Тырнақ тістеу: ДЕРТ әлде ӘДЕТ?..

Күні , 81 рет оқылды

Бірде  құрбымның  үйінде  сыныптас  қыздармен  бас қосқан  едік.  Сонда  төрт   жасар  баланың   бас бармағының  тырнағын  жиі  тістейтініне  куә  болдық.  Мультфильм  қараса  да,  тамақ  ішіп  отырса да,  тырнағына «тыныштық»  бермейді  екен.  Анасы  да  «Тырнақ  тістейтін  әдетін қойдыра  алмай-ақ  қойдым.  Кейде  сол  саусағына  бұрыш  жағып қоямын.  Бірақ  нәтиже  жоқ.  Әлде  ағзасына  дәрумен  жетіспей  ме  екен?»  —  деп  налиды.

Бұл мәселеге орай сала мамандарының пікірін білмек болып ша-һар орталығындағы №3 емханаға барған едік. Аталмыш емханадағы  балалар мен жасөспірімдердің невропатолог дәрігері Дариға Үмбетиярова тырнақ тістеуді 3-10 жас аралығындағы  балаларда кездесетін невротикалық синдромды дерт екенін айтты. Оны медицинада онихафагия деп атайды екен.

— Бүлдіршін көріп отырған мультфильміндегі кейіпкерден немесе  жалғыз қалудан қорықса, қала берді, ата-анасының жанжалын көрсе, көңілін алдарқату үшін саусағын  сорып, тырнағын тістей бастайды. Сол кезде ойы  бөлініп, тынышталғандай болады. Бұл, әсіресе, анасының емшегінен ерте айырылған балаларда жиі кездеседі.  Өзіңіз білесіз, анасының омырауын еміп жүрген сәби өзін қорғаныста сезінеді. Сондықтан анасының омырауынан сүт мардымсыз шықса да, сәбиді үш жасқа дейін ана сүтінен ажыратпау қажет екенін жиі ескертеміз. Үш-төрт жастағы бүлдіршіндерге «Өскенде тырнағың әдемі болмай қалады» — деп жәймен түсіндіріп көру керек. Егер айтқанды ұғып, саусақ сорудан, тырнақ тістеуден бас тартса, құба-құп. Бірақ ескерту кезінде жазалау тәсілін ешқашан қолданбаңыз. Бұл дағдыны еркінен тыс қайталай берсе, дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. Өйткені, бүлдіршін тырнақты тістеп отырып жұтып қойса, түрлі дерттерге душар болады. Яғни тырнақ астындағы микробтардан жұқпалы аурулар қозып, соқырішек, сондай-ақ асқазанның түймешігі (полип), ойық жарасы секілді дерттерге ұшырауы мүмкін.  Сонымен қоса тырнақ  ішек жолдарын жарақаттап, өңеште тұрып қалса, баланың ағзасы үшін өте қауіпті. Тырнағын жиі тістейтін бүлдіршіндерге Магний В6 дәруменін, сондай-ақ нерв жүйесін тыныштандыратын пантокальцин секілді дәрілер  ұсынып, физиологиялық ем қабылдауға жолдама береміз, — дейді невропатолог Дариға Нәсиқызы.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Тырнақ  — денсаулықтың   хабаршысы

Дені сау адамның тырнағы түзу, жұмсақ және қызғылт түсті болып келеді. Тырнақтың беті жылтырап тұруы тиіс. Егер  денсаулығыңызда кінәрат болса, тырнағыңыз аяқ асты өзгеріске ұшырауы мүмкін.

Шамадан  тыс  сынғыштық

Егер тырнақ жиі сына берсе, онда адам ағзасында А, Е, С дәрумендері және темір мен мырыштың жетіспейтіндігін көрсетеді екен. Кейде мұндай өзгерістер қалқанша безі мен қант диабеті дертінің әсерінен болуы ықтимал.

Ақ  дақтар

Тырнақта ақ дақтардың пайда болуын медицинада лейконихия деп атайды. Лейконихия жарақаттанудан, дұрыс тамақтанбаудан, жүйке жүйесі және жүрек-қан тамыр сырқатының сыр беруінен  және ағзаға кальций мен цинктің жетіспеушілігінен пайда  болады.

Бұл  да дерттің  белгісі

Тырнақтың пішіні мен түсі әдеттегідей көрінеді. Бірақ мұқият зер салғанда  тырнақтың бетін  инемен тескендей тесіктерді байқауыңыз мүмкін.   Дәрігерлер  мұны  псориаз дертінің  белгісі немесе  азқазан-ішек жолдарының қабынуы мен  қалқанша безінің дұрыс жұмыс жасамауынан деп біледі. Тырнағыңызда мұндай өзгеріс байқалған жағдайда бірден дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз абзал.

Ұзына   бойы жарықтар

Егде адамдар үшін тырнақтардың рельефіндегі мұндай өзгерісті қалыпты жағдай деп санауға болады, ал 50 жасқа толмаған адамдар үшін бұл витаминдер мен микроэлементтердің (мырыш,темір, магний) жетіспеушілігін білдіреді. Сондай-ақ нашар маникюр мен педикюрдың зардабынан болуы да  мүмкін.

Ақ,  сары  және  көкшіл  түсті  тырнақтар

Егер тырнақ кенеттен ағарып кетсе, ас қорыту және  жүрек-қан тамыр жүйесін тексертіп, бауырға ерекше назар аударыңыз. Сары түсті тырнақ ағзаның бауыр ауруларының, сондай-ақ эндокринді және лимфа жүйесі дертінің әсерінен пайда болады. Ал тырнақтың түсі көгере бастаса, қандағы  оттегінің мөлшері азайғанын,  яғни  жетіспеушілігін, гемоглобиннің төмен деңгейін немесе нашар қан айналымын көрсетеді.

Бір  қара  сызық

Көбінесе асқазан жүйесінің жарақаты кезінде және саусақтарыңызды есікке қысып немесе қатты соғып алған жағдайда пайда  болады. Ал кейбір адамдар үшін бұл табиғи тері пигментациясының ерекшелігі. Егер сіз қалыпты тамақтанып жүретін болсаңыз, саусақтарыңызды соғып алмасаңыз,  тырнақта  пайда болған қара сызықтарды дәрігерге тексерткеніңіз жөн. Өйткені бұл қатерлі ісіктің белгісі болуы мүмкін.

«ТЫРНАҚТЫ  ТІСТЕМЕ»

Ертеде бір кедей адам өмір сүріпті. Ол қанша еңбек етіп, тер төксе де, еңбегі зая кетеді екен. Анда-санда бір тойса, шала байып қалатын көрінеді. Бір күні Мәдина шаһарында Мұхаммед (с.ғ.с.) деген Алланың елшісі тұратынын естіп, жолығуға бел байлайды. Содан ұзақ жол жүріп, Пайғамбарға (с.ғ.с.) келеді.

– Уа, Алланың елшісі, мен байлыққа жарымай-ақ қойдым. Қанша тер төксем де, еңбегім зая кетеді. Соның себебі неде? – деп сұрайды.

Жігіттің бір жаман әдеті бар екен. Ол өскен тырнағын тісімен алып тастайтын көрінеді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) алдында тұрғанда да сол әдетін қайталапты. Пайғамбар жігіттің мазасыз хәлін көріп,  басынан сипап тұрып:

– Тырнақ тістегеніңді қой. Бұл – жаман әдет. Әділ Құдай сенің адал еңбегіңді жемейді. Адал кәсіптің құты мен берекесі отбасыңа дарығысы келеді. Бірақ мына жағымсыз әдетің оны үркітіп жібереді екен, – депті.

Жігіт кедейшілік себебінің сырын білген кезде таңғалады. Жаман әдетінен дереу тыйылады. Көп ұзамай ісі де алға басып, дәулетті адамға айналыпты.


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика