19.11.2018, 20:26
Қараулар: 2
Кеңес қызметін жаңғырту басты назарда

Кеңес қызметін жаңғырту басты назарда

Өткен  аптаның  жұма  күні  Орал  қаласында еліміздегі  қоғамдық  кеңестердің  жұмысын жетілдіру  жөніндегі  республикалық  конференция  өткені  БАҚ-та  жарияланды.

Аталмыш конференцияның пленарлық отырысы түстен кейін Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-да басталған болатын.

Қазақстан азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметов жүргізген алқалы басқосуға ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, сондай-ақ облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.

– Бүгінгідей ауқымды шаралар еліміздің дамуына зор септігін тигізері сөзсіз. Елбасының өзі Жолдаулары мен бағдарламаларында қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік биліктің тығыз қарым-қатынаста болуы керектігін әрдайым айтып келеді. Біздің өңірде 14 қоғамдық кеңес және оның 336 мүшесі бар. Осыған дейін облысымыздың дамуына осы қоғамдық кеңестердің ықпалы болды. Өз басым өңір басшысы ретінде жасалып жатқан жұмыстар туралы төрт рет есеп бердім.

Айтылған ой-пікірлерді жұмысымда қолданып келемін. Азаматтық қоғам қалыптастыруды әрі қарай қалай дамыту керек? Оны осы жиында қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, белсенді азаматтар талқыға салады, ұтымды ойлар айтылады деген сенімдеміз, – деді жиынды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Мұнан кейін мінберге көтерілген БҰҰ даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш өзінің сөзін қоғамдық кеңестердің белсенділігін арттыру барлық салада жемқорлықты азайтуға, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бәсін арттыруға, сондай-ақ елді демократияландыра түсуге септігін тигізеді деген пікірмен түйіндеді.

– Бүгінгі конференцияны еліміз үшін, қоғамымыз үшін өте маңызды деп есептеймін. Қоғамдық кеңес институты бүгінгі таңда билік тармағы мен халықтың арасындағы бір дәнекер, көпір ретінде танылып отыр. Қоғамдық кеңестер республикалық, облыстық, аудандық деңгейлерде жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Бұл Елбасымыздың бес институционалдық реформасы шеңберінде іске кіріскен институт. Ел Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік зерттеулер нәтижесі қоғамдық кеңестердің жұмысын тиімді деп бағалайтын тұрғындардың 55 пайызды, ал тиімсіз деп санайтындардың 45 пайызды құрайтынын анықтады. Мұны қоғамдық кеңестер жұмысына берілген халықтың бағасы деп білеміз. Бүгінгі жиынға қатысып отырған тәжірибелі азаматтардың алдында қоғамдық кеңестердің қандай маңызға ие екенін түсіндіріп жатудың өзі артық, – деген ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев еліміздегі қоғамдық кеңестердің жұмыс жасау бағыттары мен оған қатысты сандық деректерге жан-жақты тоқталды. Ол сондай-ақ қоғамдық кеңестер бүгінгі таңда азаматтық қоғамның нақты институты ретінде қалыптасып үлгергенін және оны болашақта әрі қарай дамыта түсу керектігін қадап айтты. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда әділдіктің сақталуы үшін қоғамдық кеңестер құрамының 90 пайызы үкіметтік емес сектордан таңдалуы қажет екендігі көтерілген тәжірибелер туралы әңгімелеп, осы бағытта көпшілікке ой тастады. Бұл орайда ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы қарастырған деректерді алға тартты. Министр мәслихат депутаты мен кеңес мүшесіне қатысты міндеттемелердің ара-жігін айқындау, кеңес қызметін қаржыландыруды шешу секілді маңызды мәселелерге де тоқталды.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының халықаралық сарапшысы Хилле Хинсберг (скайп арқылы), Құқық қорғау құрылымдарының қызметі жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Қоғамов, «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеуші Мереке Ғабдуалиев, Өскемен қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Станислав Каримов қоғамдық кеңестердің жұмысын заманға сай жаңғырту мәселелеріне қатысты сан салалы тақырыптарды қамтыған баяндамаларын оқыды.

Бір айта кетерлігі, еліміздің әр түрлі аймағынан келген жиынға қатысушылар конференцияның дені мемлекеттік тілде өткізілмеуіне байланысты бірнеше мәрте наразылық білдірді. Осы олқылықтың салдарынан болса керек, министрден бастап, баяндама жасаушылардың бәрі бірдей «Қо-ғамдық кеңес керек, тек оның жұмысын қай бағытта жандандыру қажет?» деген сұрақты негізгі мәселе ретінде қарастырғанына қарамастан, панельді пікірталас пен жиын соңындағы ашық микрофон кезінде қайшылықты пікірлер көп болды. Тіпті олардың арасынан қоғамдық кеңестің қажеті жоқ дегенге саятын пікір айтқандар да табылды.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар