«Жүрегімнің жартысы Сирияда»

Күні , 154 рет оқылды

(Үлкен  ұлы  Сирияда  опат  болған  ананың  әңгімесі)

Бұрын мен өзімді әлемдегі ең бақытты анамын деп ойлайтынмын. Өйткені ұлдарым ақылды, батыл, ержүрек болып өсіп келе жатты. Олар менің қасқабағыма қарап, сыйлап, құрметтейтін. Көкейдегі ойларын бүкпей, маған ашық айтып, сырласатын. Кейде өз балаларыма өзім таңғалып, өзіме көзім тиді ме екен деп ойлаймын, – деп бастады әңгімесін Айжан апа*.

ОЛ  ЕШТЕҢЕДЕН  ҚОРЫҚПАЙТЫН

Әлижан кішкентайынан нағашы ата-әжесінің қолында өсті. Ұлдарымның әкесімен дәм-тұзымыз жараспай, ажырастық. Сол кезде Әлижаным бес жаста еді. Ол кішкентай кезінен жауапкершілікті сезіне білетін, елгезек, батыл, еңбекқор болып өсті. Өзім қаладағы ауруханалардың бірінде акушер болып қызмет істедім. Мектепте бәрі ығысып жүретін, «бірінші ұстайтын» балалар болады ғой. Ол сондай бала болды. Ештеңеден қорықпайтын. Тіпті өзінен үлкен жігіттердің жанжалына да араласып, бәрін шешіп беріп жүретін. Өзінің не істеп жүргенін, бәрін маған жасырмай айтып отыратын еді. Екеуміз кәдімгідей ана мен бала болып сырласатынбыз. Әлижан 9-сыныпты бітірген соң қаламыздағы оқу орындарының біріне заңгер мамандығына оқуға түсті. Бірінші курс оқып жүріп, ақпан айларында «Мама, мен намаз оқимын» дегенінде кішкене басылып, сабырлы болатын шығар деп қуандым. Ешкімнің басын жарып, көзін шығарып жатпаса да, ана болғасын алаңдайсың ғой.  Шынымды айтсам, оны жат ағымның жетегінде жүр деп ойлаған жоқпын.

Әлижаным өте елгезек, еңбекқор еді. Таңғы төртте тұрып, базарға барады. Сатушылардың жүгін жеткізіп беріп, ақшасын алып, мен жұмысқа шығайын деп жатқанда үйге келетін. Таза киімдерін киіп, сабағына кетеді. Жүк тасушы болып жұмыс істеп жүрді. Ол үшін арланбайтын. Кешкілік қалғып отырып, сабағын оқиды.

Таңмен ерте тұрып, тағы да жұмысына барады.  Дін туралы көп оқып, ізденіп, үйге түрлі кітаптар алып келіп жүрді. Маған «Құранның өзі – үлкен ғылым» деп айтатын еді. «Құран сүрелерінде не айтылғанын білуім керек» деп, араб тілін үйренді. Қылтың-сылтыңы болған жоқ. Маған қоса, өзінен кейінгі інісінің жағдайына қарайлап тұратын. Күндердің күнінде балам осындай жағдайға ұшырайды деген ой менде болған емес. Өйткені мен оған шын жүрегіммен сеніп, одан  үлкен  үміт  күтетінмін.

БАЛАҒЫН  ӨЗІМ  ҚЫСҚАРТЫП  БЕРДІМ

Бірде ұлым «Балағымды қысқартамын, ол – тазалықтың белгісі» – деді. Еш нәрсеге мән берместен, шалбарының балағын өз қолыммен қысқартып бердім. Ол әрбір ісін дәлелмен жеткізіп, түсіндіріп беретін. Мұғалімдер ұлымнан «Анаң біле ме балағыңды қысқартқаныңды?» деп сұрайды екен. Ол: «Анам өзі қысқартып берді» десе, ұстаздары: «Анаң да намаз оқи ма?» деп таңданыпты. Әлижан сақал өсіргісі келгенімен, оған сақал шықпады. Оқуын жақсы бітірді. Жан-жақты болды. Маған ешқашан тосын мінез танытып, дөрекілік көрсеткен жоқ. Ылғи «мамалап» сыйлап тұрды. Әңгімесі түзу еді. Сондықтан «Балам адасып жүрген жоқ па?» деген  сұрақ санамда болған емес.

«САҒАН  ҰНАСА,  ҮЙЛЕНЕМІН»  ДЕДІ

Бір күні  «Мама, мен бір қызды саған жұмысқа жіберемін. Сен сөйлесіп көрші.  Егер саған  ұнаса, мен сол қызға үйленемін» – деді. Айтқанындай, өзі сықылды дін жолында жүрген, басына орамал салған қыз келді жұмысқа. Сөйлестік. Ұлыма: «Мінезі жәйлі қыз сияқты. Бір көргеннен айту қиын, өзің қарайсың ғой» – дедім. Көп кешікпей олар мешітке барып, некелерін қидырды. Содан соң заңды некеге тұрды. Олар той жасамайды ғой. «Ата-анасының алдынан өтеміз бе?» дегенімізде, қыздың әке-шешесі бізді қабылдамады. Бірақ келініміздің ата-анасы оның орамал тартып, намаз оқығанына қарсы екендігін білдік. Ұлым «Ата-анасының жағдайы қиын» деді. Содан бері құдаларымызды көрген жоқпыз. Олар басынан бөлек тұрды. Үйленгеннен кейін келінім басынан аяғына дейін қап-қара болып киініп алатын болды. Сол кезде ең бірінші рет қарсы болып, ренжідім. Балам: «Мама, әйелімді тек мен көруім керек. Оған басқа еркектің көзі түспеуі тиіс» – деп түсіндірді. Кейіннен әйелін інісіне, жалпы  ер адамға көрсетпейтін болды. Бір жылдай келінім сәби  көтере алмай жүрді. Әлижаным: «Мама, сен акушерсің ғой, неге көтере алмай жүр екен?» – деп алаңдап жүрді. Ол малды Құран оқып, өзі соятын. Бірақ өз адамдарынан болмаса, былай сатып әкелген етті жемейтін. Обалы не керек, маған ешқашан қарсы шығып, айқайласып, ұрсып көрген емес. Ылғи елпілдеп, құрақ ұшып жүретін баламның адасып жүргенін сол кезде білсем ғой, әттең…

Әркімнің өз өмірі бар. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, Әлижаныммен біраз уақыт хабарласпай қалдым.  Бірде хабарлассам, «Мама, мен Түркиядамын. Жұмыс барысымен жүрмін» – дейді. Артынан аяғы ауырлығына қарамастан, келінімнің де сол жаққа кеткенін естідім.  Әлижан ол жақтан фото жіберіп тұрды. Басында жағдайлары жақсы болды. Бірақ оның автомат ұстап жүргені ұнамайтын. «Балам, елге қайт!» дегенімде «Мама, мен сені ойлаймын. Бірақ мына жақта мұсылмандарды өлтіріп жатқанда, Қазақстанда тыныш отыра алмаймын. Біз Ислам мемлекетін құрсақ, отбасылар ажыраспайды, көлденең бала табу болмайды. Ұрлық, зорлық-зомбылық болмайды» деп айтатын.

ҚАРАЛЫ   ХАБАР

Осыдан бес жыл бұрын Әлижанымның бақилық болғанын білдім. Кешкілік мезгіл еді. Жұмыстан шаршап келіп, есікті іштен кілттеп алып, жатып қалғанмын. Ұйықтап кетіппін. Есік қағып жатқан сияқты болды. Бір уақытта есік өз-өзінен ашылып, ұзын бойлы жігіт кіріп келді үйге. Әлі күнге «Кілттеулі тұрған есік қалай ашылды? Әлде дұрыс кілттемедім бе?» деп таңғаламын.

Ұйқылы-ояу тұрған маған: «Әлижанның мамасысыз ба?» – деді.

Басымды изедім. «Әлижан қайтып кетті ғой» дейді, «Мен елге қайтып келе ме?» деп ойлап тұрмын. Ойымды жиып болғанымша, «Әлижан қайтыс болды» деп, фотосын көрсетеді. Басына оқ тиген, жерде қансырап жатқан фото. Келін жансыз денесін көрген.

Содан кейін бұл қалада қала алмадым. Әр бұрыш, әр көше Әлижанымды еске түсіреді. Соған ұқсайтын жігіттерді көрсем, «Ұлым емес пе екен?» – деп соңынан жүгіріп, барғым келеді. Ол оқыған оқу орнының, бұрын ұлдарыммен жалдап тұрған пәтерлердің қасынан өтсем, жүрегім ауырады. Базар маңында телефон сататын жан досы бар. Басында түк жұмысым болмаса да, досының қасына барып, үнсіз отырып, сағынышымды басып қайтатынмын. Ешбір анаға менің қайғымды бермесін!

Қазір келінім «Халифаттамыз» деп айтады. Әлижанымның соңында бір ұл, бір қызы қалды. Ватсаппен сөйлесіп тұрамыз. Жағдайлары мәз емес. Керосинкаға тамақ пісіреді. Су өте лас, мақтамен сүзіп алып, ішіп отыр. Пияздың бағасы біздің ақшамен 2000 теңге тұрады – дейді. Немере қызым басында еркелеп сөйлесетін. Қазір бұйығыланып, көп үндемейтін болып, есейіп кеткендей.  Келінім іштей елге қайтқысы  келетін сияқты. Мен «Кішкене шыда!» деп жұбатамын. «Бізді қалай алып шығады? Біз қоршауда отырмыз» – дейді. Жүрегімнің жартысы Сирияда.  Бар арманым – келінім мен немерелерімді елге  қайтарып алу.

ТҮЙІН

Айжан апай бізбен шер тарқатып, ұзақ әңгімелесті. Ана жүрегі Сирияда қалған немерелерінің тағдырына алаңдаулы. Жақсы өмір сүруге талпынып, от басқан ұлының артында қалған балапандарын бауырына басып, тұла бойы тұңғышына деген сағынышын басқысы келеді. Айжан апайдың екінші ұлы Шымкент қаласында  жұмыс істейді. Өзі ұлының қазасын естіген соң, көп кешікпей көңілін білдірген азаматқа тұрмысқа шығыпты. Қазір екі жас жарымда ұлы бар. «Менің бар алданышым – сол бала. Әйтпесе, ендігі жынданып кетер ме едім?! Өзінің бар қылығы Әлижанымнан аумайды», – дейді кішкентай ұлының қызықтарын айтқанда жүзі жайнап кеткен кейіпкеріміз.

– Әлижаным «Туысқандарды сыйлап, кешіру керек» деп жиі айтатын. Ол тіпті бес жасынан бері көрмеген әкесін де іздеп барды ауылға. Бірақ әжесі мен әкесі елеусіздеу қарсы алып, «Жай жүрсің бе?» деп сұрапты. «Жай, сіздермен амандасуға келдім» десе, шай ішіп отырған әкесі: «Баса бер онда» – деп жауап беріпті. Үйден  кері шығып, көңіл күйі түсіп келе жатса, қасында бірге ілесіп барған досы: «Әлижан, сен түк ренжіме. Менің папам саған да, маған да папа болады. Екеумізге бір папа  жарайды» – деп жұбатыпты. Оны маған Әлижанымның өзі айтып бергенде жүрегім қарс айырылып еді.

Әр түрлі ойлар келеді. «Оның адасуына, мүмкін, толық емес, жартыкеш отбасында тәрбиеленгені әсер етті ме екен?» деп те ойлаймын. Бар білетінім, ол бірлігі жарасқан отбасы болуды, зорлық-зомбылықсыз ел болуды армандады. Бірақ осындай әдемі ертегінің ар жағында, сұрқия саясат, пасық пейіл барын білген жоқ, – дейді көз жасына ерік берген ана.

Ол қазір өзі сияқты Сирияда келін-балалары бар аналармен жиі сөйлеседі. Бәріміз бірігіп, ұйымшылдықпен жат елде адасып жүрген балаларымызды елге қайтарсақ деп армандайды. Лайым, ақ тілеулі аналардың арманы орындалғай!

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Айжан   апа*  –  кейіпкерлердің  аты-жөні  өзгертілді


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика