Оралда жаңа мешіт салынбақ

Қасиетті жұма күні Орал қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев облыстық орталық мешітке арнайы ат басын бұрды. Министрмен бірге облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  келді.

Дархан Аманұлын ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов қарсы алып, облыстағы діни ахуал жайлы әңгімеледі. Министр ҚМДБ-мен бірге тығыз жұмыстанып жатқанын айта келіп, алда тұрған келелі міндеттер жайын тілге тиек етті.

Өз кезегінде өкіл имам қалада үш мешіт барын, олар, соның ішінде мына 1,8 мың орындық орталық мешіт оралдық жамағатқа бүгінде тарлық етуде  екендігін алға тартты.

 – Жалпы, Орал қаласында жаңа мешіт салу жоспарда бар. Оған қажетті жер телімі бөлінді. Алайда демеушілердің табылмауына байланысты ол мәселе әлі шешілмей тұр, – деді Еркебұлан Қарақұлов.

Министр бұл мәселенің шешілуіне, яғни демеуші табуға жәрдемдесетінін мәлімдеді.

Кездесуден кейін облыс имамы ата-баба рухына бағыштап Құран оқыды.

Нұрлан   САМАТҰЛЫ,

ҚМДБ-ның   БҚО   бойынша   баспасөз   хатшысы