Үшінші сектордың үлесі артпақ

Кеше  БҚО  үкіметтік  емес ұйымдарының  VIII форумы өтті. Бұл  алқалы жиында азаматтық  қоғам институттарының  өкілдері  өзара  пікір  алмасып, қазіргі  өзекті  мәселелерді  ортаға  салды.  Басқосу барысында айтылған  маңызды  ой-пікірлер мен  ұтымды  ұсыныстар қараша  айының  27-28-і  күндері  Астана  қаласында Елбасының  қатысуымен  өтетін  республикалық  форумда  талқыланбақ.

Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Ынтымақтастық. Жауапкершілік» тақырыбында өткен форумға өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов  және облыс әкімі Алтай  Көлгінов  қатысты. Сондай-ақ форум жұмысына мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, әртүрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, облыстық және аудандық үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері  мен  БАҚ  өкілдері қатысты.

Облыстағы мемлекеттік құрылымдар және азаматтық қоғам институттары арасындағы іскерлік әріптестікті нығайту бағытындағы жұмыстарды жүргізуді мақсат еткен форумда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуы, «Азаматтық қоғам институттарын дамыту болашағы», «Жастар және қоғам» тақырыптары талқыланды.

– Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі – азаматтық қоғам. Саясаттану ғылымында үкіметтік емес институттардың қоғам мүддесі  үшін жұмыс істеу жүйесін азаматтық қоғам деп айтады. Елбасы үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктерін терең түсініп, жоғары бағалайды. Және оларға ерекше көңіл аударып, үнемі қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мемлекет, үкіметтік емес сектор және бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың жаңартылған тәсілдері керек деп атап өтті. VIІ Азаматтық форумдағы ұсыныстарды іске асыруда қажетті шешімдер қабылданып, облыстағы мемлекеттік құрылымдар және азаматтық қоғам институттары арасында іскерлік әріптестік қатынасты нығайту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдар арасында өзара тығыз қарым-қатынас орнатылып, азаматтық бастамаларды жүзеге асыруға атсалысып жүрген қоғамдық ұйымдардың қатары жыл сайын артып келеді. 2016 жылдан бері облыстық қоғамдық кеңес белсенділігін көрсетіп, мемлекеттік құрылымдармен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Олар 30-ға жуық отырыс өткізіп, облыс әкімінің төрт рет есебін тыңдады. Елбасымыздың биылғы Жолдауында берген тапсырмаларын орындауға қоғамның әрбір саласында еңбек етіп келе жатқан үкіметтік емес ұйымдар да үлестерін қосуы шарт. Азаматтық қоғамы қалыптасқан деп жиі айтылатын америкалықтар да «Азаматтық қоғамның ұраны «барлығын үкімет істесін» емес, «Біз өзіміз жасайық!» болуы керек» деген қанатты сөз бар. Бұл – барлығын үкіметтік емес ұйымдар жасасын деген сөз емес. Мемлекет тарапынан азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар да, қаржыландыру да тұрақты түрде жүргізілуде. Мысал үшін айтар болсақ, облысымызда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс көлемі соңғы алты жылда 6 есеге өскен. Егер 2012 жылы 138 млн. теңге бөлініп, 120 жоба жүзеге асырылса, биыл 834 млн. теңге қаржыға 200-дей жоба жүзеге асырылуда. 2016 жылы төрт басқарма ғана қоғамдық ұйымдармен мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс арқылы жұмыстанса, қазіргі таңда ол жалпы саны 32 мемлекеттік құрылымға жетті, соның ішінде алты басқармаға көбейді. Өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артып келеді. Осыдан он жыл бұрын олардың саны 150 ғана болса, қазір 655. Бұл дегеніміз – азаматтық қоғам дамуының нақты көрсеткіші. Азаматтық секторды дамытудағы барлық қол жеткізілген табыс – бұл біздің бірлескен еңбегіміздің нәтижесі. Облысымызда азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Осындай жемісті де пайдалы бірлескен еңбегіміз алда кездесер өзекті мәселелерді шешуде тың серпін береріне сенім білдіремін, – деді Алтай Көлгінов  өз  баяндамасында.

Өңір басшысының мәлімдеуінше, облыста сондай-ақ саяси партиялардың 6 филиалы, 50 этномәдени орталық, 15 кәсіподақ ұйымы бар. Облыстық, қалалық және аудандық деңгейде 14 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Аталған қоғамдық кеңестерде 369 мүше болса, оның 77 пайызы – азаматтық сектор өкілдері.

ҮЕҰ-ның азаматтық бастамаларын қолдауға арналған құралдардың бірі мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс болып табылады. Соңғы бес жылда бұл тапсырысты қаржыландыру көлемі 6 еседен астамға артып (2013 жылы 158 млн. теңге болған болса, биылғы жылы 834 млн. теңгеге жеткен), тиісінше, жобалардың саны өскен. Осыдан бес жыл бұрын 114 жоба болған болса, қазіргі уақытта оның саны 198-ді  құрайды.

Соңғы үш жылда мемлекеттікәлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыратын облыстық мемлекеттік құрылымдардың саны үштен алтыға дейін өскен. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты іске асыру барысында облыстық деңгейде жастар саясаты, ішкі саясат, тілдерді дамыту, жұмыспен қамтуды үйлестіру, діни істер және денсаулық сақтау басқармасы секілді алты құрылым жұмыс істейді.

Әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға қатысатын ҮЕҰ-ның саны жылдан-жылға артып келеді. Биылғы жылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты іске асыруға 147 ҮЕҰ қатысуда, оның 57-сі ауылдық жерден. Жергілікті атқарушы құрылымдар бөлген 613 миллион теңге қаражаттың басым бөлігі мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде жеке көмекшілерге, оңалту қызметтеріне, инватакси қызметтеріне, бейімдеу курстарына және т.б. әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруға бағытталған. Биылғы жылы ҮЕҰ-лар 630-дан астам маңызды мәдени, әлеуметтік және саяси іс-шара өткізіп, 67 мың  адамды  қамтыған.

Еліміздің Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев барлық өңірде өтіп жатқан форумның өзара тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты дамыту, жаңа білім игеруде маңызы зор екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол қоғамдық ұйымдардың статистикасын айта келіп, дамудың негізгі  проблемасын  атап  өтті.

– Жалпы, республика бойынша 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген. Әділет министрлігі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, БҚО-да 717-ден астам ұйым бар. Олардың басым көпшілігі белсенді жұмыс істеп келеді. Дегенмен базаға тіркелген заңды тұлғалардың біразы жұмыс істемейді. Яғни, республика бойынша қоғамдық ұйымдардың үштен бірінің аты бар да, заты жоқ. Осы және өзге де мәселелерді шешетін уақыт жетті. ҮЕҰ-ның саны жылдан-жылға көбейіп келеді, демек, еліміздегі азаматтық секторды жаңартуға тура келеді. Осы саладағы заңнаманы қайта қарау қажеттілігі туралы ұсыныстар бар. Аймақтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуде үкіметтік емес сектордың үлесін арттыру қажет.

Батыс Қазақстан облысы еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан бес қабілетті өңірдің қатарына кіреді. Ақ Жайық өңірінде, әсіресе, өндірістік және аграрлық кешен жақсы дамуда. Менің ойымша, Батыс Қазақстан облысы еліміздің Еуропасы іспеттес. Бұл жердің халқын өз ой-пікірлерін ашық айта алатын, жарқын болашаққа сеніммен қарайтын халық деп білемін. Орал қаласы – тың ойлар мен жобалардың алдыңғы легінен табылатын шаһар.  Бұл өңірдегі азаматтық ұғым да өндіріс немесе бизнес саласы секілді жақсы жетілген.  Бұлардың барлығы Елбасымыздың саясаты мен осы жердегі билік пен халықтың жұмыла атқарған еңбегі деп білемін. Алдағы уақытта да бұл өңір өз даму қарқынын баяулатпай, ел экономикасына сүбелі үлес  қосады деген ойдамын, – деді  министр.

Сондай-ақ форумда «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов, өңірлік филиал атынан Меруерт Санкаева, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» қоғамдық қорының жетекшісі Айболат Құрымбаев,  «Нұр» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Вера Шохина сөз алып, өз ой-пікірлерін  ортаға  салды.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы азаматтық қоғамды дамытудың қанатқақты жобасын жүзеге асырушы өңір ретінде таңдалып алынған болатын. Осы мақсатта форум шеңберінде ҚР Қоғамдық даму министрлігі, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі

және «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ арасында азаматтық қоғам институттарын дамытуға жәрдемдесу туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар шара барысында «Облыс аумағындағы азаматтық бастамалар мен үшінші секторды дамытуға қосқан үлесі үшін» бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестік мүшелері министрліктің және облыс әкімінің Алғысхаттарымен марапатталды. Олардың қатарында «Нұр» балалар үйі мен мектеп-интернаттары түлектерінің Батыс Қазақстан одағы» қоғамдық бірлестігінен Геннадий Франк, «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Қожақов, БҚО «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Салтанат Тұманбаева бар.

Түстен кейін форум жұмысы «Әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көздері», «Азаматтық қоғам және мемлекет: әлеуметтік бастамаларды тиімді іске асыру жолдары», «Қоғамның әлеуметтік мәселесін шешудегі ҮЕҰ рөлі» тақырыбындағы секция отырыстарына жалғасты.

Нұрбек    ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»