«Өнерге де, мінезге де бай еді…»

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын-ұстаз, «Жайық ұстазы» газетінің тұңғыш редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ақмаржан Таубаеваны еске алуға арналған «Мен – Жайықтың перзенті» атты  кеш өтті.

«Мен – Жайықтың перзентімін» деп ақынның өзі жырлағандай, Ақмаржан Таубаева Ақ Жайықтың жағасында туып-өсті. Ұзақ жылдар баспасөз саласында жемісті еңбек еткен ол кейінгі жылдары «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Жайық ұстазы» газетін шығарды. Журналистикамен қатар қара сөзді қаузап, өлең жазған Ақмаржанның «Жайықтың ақ самалы», «Құлын дауысты жыр әлем» атты кітаптары жарық көрген болатын. Сондай-ақ оның бір топ өлеңдері кезінде «Сорос – Қазақстан» қоры жариялаған республикалық байқаудың қорытындысы бойынша таңдаулылар қатарында арнайы жинаққа енгізілген еді. Осыдан екі жыл бұрын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында Ақмаржан Таубаева атындағы дәрісхана ашылды.

Ақынның шығармашылығын насихаттап, есімін ұлықтау мақсатында өткен кеште оның өнердегі және қызметтегі әріптестері ғибратқа толы естеліктерімен бөлісті.

София  ІЗМҰХАМБЕТОВА,

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалының директоры:

– Бүгін біз тарихта есімі қалған үлкен жүректі ақын апамызды еске алып отырмыз. Бала кезімнен ақын десе, көз алдыма кесек мінезді, ірі сөйлейтін ерекше адам елестейтін. Ақмаржан Бақытқызы – өнерге де, мінезге де бай Ақ Жайықтың ақын қыздарының бірі. Ол қиянатты кешіре білетін кең жүректі және  өзгеден ерекшеленуді ұнатпайтын жан еді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалына қызметке тұрғанда әріптес болып, ақыл-кеңесіне жүгінген сәттердегі апамыздың бейнесі көз алдымызда. Және ол бейне жыл өткен сайын асқақтай түсуде. Бізге «60 жасқа толғанда дүркіретіп той жасаймын» деп жиі айтатын. Бірақ тағдыр оған бұл қуанышты көруді жазбады. Ғұмыры ұзақ болса, дүркін-дүркін өлең жазып, игілікті істердің басы-қасында жүрер еді.

Шалқыма  ҚҰРМАНАЛИНА,

педагогика  ғылымдарының докторы, профессор:

– Ақмаржан 1976-1979 жылдары педагогикалық училищеде оқыды. Ол кезде мен оған сабақ бермеген екенмін. Екінші рет 1996 жылы кездестік. Ақмаржан Алматыдан Оралға біржола көшіп келгенде, ең бірінші педагогикалық колледжге келді. Жалпы, мен түлектерімді жақсы көретін адаммын. Жымиып келіп, «Апа-ау, сәлем бердік. Мен сізге келдім», «Апа-ау, менің сізге өтінішім бар» деп апалап тұратын. Сондай жайсаң мінезі, сыпайылығы, мәдениеттілігі арқылы туған сіңілімдей жақсы көріп кеттім. Ішкі сырымен бөлісті. Балаларының әкесі Қалдыбек Құрманәліні алғаш рет маған таныстырғаны да есімде. Екеуінің сүйіспеншілігін  көзіммен көрдім. Өміріндегі  қиындықтары мен қуанышты сәттерінен хабардар болдым. Үй алғанда, балалары мектепке барғанда төбеміз көкке жетердей қуандық. Одан кейін бауырлары Қайыржан мен Мәриямды алып келіп таныстырды. Менің әр туған күніме өлең арнайтын.

Үзілдік  ЕЛЕУБАЙҚЫЗЫ,

ҚР білім беру ісінің үздігі, ақын-ұстаз:

– Ақмаржан екеумізді жақындастырған ақындық қабілет еді. Сырлас болдық. Ол ерекше сабырлы жан. Кез келген мәселені байыппен шешетін. «Үзеке, екіүш айдан кейін зейнет жасына толамын. Сонда екеуміз қол ұстасып, Теректі мен Ақжайық аудандарын аралайықшы», – дейтін. Жазда ел жаққа барып демалғанды ұнататын. Әттең, ғұмыры қысқа болды. Шаңырағының шырағын сөндірмей отырған ұлы Әнасыл мен келінге, қызы Әнаруға аналық алғысымды айтамын.

Шарада  Ақмаржан Бақытқызының  сөзіне  жазылған  әндер шырқалды. Кеш соңында сахна төріне көтерілген ақынның  інісі Қайыржан Таубаев еске алу кешін ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ақ жарма тілегін арнады.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»