19.11.2018, 20:28
Қараулар: 88
Түйеқұстан гөрі түйеге мойын бұрайық

Түйеқұстан гөрі түйеге мойын бұрайық

БАҚ беттерінен көріп отырғанымыздай, еліміздің әр түкпірінде сонау қарақұрлықтан түйеқұс әкеліп, өсіру қолға алынуда. Айтушылардың сөзіне құлақ түрсең, бұл түйеқұстың етінен дәмді ештеңе жоқ екен. Қалалардағы қымбат мейрамханаларда түйеқұстың етінен  жасалған тағам жеңсік ас болып табылатын көрінеді. Ал осы түйеқұс бес жылда бір жұмыртқалайды екен. Енді сахара даламыздың кемесі атанған түйе жануары екі жылда бір боталайды. Халқымыз түйе жануарын қасиетті санап, оны сұлулықтың символына да айналдыра білген. Кішкентай балаларды ботам деп  еркелетсе, ботаның мөлдіреген қара көзін негізге алып, Ботакөз деген есімдер де баршылық. Біз бұл мақалада түйе жануары туралы аз-кем әңгімелеуді жөн көрдік.

Қазақ халқы еті мен сүті әрі тағам, әрі шипалы дәру, жүні – киім, өзі сенімді көлік болған қасиетті жануарды төрт түліктің төресі санаған. Түйе өсіру – мал шаруашылығының дәстүрлі салаларының бірі. Еліміздегі барлық жайылымдық жердің 64 пайызы шөл және шөлейт алқаптар болғандықтан, осы саланы өркендетуге де жол ашық деуге болады. Түйе түлігі негізінен жайылымда бағылып, күтімді, құнарлы азық пен құрылысы күрделі, жылы қора-жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа қой-ешкі, сиыр малы секілді түлік түрлерімен салыстырғанда тиімді сала болып табылады.

Енді төрт түліктің төресі түйе түлігінің ауданымызда даму барысы қалай? Ауданымыздың статистикалық мәліметіне сүйенсек, жалпы аудан бойынша 211 түйе бар екен. Бұл цифрды аз деп те, көп  деп  те  айтудан  аулақпыз.

Түйе сүтінен дайындалатын шұбаттың дәмдік, сусындық, шипалық қасиеттері ертеден-ақ белгілі болған. Оның адам ағзасына сіңімділігі 98 пайызды құрайтын көрінеді. Түйе сүті сиыр сүтіне қарағанда бактерицидтік қасиеті жоғары ыстықта 24 сағатқа да ашымайтын болғандықтан, ұзақ  мерзімге  сақталып,   бұзылып кетпейтіндігі дәлелденген. Белгілі академик Төрегелді Шарманов түйе сүтін спортшыларға көп пайдалануға кеңес берсе, Таяу Шығыс және Араб елдерінде түйенің сүті мен еті мектеп пен балабақшаның ас мәзіріне де енгізілген.

Бүгінде, шындығы керек, түйенің етін пайдаланушылар ұлтымызда азайып кетті. Тіпті некенсаяқ деуге болады. Түйе етінің желінбеуіне кешегі Кеңес үкіметінің қасаң саясаты да әсер етті. Ал бұл қайдан шыққаны белгісіз,  қисынсыз пікір болатын. Баяғы кезде күннің ыссылығынан тышқандардан оба ауруы шыққан көрінеді. Сол тышқандардан өсімдіктерге оба ауруы ауысып, оны  жеген түйелер жаппай қырылған. Содан ел ішінде, «түйенің етін жеуге болмайды» деген сөз тарап кеткен. Сондай-ақ аяғы ауыр әйелдерге де түйенің етін жеуге болмайды деген сыңаржақ пікір бар. Осының кесірінен түйенің  етін жеген әйел адам баланы 9 ай емес, 12 ай көтереді деген ешқан-дай қисынға сыймайтын әдет пайда болды. Ал дұрысында, табиғаттың  және биологиялық заңдылықтарға сүйенсек, жануарлардың етінің баланың дүниеге келуіне ешқандай қатысы жоқ. Әйтпеген күнде қой, ешкі малының етін күн сайын пайдаланған әйел адамдар дүниеге сәбиді бес айда бір  әкелмей ме? – деген күлкілі сұрақ та көлбеңдейді.

Түйенің жүні де пайдалы екенін ата-бабамыз жақсы білген.

Мәселен, түйенің шуда жүні буын ауруларына үлкен ем болса, ал жүні түрлі тері ауруларына да шипа болған. Міне, осының барлығын бүгінде ұмыттық. Түйенің жүнін ешкім пайдаланып жатқан жоқ. Сол түйе жүнінен тоқылған тоқыма киімдерін кәсіпкерлер тұтынуға шығарса және оны насихаттай білсе, көп нәрсені ұтар еді. Онсыз да ұлттық арналарда тегі белгісіз киім-кешекті, тағам мәзірлерін алтын уақыттарын жойып, насихаттап жатқан жоқ па?

Ауданымызға оралсақ, осы бір кәсіпті неге қолға алмасқа? Бұған үлкен бағдарламаның қажеті жоқ сияқты. Түйе өсіру үшін бюджеттен онсыз да ақша бөлініп жатқан  жоқ. Ал керісінше қателеспесек,  келер жылдан бастап талпақтанау (шошқа) өсіруге  арнайы демеуқаржы бөлінбекші. Түйе малын өсіруге болашақта арнайы бағдарламалар жасалатын болар. Бірақ белгілі бір бағдарламаларды күтіп отырмай, тек қасиетті жануарды өсіруге деген ынта-жігер қажет сияқты көрінеді де тұрады. Жаңа жоғарыда айтқанымыздай, со-о-о-нау «қара құрлықтан» түйеқұс әкеліп, өсіріп жатырмыз. Сол түйеқұс бес  жылда бір жұмыртқа шайқаса, ал ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан түйе малы екі  жылда бір боталайды. Сондықтан өзгенің «түйесіне» ынтық болғанша, өзіміздің нар түйеміздің жусанды  сары далада көбеюі үшін неге жұмыстанбаймыз?

Серік  ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов  ауданы

Түйе  сүтінен  дайындалатын  шұбаттың дәмдік, сусындық, шипалық  қасиеттері ертеден-ақ  белгілі болған. Оның адам ағзасына  сіңімділігі 98  пайызды  құрайтын көрінеді. Түйе  сүті сиыр  сүтіне  қарағанда бактерицидтік  қасиеті жоғары   ыстықта  24  сағатқа  да  ашымайтын  болғандықтан, ұзақ  мерзімге сақталып,  бұзылып кетпейтіндігі  дәлелденген.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.