16.11.2018, 20:39
Қараулар: 103
Жастар саясаты жаңа серпінмен жүргізілмек

Жастар саясаты жаңа серпінмен жүргізілмек

Келесі жылы шекаралас өңірлердегі жастар Оралда бас қоспақ. Жастар жылына орай ұйымдастырылатын форумға жақын маңдағы облыстардың ғана емес, көршілес елдердің де жастары қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір басшысы Алтай Көлгінов БҚО әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.

Жергілікті атқарушы билік құрылымдарының басшылары, аудан әкімдері, ЖОО ректорлары, жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер қатысқан жиында «БҚО жастарын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жол картасының» жүзеге асу барысы, облыстағы жастардың барлық санатын қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.

– Күні кеше Елбасы жастарды кешенді түрде қолдау мақсатында келесі жылды Жастар жылы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Кезекті Жолдауында жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағыттарын да белгіледі. 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануы жастар саясатына үлкен серпін береріне сенім мол. Біз қазіргі таңда облысымыздағы жастарға қатысты мәселенің барлығын зерттеп, зерделеп, бірқатарын іске асырудамыз. Сол себепті Жолдау бұл ісімізге үлкен қолдау болары сөзсіз. Ендігі кезекте еліміздің, соның ішінде өңіріміздің жас азаматтарын толғандыратын нақты мәселелерді шешумен айналысуымыз қажет, – деді жиынды ашқан Алтай Сейдірұлы.

Кеңесте негізгі баяндама жасаған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сақошевтың сөзіне қарағанда, Ақ Жайық өңірінде 136 мыңнан астам жас бар. Олардың 3,1 пайызы еш жерде жұмыс істемейді, оқымайды, яғни NEET санатына жатады. Айта кету керек, бұл көрсеткіш соңғы үш жылда екі есеге дейін төмендеп, қазір республика бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі болып табылады. Өңір жастарының дамуына және өзін-өзі дамытуға жағдай жасау мақсатында «БҚО жастарын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жол картасы» қабылданып, жүзеге асырылуда. Жол картасы 4 негізгі бағыттан тұрады: жастарды жұмыспен, сапалы әрі қолжетімді біліммен қамту, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, жеке және кәсіби тұрғыдан өсуге жағдай жасау.

– Биыл облысымыздағы жастардың әлеуметтік жағдайын анықтау мақсатында зерттеу жүргізілген еді. Оған өңірдегі барлық ауданнан 14-29 жас аралығындағы 800 жас қатысты. Орал қаласындағы, Бөкей ордасы, Жаңақала, Зеленов аудандарындағы респонденттердің 35 пайыздан астамы жергілікті атқарушы билік тарапынан жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесіне қатысты айтарлықтай көңіл бөлінбей отырғанын жеткізген. Ал жастарды қолдау мен дамыту үшін мемлекет тарапынан қай салаға жете мән беру керек  деген сұраққа  қолжетімді әрі сапалы білім (63,2%), жұмыспен қамтуға жағдай жасау (46,8%), салауатты өмір салтын қалыптастыру мен медициналық қызметті (35,9%) жақсарту керек деп жауап берген, – деді Аян Қажимерұлы.

Аудандар ішінде жастарды жұмыспен қамту, бос уақытты пайдалы өткізу мәселелері Қазталовта жақсы шешілуде. Мәселен, жыл басынан бері бес мәрте ұйымдастырылған жастарға арналған жұмыс жәрмеңкесіне 300 жігіт пен қыз қатысып, олардың 250-і жұмысқа тұрды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында соңғы екі жыл ішінде жастар 91 млн. теңге несие алып, өз істерін бастады және 20 жұмыс орнын ашты. «Ауылға жас мамандарды тартуда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тигізіп жатқан пайдасы көп, – дейді Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков. – Тек соңғы екі жылдың ішінде ауданға 150 жас маман келді. Оның 90-ы педагог болса, 47-сі – медицина қызметкері. Бүгінде ауданның барлық 16 ауылдық округінде спорт алаңдары салынды. Спорт мектептерінің және орта мектептердің спорт залдары кешкі уақытта ауыл жастарына қолжетімді. Жаз мезгілдерінде орталық саябақтарда жастардың қатысуымен әр түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады».

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевтың айтуынша, биылғы тоғыз айда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде өңіріміздегі 8,5 мыңдай жас жұмыспен қамту шараларына тартылып, оның  6,3 мыңға жуығы «екі қолға бір күрек» тапты. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 507 жас жолданып, 100 адам несие алса, 10-ына мемлекеттік грант бұйырды.

– Жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде тарих пен мәдениеттің алар орны зор. Соған байланысты өлкетану бағытындағы экскурсиялар, көрмелер, конференциялар, ғылыми-зерттеу экспедициялары жиі өткізілуде. Бұл шараларға, негізінен, студенттер қатысуда. Жас суретшілерді, қолөнершілерді, фотографтарды, коллекция жиюшыларды және өзге де дарын иелерін қолдау мақсатында мәдениет нысандарында көрмелер, өзге де шаралар ұйымдастырылып жүр. Отанға деген сүйіспеншілік пен еліміздің өркендеуіне қызмет ету қасиеттерін қалыптастырудың төте жолы театрға бару деп ойлаймыз. Қаламыздағы мәдениеттің ордасы болып табылатын Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ театры мен А. Островский атындағы театрдың репертуарларында жастар үшін тартымды, тәрбиелік маңызы бар қойылым көп. Көрермендердің едәуір бөлігін жастар құрайтыны да көңілге қуаныш ұялатады, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат  Мұсағалиев.

Жиын барысында сөз алған «Приуралье» газетіндегі әріптесіміз, аталмыш кеңестің мүшесі Галина Манцеваның пікірінше, бүгінгі жастар еліміздегі атқаралып жатқан игі істердің көш басында жүрулері керек.  Адамның бойындағы отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерін дамытатын «Рухани жаңғыру» секілді бағдарламалардың жүзеге асуына аянбай үлестерін қосқандары жөн. «Жыл өткен сайын қоғамда әлеуметтік желінің маңызы артып келеді, – деді ол. – Жаңа облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы өз баяндамасында әлеуметтік желілерде  100 мың жазылушы барын айтып өтті. Бұл – айтарлықтай үлкен әлеует. Мемлекеттік бағыттағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған кезде осы әлеуетті пайдалана білу керек. Сондай-ақ жергілікті атқарушы билік құрылымдарының басшылары әлеуметтік желіге көптеп қосылса, нұр үстіне нұр».

Жас инженер Ақжол Жандауовтың бұқаралық және олимпиадалық спорт түрлерін дамыту туралы ойын да өңір басшысы қолдады. Облыс әкімінің айтуынша, қазір спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-колледжі ғимаратының құрылысы жүруде. Бұл олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бермек. Барлық ауданда спорттық алаңдар салынуда. Енді жүгіруге арналған қауіпсіз жолақ салу жоспарда бар. Жалпы, жүгіру мен велоспортқа арналған жолақтар Оралдағы орталық паркте және сол маңдағы айналма жол бойындағы Шаған өзені жағалауынан, яғни «Смарт-Орал» ХҚО-ның (бұрынғы технопарк) алдынан салынатын болады.

Қазталов ауданынан келген жас кәсіпкер Индира Әлібекова өз замандастарын қорықпай, кәсіп бастауға шақырды. Соған орай жастар үшін берілетін шағын несиелердің түрін көбейту керек деп санайды. «Urban style» би студиясының жетекшісі Асан Саматов келер жылы Оралда заманауи мәдениет пен би бойынша фестиваль өткізу туралы ұсынысын айтты. БҚМУ-дың 3-курс студенті әрі жоғары және арнаулы оқу орындарындағы «Studunion» өзін-өзі басқару ұйымының төрайымы болып табылатын Әйгерім Лұқпанованың ойынша, келер жылдан бастап инновациялық-технологиялық бағытта студенттердің жазғы лагерін ұйымдастыру керек. Оған тек елімізден емес, шетелден де мықты ІТ мамандар келіп, дәріс бергені дұрыс. Бұл шара студенттердің, яғни болашақ жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырмақшы. Әйгерім сондай-ақ Жайық жастарының атынан тағы бір ұсыныс айтты. Жастар жылына орай облыс орталығындағы бір аллея не көшені жастардың атымен атау қажет. Әкім бұл ұсыныстарды толығымен қолдайтындығын жеткізді. Ал «Зенит» зауытындағы жастар комитетінің төрағасы Серік Дәулетяров жастар арасындағы масылдық, «дайын асқа тік қасық болу» жайттарына тоқталды. «Қазір көп жерде жаңадан спорттық құрылғылар қойылып жатыр», – деді ол. – Артынша олардың кейбірінің сынып жатқанын байқайсың. Көбіне бұл ұқыпсыздықтан, жауапкершіліктің төмендігінен орын алады. Біз ондайға жол бермеуіміз керек. Мәселен, белтемірдің сына бастағанын көре қалсақ, тиісті орындарға хабарлап, оның тез арада жөнделуіне өз үлестерімізді  қосқанымыз  жөн».

– Бүгінгі жиында жастар орынды ұсыныстар айтты. Біз олардың бәрін өз жоспарымызға енгіземіз. Алдағы айда жастардың облыстық форумын ұйымдастырмақпыз. Бүгінгі кеңес ресми болса, ол форум бейресми жағдайда өтеді. Онда да жастар өз ой-пікірлерін ашық айтуларына болады. Жиын соңында барлық мемлекеттік мекеме мен мүдделі ұйымдарға «БҚО жастарын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жол картасын» сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді кеңес отырысын қорытындылаған Алтай Сейдірұлы.

Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.