19.11.2018, 19:35
Қараулар: 1
Бес балалы әкенің базынасы

Бес балалы әкенің базынасы

«Биылғы жылдың мамыр айында телефон арқылы хабарласқан «қайырымды жандарға» оңбай алданған болатынмын. Астанадағы Еуразия бірінші телеарнасының «Пендеміз ғой» бағдарламасынан шиеттей бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған әке ретінде шақырту алып, артынша 900 мың теңге көмек аударамыз деп хабарласқан адамға қарызданып, 125 мың теңге аударып жібердім. Бір сөзбен айтқанда, ашкөз қарақшылардың тұзағына түстім. Енді сол ақшаны қайтарамын деп бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Құқық қорғау құрылымдарының да есігін тоздырдым. Бақандай алты ай өтсе де, ешбір нәтиже шықпай тұр. Бас-аяғы 40 мың теңге еңбекақымен бес баланы асырап отырған мен үшін 125 мың теңге аз ақша емес. Енді кімге, қайда барып мұңымды айтсам болады?» – дейді Орал қаласының тұрғыны Сержан Мұқанов есімді азамат.

Бұл азаматтың басына түскен оқиға турасында газетіміздің биылғы 31 мамырдағы №58 санында «Жығылғанға жұдырық» жұмсаған кім?» атты мақалада толыққанды қаузаған болатынбыз. Жоғын жоқтаған кейіпкерімізге қоңырау шалып, жағдайын сұрауымыз мұң екен, іштегі шерін ақтара жөнелді. Уақыт тауып, үйіне де іздеп бардық.

– Шүкір, ел қатарлы тұрмыс кешуге тырысып бағудамын. Жұмысымды істеп, аз да болса, еңбекақымды алып отырмын. Үлкен қызым биыл қаладағы педагогикалық колледжге грант арқылы оқуға түсті. Ұлым мен екі қызым осы маңдағы №10 мектепте оқиды. Үш жастан енді асқан Әйгерім есімді қызым «Заңғар» балабақшасына барып жүр. Жағдайымды естіп-білгендер көмек қолдарын созуда. Әсіресе, Ораза айт, Құрбан айт мерекелерінде халық көп көмек көрсетті. Балаларды сабаққа дайындауға да жәрдемдескендер болды. Жүрегіне мейірім ұялаған жандар ақшалай немесе мектепке қажетті киім-кешек алып берді. Жетіспегенін өзім толтырдым. Бәріне дән ризамын. Кейде ұсынған көмектерін қабылдауға да қысыламын. Себебі менің осындай жағдайға тап болуыма ол адамдардың еш қатысы жоқ. Мен бес баланы солар асырап, өсіруі үшін дүниеге алып келген ештеңем жоқ қой. «Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, тағдырдың жазғанын көріп келемін. Балаларым маған ашып айтпаса да, аналарының жоқтығына үйренісіп қалғандай. Кей кезде қиналып қалатындарын да іштей сеземін. Жақында сегізінші сыныпта оқитын қызымның өзін-өзі тану пәнінен жазған шығармасын оқып, көз жасыма ерік бердім. «Анамызға керегіміз болмаса да, әкеміз біздер үшін тыным таппай еңбек етіп, бағып-қағып отыр. Папаның қиналып жүргенін де жақсы білеміз. Біз әкемізді өмір бойы құрметтеп өтуге тиіспіз» деп жазыпты. – Іштей қан жыласам да, ұл-қызымның ақылды, мейірімді болып өсіп келе жатқанына қуандым. Соларды жетілдіру үшін қолымнан келгенін аямаймын. Басқа шарам жоқ, – деді Сержан.

Кейіпкеріміз Әміржан Камалов басшылық ететін «Камал Ойл» ЖШС-да күзетші болып қызмет істейді. Жұмысы үйіне жақын. Медколледж ауданында орналасқан шағын ғана жер үйінің айналасы да жинақы. Ауладан шолан мен монша да салып жатыр. «Құрылысқа қажетті материалдарды алуға, ауланы қоршауға жеке кәсіпкерлер көмектесті. Бірі керек-жарақты әкеліп берсе, енді бірі дәнекерлеу жұмыстарын тегін жүргізді», – дейді Сержан.

Үйдің ішінде де мұнтаздай тазалық. Екінші ауысымда оқитын қыздары түстік астарын ішіп, сабаққа қамдануда. Балалардың жайлылығы үшін үй ішінен жуынатын бөлме мен әжетхана жабдықталған. Бұл істе де облыстық прокуратура мен қалалық әкімдік көмек қолдарын созыпты.

Шаңырақтың берекесін келтіретін отананың жоқтығы болмаса, қалғаны өз орнында. Бес баласының көздерін жәудіретіп, тастап кеткен «көкек ананың» хабары  туралы сұрағанымызда, кейіпкеріміздің қабағын кірбің шалғанын байқадық.

– Еш хабарласпайды. Екінші қызым тамыз айында алғашқы мүшел жасқа толды. Сол күні аман-сау жоқ, тек қана «туған күніңмен!» деп жазып жіберіпті. Мамыр айынан бері әр ай сайын 12-13 мың теңге алимент салумен ғана шектеледі. Ол ақша кішкентай қызымның балабақшасына төлеуге де жетпейді. Қайта мемлекет тарапынан алатын 40 мың теңгеге жуық балалар жәрдемақысының көмегі зор. Балаларымның анасы осы Орал қаласында жүр деп естимін. Бірақ іздеп келген емес. Оған еш уайым-қайғысыз, қара басының қамымен жүрген ұнайды. «Күміс алқа» иегері ретінде жәрдемақы алады. Балаларға тиесілі алиментті дұрыс төлеуін немесе аналық құқығынан біржолата айыруын өтініп, сотқа арыз жазғалы отырмын, – дейді кейіпкеріміз.

Кейіпкеріміз алаяқтардың жемтігіне айналып, қыруар ақшадан айырылған соң облыстық ішкі істер департаментіне шағымданған. Кейін қалалық ішкі істер бөліміне, қалалық прокуратураға да арызын арқалап барыпты. Бір өкініштісі, ол құзырлы мекемелерге барғанда жолыққан адамдардың аты-жөндерін жазып, не есінде сақтап алмаған. «Облыс әкіміне де жаздым. Олар қала әкіміне жолдады. Қалалық прокуратурада менің ісіммен шұғылданып жатқандар «таба алмай жатырмыз» деуден әрі аса алмай отыр. Алты айдан бері еш нәтиже болмай тұр. Сол кезде хабарласқан адамның телефон нөмірі, ақшаны аударған есепшот нөмірі болса да, ақшаны қайтару мұншалықты қиын болады деп ойламаппын. Әрине, өзімнен де бар. Алдағанға иланып, ақшаны аударып жібергенім үшін әлі күнге өкінемін. 125 мың теңге менің отбасым үшін аз ақша емес. Кінәлі кісіні анықтап, ақшамды тезірек қайтарып беруге көмектессеңіздер екен», – дейді Сержан Мұқанов.

Өзінен өрбіген балапандарын өзектен итермей, бауырына басып, адам етемін деп талпынған бес балалы әкенің базынасы осындай. «Қалалық прокуратурадан осы адам хабарласады» деген соң оның телефон нөмірін алып, қоңырау да шалдық. Ұялы байланыстың екінші ұшында тұрған жауапты тұлғадан «Бұл іс туралы телефон арқылы еш мәлімет бере алмаймыз. Ресми түрде хат жолдаңыз» деген жауап алдық. Заңдылық жағынан ол да дұрыс шығар. Дегенмен, осы мақаланы құзыретті құрылым басшылары мен өкілдері оқып танысар, аталған істің тезірек оң шешімін табуына ықпал етер, осы басылым арқылы тиесілі жауап берер деген мақсатпен жариялауды жөн көрдік.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар