіне әйел адамдарда басым. Мәселен, арам пиғылмен бе, әлде есеппен бе, әйтеуір, күйеуге тиеді. Әрине, сәби дүниеге келеді. Ол балақай жасқа толғаннан кейін: «Осылай болды, көңіліміз жараспады, мінезіміз келіспеді, әрі қарай бірге тұрып өмір сүре алмаймыз» деген себеп-сылтаумен ажырасып, алимент өндіру мәселесіне көшеді. Қазіргі таңда алимент өндіру жұмыстары заң бойынша жеке сот орындаушыға жүктелген және алимент төлемеген азаматқа қатаң жаза қолданылады. Заңды біліп алған әйел алиментті өндіріп алып, сонымен күн көремін деп ойлайды.

Барлығына бірдей топырақ шашқымыз келмейді, бірақ «алимент өндіріп те, күн көремін» дейтін жастар көбейіп бара жатқандығы ақиқат.

Ерлі-зайыптылар белгілі бір уақыт өте келе, бір-бірімен түсінісе алмау себептерін басқаша бір қырынан алып қарасақ, олардың ажырасуы – көзқарастары бір-бірімен сәйкес келмейтін, бір-бірімен тоғыспайтын екі адамға еркіндік беру, жандарына тыныштық сыйлау болып шықпай ма? Бірқатар ажырасқан жұптардың сөздеріне сүйенсек, олар ажырасқаннан кейін өкпе-реніш пен айқай-шудан құтылғандарын айтады. Сыныққа сылтау табылады демекші, ажырасудың да себебі көп. Мәселен, маскүнемдік, басқа адамға көз салу, өзара сенімсіздік, қатыгездік, ұзақ уақыт бір-бірінен бөлек тұру, ата-аналардың және басқа туысқандардың араласуы, жұмыс, баспана, ортақ балаларының болмауы және басқа да факторлар ажырасуға бірден бір себеп болып отыр.

– Басқасын айтпаса да, көбіне мінезіміз жараспады, бұдан әрі отбасын сақтау мүмкін емес деген тәрізді сылтаулармен шектеледі, – дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлмира Дүйсенбаева. – Мысалы, былтыр неке бұзу туралы шешімнің 13-і қанағаттандырылса, биыл тек он айдың ішінде 17 отбасының шаңырағы шайқалып, ерлі-зайыптылардың ақ некесі бұзылды. Ал неке қию (үйлену) былтырғы он айдың ішінде 66 болса, биыл 59 болып отыр. Бұрынғы жылдары неке қию үшін тіркелетін жас жұбайлардың жанарларынан қуаныш, бақыт нұры байқалатын. Отбасын құрамыз, өміріміз жарқын, болашағымыздың бекемдігіне сенеміз деп келетін. Ал қазіргі кезде, менің ойымша, жастардың көбі есеппен  некелерін  заңдастырады.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді халқымыз. Жаңылысу да, қателесу де, кей кезде аяқты шалыс басу да адамзат баласының бәріне тән нәрсе болса керек. Бүгінгі жастардың отбасын құруға әзір болуы өте қажетті мәселе. Олар үйленіп немесе тұрмысқа шықпас бұрын жақсылап ойлануы қажет. Ерлі-зайыпты атанғандардың үштен бірі айырылысып кетіп жатса, оған қарсы қоятын қандай амал, қандай тосқауыл бар?

Біз оны таба аламыз ба? Отбасын ұстау  мен сақтау – ерлі-зайыптыларға қатар жүктелетін міндет. Үйленіп, үй болу үшін де  сөз жоқ, ең алдымен асқан  жауапкершілік  қажет.

Гүлзара  ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ,

Жәнібек   ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.