14.11.2018, 19:21
Қараулар: 22
1 теңге ұсақ бақыр болғанымен, ол – ұлттық валютамыз!

1 теңге ұсақ бақыр болғанымен, ол – ұлттық валютамыз!

… Кеңестер заманында Оңтүстік Қазақстан облысынан Алматыға оқуға келген жастарынан өзбек акаларымның қазақтың «құрысыншы» деген сөзінен байыдым дейтін мысалын талай рет естігенбіз. Ой жіберіп қарасаңыз, расында солай. Сөйтсек, Өзбекстан астанасы Ташкенттегі көп қабатты ірі сауда орындарының бірінде сіріңке жоғары қабатта сатылады екен. Ал өзағаңдар оны сатып алып, сол сауда орнының есік алдында отырып, бір тиын тұратын сіріңкені екі тиынға, яғни бағасына баға үстеп сатып, пайда табатын көрінеді. Сіріңке үшін жоғары қабатқа көтерілуге ерінген біздің ағайындар «Құрысыншы, бір тиынға бола жүрем бе?» деп қолдарын бір-ақ сілтеп, бір тиын тұратын затты екі тиынға ала салады екен.  Сол ғадеттен әлі арыла алмай жүргеніміз жоқ па осы?!

Әрине, бүгінгі заман басқа, еліміз тәуелсіздік алып, мемлекетіміздің өз ақшасы, төл теңгеміз айналымға шыққанына биыл 25 жыл толып отыр.  Бірақ қазіргі уақытта да бір теңгеге көзқарас сол салғырттық, немкетті күйде қалғандай көрінеді. Күнделікті тірлікте «Ақша тиыннан құралады» деп сайрағанымызбен, көзге ұсақ көрінетін тиын-тебенді үнемдеп, ұқыптап ұстауға мойнымыз жар бермейтіні шындық. Бірақ айналаңыздағы толған сауда орындарынан бір тиыныңыз жетпей жатса, алайын деп тұрған тауарыңызды кейбір сатушының қолыңызға ұстата салуы неғайбыл.

Өйткені «ақша тиыннан құралатынын» басқа білмесе де, сауда айналасындағылар жақсы біледі. Осыны ескерген ҚР Ұлттық банкі жақында мерейтойлық «Теңгеге 25 жыл» деген номиналы 5000 және 500 теңгелік күмістен және номиналы 100 теңгелік мельхиор қоспасынан жасалған мәнеттерді айналымға шығарды. Бірінің салмағы 1 келі, екінші түрінің салмағы 62,2 грамм болатын  коллекциялық күміс мәнеттер небары 200 және 1000 данамен шығарылып, жылдам сатылып кеткен. Аз таралым-мен шығарылатын мәнеттерге коллекция жасаушылардың, яғни нумизматтардың құштарлығы сондай күшті, сондықтан ондай мәнеттер ән сағатта өтіп кетеді. Банк мамандарының айтуынша, мәнеттердің  дизайны да көп жағдайда олардың өтімділігін арттыруда рөл атқарады.

Теңгенің мерейтойына арналып шығарылған мерейтойлық мәнеттер номиналы ең төмен  1 теңгеге арналған. Еліміздің басты белгілерінің бірі болғанымен, бұл  1 теңгені көпшілік бағалай бермейді, бала екеш балаға дейін оны ақша деп менсінбей, сәлсінетінін қайтерсіз. «Бір тиын туралы бір түйін» деген өлеңінде жерлес ақын Айбатыр Сейтақ замандасымыз жерден бір тиынды көтеріп алған жігітіне ренжіген қызына:

– Қалқам, бұдан тудырмағын кері ұғым,

Бұл бақырдан неге сонша жерідің?

Баю үшін алған жоқпын мен оны, Көтердім мен Отанымның Гербін! – деп бір тиынның мемлекеттік маңызын көрсетуші еді.

Шын мәнісінде қомақты ақшаның өзі осы бір теңгеден басталатыны көп жағдайда ескеріле бермейді. Жаңадан шыққан коллекциялық күміс мәнеттердің бет жағындағы (аверсінде) жылтыр бетінде 1997 жылғы үлгідегі номиналы 1 теңгелік мәнеттің алтындатылған бейнесі жарқырайды. Ал сырт жағында (реверсінде) 1993 жылғы үлгідегі қазақстандық мәнеттердің аясында номиналы 1 теңгелік банкнот бейнеленген. Осылайша Ұлттық банк 1 теңгенің ақша айналымындағы мән-маңызына тереңірек үңілткендей болды. Бұл, әрине, қуанышты жағдай.

Банк мамандарының айтуынша, 1997 жылы алғаш шығарылған 1 теңге бүгінде ең қымбат мәнетке айналған. Өте жақсы сақталған сол теңгені бүгінде коллекция жасаушылар 1-2 мың теңгеге сатып алады. Жалпы, қазақ-стандық дизайнерлердің шебер қолынан шыққан коллекциялық мәнеттер әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие. Тек мәнеттердің ғана емес, сонымен қатар теңге банкнотасының дизайны айрықша көркем. Содан да теңге банкнотасы үш мәрте 2011, 2012 және 2013 жылдары дүниежүзіндегі ең  үздік қағаз ақша ретінде танылды. Әлемнің ақша жасау технологиясының соны жетістіктері бойынша жасалған теңгенің  16 құпия қорғаныс белгісі бар. Сондықтан америкалықтар теңгенің технологиясына сүйене отырып, доллардың қауіпсіздігі шараларын күшейткен деседі. Сондай-ақ теңге әлемдегі жалғыз екі тілді валюта саналады.

Қалай болғанда да, еліміздің төл теңгесі тәуелсіздігіміздің символы, ұлттық экономиканың темірқазығы, өзге елге «жем» болмаудың, байлығымызды сақтаудың басты құралы екені сөзсіз. Сондықтан теңге, ұлттық валюта күні  –  еліміздегі барша халықтың ортақ мерекесі. Әрі бүгін – қаржыгерлердің төл мерекесі. Мереке құтты  болсын!

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар