Коммуналдық қызмет арзандауда

Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауында тұрғындардың әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударуды баса айтқан болатын. Бүгінгі күнде коммуналдық қызметтер тарифінің заңсыз қымбаттауына жол бермеу, бағаны арзандату мүмкіндігіне талдау жасау қажеттілігі туындап отыр.

Батыс Қазақстан облысында коммуналдық қызметтер тарифіне бағаның арзандағаны байқалады. Мәселен, электр энергиясының құны әр киловаты 5,47 теңгеден 5,37 теңгеге (ҚҚС қоспағанда) арзандаған. «Батыс Қазақстан ТЭК» АҚ директоры Сырбай Ерәлінің айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр қуатының құны 1 киловатына 5,01 теңгеге дейін арзандайтын болады.

Осы жылдың қазан айында «Батыс Энергоресурстары» ЖШС  электр қуатының бағасын 10 пайызға өсіру жөнінде өтініш түсірген болатын. Монополистің өтініш түсіргеніне қарамастан, электр энергиясының тарифі сол күйінде қалды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополиялар, бәсекелестік пен тұтынушылар құқығын қорғауды реттеу жөніндегі комитетін БҚО бойынша департаменті электр қуатына бағаны өсіруге қарсы болды. Қазіргі уақытта тұрғындар үшін электр энергиясының құны әр киловатына 10,33 теңгені (ҚҚС қоспағанда) құрайды.

Сондай-ақ тұрғындар үшін жылумен қамту қызметінің тарифі де 2 пайызға арзандатылып, әр  Гкалы 4034,93 (ҚҚС қоспағанда) теңгені құрайды.

– Аймақта сумен қамту тарифі 5,9 пайыз, кәріз (канализация) тарифі 2,1 пайызға арзандатылды, – дейді «Батыс Су Арнасы» ЖШС директоры  Нұр  Төлеуғалиев.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі әр тоқсан сайын тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтерге талдау және бақылау жасап тұрады.