19.11.2018, 20:30
Қараулар: 98
«АШЫҚ ӘКІМДІК» ел-жұрттың көңілінен шығуда

«АШЫҚ ӘКІМДІК» ел-жұрттың көңілінен шығуда

Өңірімізге  сапары  барысында  ҚР  Қоғамдық даму министрі  Дархан  Кәлетаев  Орал  қаласы әкімдігінде  орналасқан  «Ашық  әкімдік» халыққа  қызмет  көрсету   алаңының  және  «Рухани жаңғыру»  өңірлік  жобалық  кеңсесінің  жұмысымен танысты.

«100 нақты қадам» Ұлт  жоспарында көрсетілген транспарентті және есеп беретін мемлекет қалыптастыру мақсатында өткен жылы пилоттық режімде қолға алынған жоба бас-аяғы бірнеше айдың ішінде тиімділігі мен қолжетімділігін дәлелдеп, тұрғындардың оң бағасын алып үлгерген еді.  Қазіргі таңда «Ашық әкімдік» азаматтарға қызмет көрсетуде ашықтық, қолжетімділік, қызмет сапасы және ыңғайлылық қағидаттарға сүйенеді.  Заманауи қызмет көрсету алаңының басты артықшылығы жемқорлық тәуекелдерінің азаюы, халыққа кедергісіз қызмет көрсету және ыңғайлы электронды кезек жүйесі болып табылады.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов пен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевты операциялық залдың күнделікті жұмысымен таныстырды. Шаһар басшысының айтуынша, «Ашық әкімдікте» қалалық әкімдіктің төрт құрылымдық бөлімі 12 терезе арқылы келушілерге 10 мемлекеттік және 18 қосымша қызмет түрін көрсетеді. Орта есеппен алғанда, операциялық залға күніне 200-ден астам адам келеді. Аталмыш инновациялық  жоба іске қосылғалы бері мұнда 71 мыңнан астам оралдыққа қызмет көрсетілген.

Министр «Ашық әкімдіктің» қызметіне жүгінген Орал қаласының тұрғыны Баянғали Телегеновпен тілдесіп, қызмет көрсету сапасы туралы пікірін сұрады. Қосалқы ғимарат салу үшін қажетті құжаттар тізімін анықтауға келген қала тұрғыны «Ашық әкімдікке» екінші рет келіп тұрғанын, бұрынғыша кеңсе аралап, кезек күту машақатынан арылтқан жаңа жүйенің қызметіне көңілі толатынын жеткізді. Сонымен қатар Дархан Кәлетаев «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінде болып, облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен танысты. Өткен жылы 174 мыңнан астам адамды қамтыған 350 шара өткізілгенін мәлімдеген өңірлік жобалық кеңсе басшысы Салтанат Тұманбаева қолға алынған 18 ірі жобаға тереңірек тоқталды.  Соның ішінде  «Қасиетті Қазақстан» арнайы жобасы аясында қасиетті орындар тізіміне енгізілген жеті ірі нысан, «100 жаңа оқулық. Жаңа гуманитарлық білім», «100 жаңа есім» жобалары, елімізде ең алғаш біздің облыста ашылған «Рухани жаңғыру» музейі, облыс орталығы мен барлық аудан орталықтарындағы «Рухани жаңғыру» кеңселерінің қызметі туралы баяндады.

Министр жобалардың санына емес сапасына басымдық беруге шақырды. «Ауылым – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға қатысты ұсыныс-пікірлерді қабылдауға дайын екендігін жеткізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған іс-шаралар көрмесін және арнайы дайындалған бейнеүзікті тамашалады. Бұдан соң БҚО полиция департаментінің Орал қаласындағы жедел басқару орталығының жұмысымен  танысты.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.