16.11.2018, 19:49
Қараулар: 4
Еркінге елі риза

Еркінге елі риза

Сәрсенбі күні  Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында танымал әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегеновтің «Ән-арман» атты шығармашылық кеші өтті.  Әуезді әндерімен көпшіліктің көңіл төрінен орын алып жүрген өнер иесінің кешіне әнсүйер қауым көп жиналды.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл кештің ерекшелігі, негізінен жергілікті ақын-сазгерлердің әндері Еркін Өтегеновтің орындауында көрермен жүрегіне жол тартты. Жайықтың белгілі ақындары Ғайсағали Сейтақ, Дариға Мұштанова, Мұнайдар Балмолда, өзге де өнер иелерінің сөзіне жазылған  «Асқақтай бер, Астана», «Ән-арман», «Теңіздің ерке сұлуы», «Жан самалы», «Ағам менің» әндері көрермен көңіліне серпіліс сыйлады.

Бұл кештің тағы бір ерекшелігі – Еркін Өтегенов жұбайы Зоя Бекмұраткелінін сахнаға алғаш рет алып шығып, көрермен қауымға, театр толы халыққа сәлем салғызды. Отау құрғандарына алты жыл болған жас жұбайлар танымал қаламгер Бауыржан Ғұбайдулиннің «Жан самалы» әнін қосыла шырқады. Ғашықтар дуэті ретінде жұбайларға арналып жазылған әдемі әнді көрермен әсерлі қабылдады. Сондай-ақ, Еркін әнші флейтада ойнап, “Көңіл назы” композициясын көрермен назарына ұсынды.

Қаршадайынан әнші болуды армандаған бала Еркін тек армандап қана қоймай, ізденіс пен еңбектің нәтижесінде Жайық бойын әнмен тербейтін белгілі өнер иесіне айналды. «Еркіннің әнін тыңдасам» деп келген зал толы көрермен әр әнге шабыттана қол соғып, сүйікті әншілеріне дем беріп отырды.

Жергілікті сазгерлер Жаскелең Ғайсағалиев, Қуандық Мәдір, Еркін Нұрымбетов, Ербол Ақбасов, Қуаныш Қисыметовтың сазды әуендері кеш шырайын аша түсті.

Өнерге ғашық әншінің бүгінге дейін бағындырған биіктері аз емес. Ол Қызылорда қаласында өткен «Қыдыр қонған Қызылорда» атты республикалық әншілер байқауының бас жүлдегері. Сондайақ, Майра Ілиясованың «Майра» продюсерлік орталығының арнайы шақыруымен Алматы қаласында өткен «Жан анам» концертіне және бірнеше рет «Сағындырған әндер-ай» ретро фестиваліне қатысты. Әр жылдары Ресей Федерациясы мен Германияға қоса, Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби, Дубай шаһарларында, сондай-ақ Хорватияның Загреб қалаларында гастрольдік сапарларда болып, қазақ әндерін әуелетті. 2015 жылы ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Алғысхатымен марапатталса, 2017 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне тақты.

Кеш соңында сахнаға көтерілген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев сахнаны еркін меңгерген Еркін әншінің әр әні көрерменге серпіліс сыйлап, бүгінгі шара жан сергітер, рухани кеш болғандығын атап өтті. Әнші туып-өскен Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Жұбан елінен шығып, ел мерейін асырып  жүрген өнерлі ұлдарына аудан халқының атынан Жұбан Молдағалиевтің портреті бейнеленген кілемшені сыйға тартып, алғысхат табыс етті. Жайық бойын жайлаған ақын, сазгер, әнші, жалпы өнер иелерінің ынтымақ-бірлігінің жарасымын паш еткен «Ән-арман» ел-жұрттың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Гүлжамал    ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар