Балық баққан жігіт

Бірлік ауылдық округіндегі «Дулат» шаруа қожалығының басшысы, Қоғалы көлін бес жылға жалға алып, балық өсіріп жүрген Қажымұхан Борашев телефон шалды.

– Аға, көлге тағы біраз шабақ әкеліп, жіберіп жатырмын. Былтырғы тұқы шабақтары тәп-тәуір өсіп қалды. Уақытыңыз болса келіп, көріп  кетпейсіз  бе? – дегені.

«Жақсыны көрмек үшін» деген, жұмыстан қолымыз қалт еткенде, фотоаппаратты арқалап, Қоғалы көліне  тартып  кеттік.

Қажымұхан кім? Сәл тоқталып кетелік.

Қажымұхан осы ауданның Айдархан ауылында туып-өсті. Ауыл шаруашылығы техникумын бітірді, мамандығы – зоотехник.

Сонау жұмыссыздық бел алған жылдары еңбекқор жігіт кейбір қатарластарындай қол қусырып, Үкіметтің жәрдемақысына қарап бос отырған жоқ. Адал асын маңдай терімен табуды дағды еткен жан бірден кәсіпкерлікпен айналысып кетті.

2001 жылы жалға жер алып, үлкен ұлының есімімен «Дулат» шаруа қожалығын құрды. Шаруа жігіт бірді екі ете жүріп, төрт түлікті тел өсіріп келеді. Мыңға тарта уақ жандықты Шошай қыстағында ұстаса, қалған түлігі Қоғалы қыстауында.

Бір құптарлығы – Қажымұхан түйе өсіруге ықыласты екен. Осы ойдағы  бірден-бір  қожалық.

– Түйе – түлік төресі емес пе? Қазір 15 түйеміз бар.

Көбейте түсуді ойлаймын. Басы өссе, пайдасын көрудің жоспары жасалады ғой, – дейді шаруа.

Бұл қожалық күні бүгін алты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Науқан кезінде жұмыспен қамтылатындар саны көбейе түсетіні  де  анық.

Әлқиса, енді балық жайына ойысайық.

Қажымұхан 2016 жылы Қоғалы көлін  бес  жылға  жалға  алды.

– Алуыма екі себеп болды, – дейді ол.

Біріншісі – әуелден балығы бар Қоғалы көлін басқа біреу жалға алып  кетуі  мүмкін  еді.

Алған адам «Қыстағыңды әрірек сал. Малыңды көлден суарма!» деуі әбден ықтимал. Онда малына су таппай, тығырыққа тірелмей ме?

Екіншісі – бір кезде балығының молдығымен ауызға іліккен Жаңақала ауданының өзен-көлдері көздіккендей балықсыз қалуға айналды. Құлаш-құлаш сары сазандар көзден бұл-бұл ұшты. Өзендерді жалға алушылар көбейді. Олар табиғатты емес, өз қамдарын көздегендер болды. Ақысын бергендерге балығын аулатты, ауланған балықты арзан бағамен өздері алып, басқаға қымбатқа сатты. Осыны көріп, қоршаған ортаның ертеңіне алаңдаған шаруа жалпы аумағы 680 гектар көлді жалға  алды.

Жалға алу шартында көлге жыл сайын су түсіру, аумағына орай үш жыл бойы жылына 680 мың шабақ жіберу көрсетілген. Бастысы – осы шартты адал орындау керек-ті.

Басқалар атүсті қарайтын, табиғатты қорғау мақсатындағы бұл талапты Қажымұхан жауапкершілікпен  орындап  келеді.

2016 жылы көлге алдымен су түсірді. Сол жылы Пятимар су қоймасынан бір миллион табан шабағын жіберді.

Өткен жылы тауарлы балық өсіру мақсатында өзінің 2 миллион теңгеге жуық қаржысына Ресейдің Саратов облысынан 100 мыңнан астам шабақ әкелді. Оның 80 мыңы тұқы (карп), 10 мыңы дөңмаңдай (толстолобик), 10 мыңы ақ  амур  тұқымды  балық  еді.

Бұл шабақтар әбден жерсініп, күні бүгін тұқылардың салмағы бір  келіден  асып  барады.

– Ғалымдар (балық өсіру мамандары) келіп, көлді зерттеді. Осы тұқымды балық өсіруге то-лық жағдай бар, көл түбіндегі өсімдіктер толық сай келеді екен. Оған бір жылғы тұқылар дәлел, – дейді  балық  өсіруші  жігіт.

Биыл 680 мың тұқы шабағын  облысымыздағы «Марченко» жеке кәсіпкерлігінен 680 мың теңгеге алып, өзінің «КамАЗ» көлігімен әкеліп, жіберіпті.

– Бәрі де жүзіп кетті. Өлгені  жоқ,  –  дейді  Қажымұхан.

Шарт бойынша үш жылдан кейін алғашқы жіберген шабақтар өсіп, өздері уылдырық шаша бастауы  керек  екен.

– Бұрын бұл іспен айналысып көрмегендікі ғой. Алғашқы жылы табан шабақтарын босқа жіберіппін. Олар тауарлы тұқым емес, өсуі ұзақ жылға кетеді. Оның үстіне балықтардың уылдырықтарын жеп қоректенеді  екен…

Былтырғы тұқыларды көрдіңіз. Бір жылда салмағы келіден асып кетті. Келер жылы екі келіге жетсе, өздері тұқым шашады, – дейді  ол.

Қажымұхан айналысқасын балық өсірудің кәнігі маманына айнала бастапты. Балық жайлы қызыға  әңгімелейді.

Қоғалы көлінен балық аулауға тыйым салынып, тақтайша қағылыпты. Кіші ұлы Думан көл басында қорықшы болып жүр.

– Қиындық – биыл әлі көлге су ала алмай отырмыз. Су мамандары уәдесінде тұрса, мұз қатқанға дейін беруі керек, – дейді балық баққан әкелі-балалы азаматтар.

Алаңдаулары орынды. Қоғалы терең көл емес, су түспесе,  қыста бауырлап қатуы, балық тұншығуы  әбден  мүмкін  жағдай.

– Қыс бойы ойық ойып, бір ойықтан екінші ойыққа мотормен су айдап отырдық. Бұл мұз астындағы тіршілік иелерінің тұншықпауы үшін өте пайдалы екен, – дейді  ұлы  Думан.

– Балық жайы біздің әулетке мүлдем бейтаныс іс емес. Атам Бораш соғыс жылдары балық аулап, ауылын аштықтан сақтаған екен, – дейді сұрағымызға орай әңгіме  өрбіткен  Қажымұхан.

Еңбектері еш болмай, тауарлы балығы өсіп кетсе, келешекте аудан орталығынан арнайы дүкен ашып, халықты балықпен қамтымақ. Ал осы іске құйған қаржысы қайтпаса да өкінбейді. Туған жерінің табиғи байлығына ашкөздік танытпай, оны қорғап, сақтауға үлгі болса, мұратына жеткені екен.

Біз балық баққан жігіттен біраз жайға қанығып, биылғы шабақтар мен былтыр әкелініп, өсіп жатқандарын көріп, суретке түсіріп, тосын тірлікке тосырқамай, шалғай аудан, ауылда балық өсіріп жатқан жандардың ынта, мақсаттарына риза болып аттандық.

Өмірзақ   АҚБАСОВ,

Жаңақала   ауданы