16.11.2018, 20:41
Қараулар: 21
50 кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы өседі

50 кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы өседі

БҚО  бизнес-қауымдастығының  өкілдері  Елбасы  Жолдауында қойылған міндеттерді орындауға  белсенді үлес қосуда. Қызметкерлерге төленетін еңбекақының ең  төменгі  мөлшерін арттыру бойынша бастама кәсіпорын басшылары тарапынан кеңінен қолдау тапты. Өңдеуші өнеркәсіптің тағы 30 кәсіпорны, ауыл шаруашылығындағы 11 кәсіпорын, ТҮКШ және құрылыс саласындағы 10 мекеме басшылығы қызметкерлерінің еңбекақы мөлшерін арттыратындықтарын мәлімдеді.

Караванный путь» құрылыс компаниясының директоры Замир Ихсанов Елбасының ұсынысын алғашқылардың бірі болып қолдап, бүгінде кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын өсірген.

– Қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайына баса назар аударуға тырысамыз. Жалпы ұжымның еңбекақысын 20%-ға, ал төмен жалақы алатын қызметкерлердікін 35%-ға арттырдық. Осылайша, біздің кәсіпорын бойынша ең төменгі жалақы мөлшері 67 мың теңгені құрайды, – деп атап өтті З. Ихсанов.

«Оралагрореммаш» АҚ да қызметкерлерінің нәпақасын арттырмақ. Зауыт арнайы техника шығару бойынша еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Алпыс жыл бойына ол Қазақстан және жақын шет ел мемлекеттерінің нарығын қажетті арнайы техникамен, сыйымдылықты-құймалы техникамен, металл құрастырылымдармен және түрлі үлгідегі қоршаулармен қамтамасыз етіп келеді. Зауыт өнімдерінің тізілімінде аутоцистерналар, тіркемелі және коммуналдық техника, түрлі металл құрастырылымдар, тұрмыстық қатты қалдықтар салуға арналған еуроконтейнерлердің бірнеше түрі бар.

– Біз Елбасының еңбекақыны арттыру, қызметкерлердің күнкөріс деңгейін жақсарту туралы ұсынысын қолдаймыз және өңіріміздегі барлық кәсіпорынның игілікті іске белсене қатысып, жұмыскерлерін лайықты еңбекақымен қамтамасыз етуді ұсынамыз. Бұл халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз санатына айтарлықтай қолдау болады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап біздің кәсіпорындағы ең төменгі жалақы 60 мың теңгені құрайды, – дейді компания директоры Армат Бисенов.

Өткен жылдың соңында «ПОШ Руно» ЖШС-да тері өңдеу бойынша зауыт қолданысқа енгізілген болатын. Аталған кәсіпорынның өңдеу қуаттылығы жылына жалпы құны 2,2 млрд. теңге болатын 182 мың данаға дейін ірі қара мал терісін және 624 мың дана ұсақ мал терісін құрайды. Кәсіпорынның өнімдері отандық нарықта сұранысқа ие болып қана қоймай, Түркия мен Еуропа елдеріне де экспортталады. Кәсіпорын директоры Ерлан Ильясовтың айтуынша, бұл жоба мемлекет басшысының қолдауы және экономикалық саясаттың арқасында жүзеге асырылған.

– Елбасының жуырдағы Жолдауы жүргізіліп отырған саясаттың әлеуметтік бағдарлылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мемлекет басшысы бүкіл әлем бойынша әлеуметтік бағдарламалар тоқтап, әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар қысқартылған, ал көптеген елдің үкіметі әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартып жатқан шақта осындай маңызды әлеуметтік-бағдарлы қадамды бастап отыр. Біз бүгінгі күні жалақысы тым төмен саналатын 50 қызметкеріміздің еңбекақысын арттыруды жоспарладық. Келесі жылдың қаңтарынан бастап олардың еңбекақылары 92 мың теңге көлемінде болады, – деп атап өтті «Пош Руно» ЖШС басшысы  Е. Ильясов.

Кәсіпорын басшыларымен кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мемлекет жергілікті кәсіпорын өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жан-жақты қолдау көрсететіндігін атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар