19.11.2018, 19:36
Қараулар: 21
Балық неге қырылды?

Балық неге қырылды?

Өткен аптаның соңында фейсбук және ватсап желілерінде Сырым ауданына қарасты Тоғанас ауылы маңынан өтетін Шолақ Аңқаты өзенінде мұздың табандап қатуы салдарынан бірнеше мыңдаған балық шабағының қырылып қалғандығы туралы хабарламалар тараған болатын.

Орын алған жағдайдың мән-жайын білмек оймен БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына хабарластық.

– Әлеуметтік желілердегі шабақтардың қырылуы туралы ақпарат бізге 16 қараша күні түсті.

Жарияланған ақпараттың дұрыстығын тексеру мақсатында біздің инспекция, жергілікті атқарушы құрылым және табиғат қорғау полициясы мүшелерінен құрылған жедел топ жолға шықты. Оқиға орнына барған топ шын мәнінде Тоғанас ауылы маңындағы Шолақ Аңқаты өзенінде балық шабақтарының қырылуы орын алғандығын анықтады. Аталған өзен бойына орнатылған су өткізгіш қақпаны жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатырған болатын. Сол маңдағы ауыл тұрғындарының өзеннің екінші бетіне қатынауына арнап тың жерден уақытша топырақ бөгет салынған. Ескі қақпа мен уақытша бөгеттің арасында әжептәуір су қалған. Ауа райының күрт суытуы салдарынан өзен үзіндісінің жағалаулары табандап қатқан. Тайыз суда жүрген әртүрлі балық шабақтары да мұзбен бірге қатып қалған. Мұзға айналған өзен үзіндісінің аумағы 1800 шаршы метрді құрайды. Ал қырылған шабақтың саны шамамен 900 мыңнан асады деп есептелуде. Өзеннен алынған мұз сынықшаларынан анықталғандай, бұл жерде табан, қызылғанат, торта тұқымдас балық шабақтары қырылған. Бұл өзендегі шабақтардың жаппай қырылуы адами факторға байланысты екені анық. Қазіргі таңда орын алған жағдайдың нақты мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылуда. Аталған комиссия кінәлі тарапты және келтірілген шығын көлемін анықтап, заң шеңберінде жауапқа тартылуын қадағалайтын болады, – деді аталған инспекцияның балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ибраев.

Нұрбек    ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»