«Мұсылман марқұмды пәктеу де – сауап»

Күні , 224 рет оқылды

… Бірер жыл  турасында  ауылдағы  жамағайын  апайымыз  қайтыс  болып, сүйекті  жуатын ақ  жаулықты  табылмады. Марқұмның  ет  жақын туыстары  өзі  сүйретіліп  әрең  жүрген  кейуананы білгеніңізді  айтып  тұрсаңыз  болды  деп,  екі-үш жас келінмен  бірге  ішке  кіргізді.  Бұл тек  бір ауылға тән  жағдай емес, өткенде  Сырым  ауданындағы оқырмандармен  кездесуде  де  осы  мәселе  көтерілді. Бір  ауылда  сүйекті  жууға  кіретін  жалғыз  қартаң  әйел  қалыпты. «Қара  жерге  жылан  кірсін»  демекші, бірақ  ертең  сол  кісі  олай-бұлай  болып  кетсе,  басқасын айтпағанда  ол  кісіге кім  кіреді?  Жасы-жасамысы бар  нәзік  жандылар  түрлі  себептерді  алға  тартып, қайтыс  болған  кісіні  арулау рәсімдерінен  ат-тондарын  ала  қашатын  бопты. Сонда  бара-бара  не  боламыз, неге  бұлай деген  сұрақтар,  жалпы жаназаны дұрыс  атқару  жөнінде  ҚМДБ-ның  БҚО  бойынша өкіл  имамы Еркебұлан  Қарақұловпен  әңгімелестік.

Өкіл имамның айтуынша, имандылық, теологиялық немесе  шариғат қағидалары тұрғысынан бақилық болған кісіні жуындырып, пәктеп, жаназасын шығарып, содан кейін жер қойнына тапсыру – иісі мұсылманның қастерлі міндеті.

– Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше істерге, яғни мұсылман бауырыңның қал-жағдайын сұрауға, сонымен қатар жаназаға асығыңдар деген. Сүйекке марқұмның ет жақын туыстары, жанашырлары, жақын-жұрағаты кіреді. Қазақ халқы ежелден  осыны ұстанған, шариғатымыз да, асыл дініміз де мұны құптайды. Әрине, ешкімге сен кіресің деп міндеттей алмаймыз. Ер адамға ерлер, әйелдерге әйел заты кіру керек. Ал егер де марқұмның жақын туысы болмай жатса, жуындыруды білетін бір мұсылман адам кірсе, жарап жатыр. Кейде мәйітті жуындыруға топырлатып 5-6 адам кіргізеді. Алайда олар сүйекті көтеруге көмектеспесе, жуындыруға 2-3 адам жеткілікті. Сүйекке кіруге жаназаға келгендердің көпшілігі сасқалақтап, суырылып шыға қоймайды.  «Әлі өлгім келмейді», «сүйекке кірсем, ажалды асықтырып жіберемін» деп ырымдап, бас тартатындар бар. Әсілі, мұндай сауапты істен сырт қалуға болмайды. Біз – мұсылманбыз, өзекті жанға өлім хақ, өлімнен ешкім қашып құтылмақ емес. Ол – ақиқат. Ешбір пенде өзінің қашан және қай жерде қайтыс болатынын біле алмайды. Сондықтан халық бұл – менің дінім, болмысым, дәстүрім деп қабылдап, қалыптасқан әлгіндей психологиялық кедергіні бұзу керек. Сүйекті жууға қатысу арқылы сауапқа ие болуға ұмтылған жөн.   Яғни, мұсылман марқұмды пәктеу де – сауап.

Ата-бабамыздың жолымен Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып келе жатқан халықтың ұрпағымыз. Садақа-жиындарды өткізгенде Құран оқытамыз.  Ендеше, түбіміз – мұсылман, яғни ислам діні бізге өгей емес, сол себепті өгейлік қарым-қатынасты тоқтатуымыз керек. Сонда ғана психологиялық кедергілерден өте аламыз. Кей жағдайларда дененің бір жерде ұзақ уақыт жатып қалуына, жол апатынан ауыр жарақат алып, дене мүшелері түгел болмаған жағдайда, түсіністікпен қарауға болады. Ондайда психологиялық тұрғыдан мықты адамдар ғана кіреді немесе үлкен қалаларда марқұмды жуындыруға адамдарды жалдауға болады, – деді өкіл имам.

Жаназа   намазына   ерлер   тұрады

Жаназа және жерлеу рәсімдері жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітабында жан-жақты айтылған. Өңірімізде өкіл имамның бастамасымен, ардагерлер кеңестерінің қолдауымен бірнеше ауданда жаназа пәтуасын ысырапсыз, шариғатқа сай өткізу қолға алынды.  Сондықтан молдаға жаназаны шариғат тұрғысынан өткізуге қолдау көрсету – әрқайсымыздың парызымыз.

«Жаназаға 200-300 адам келеді, соның 7-8-і ғана жаназа намазына шығады, өзгелері митингке келгендей қарап тұрады. Жаназаның негізгі мағынасы төбеңізді көрсетіп, көңіл айту, маңыздысы, қайтыс болған кісіге сауап мол болсын, сұрағы жеңіл болсын деп дәрет алып, жаназа намазына тұру. Әйелдер жаназа намазына тұрмайды, тек төбе көрсетіп, көңіл айтады. Сондықтан ер-азаматтар жаназаға келгенде үйден дәрет алып, жаназа намазына тұрамын деп келу керек. Пайғамбарымыз  40 адам жаназаға тұрса, марқұмның күнәсі кешіріледі деген. Барлығы шетінен Құран оқысын, намазға жығылсын, діндар болсын демейміз. Жаназаға ғана осындай қарым-қатынасқа ие болсақ, сонда ғана сүйекке кіру мәселесіндегі түйткілді тарқатамыз», – деп түсіндірді  облыстың  бас  имамы.

Шеге  қағу  шариғатта   жоқ

Өкіл имамның айтуынша, алдымен қайтыс болған адамның барлық киімін шешіп, оң бүйіріне жатқызып, жүзін құбылаға қаратып, ақ матамен жауып қояды. Қайтыс болған адамның жинақы жатуына байланысты атқарылатын амалдарды білгеннің зияны жоқ. Мысалға, марқұмның аяқтарының үлкен башпайларын жіппен байлау, білектерін және жағын байлау. Бұл медициналық тұрғыдан құпталады, өйткені өлі дене жайылып кетпейді.  Ал марқұмның «мойны қатпай кетті» деп шеге  қағу – шариғатта  жоқ  нәрсе.

«Әдетте садақаларда сөйлеушілер «Өмір бар жерде өлім бар» деп мойындай отырып, «мұндай жағдай орын алмасын» немесе «жаман жағдай болмасын» деп Алланың әміріне қарсы келіп жатады, оның орнына «Қайғыңызға ортақпыз, Алла сабыр берсін» деген жөн. Кейде мәйітті есіктен басымен немесе аяғымен шығару керек деп дауласады. Қалай ыңғайы келеді, солай шығарасыз», – деді   Еркебұлан Ибрайымұлы.

Бас имамның айтуынша, жаназа оқыған имам-молдаларға ақы берілмейді. Ал үй иесінің садақа деп ниет етіп атағаны болса, алуға рұқсат етіледі. Қабір қазу физикалық күшті талап етеді, олардың қызмет ақысы төленуі керек. Қабір қазушы еңбекақысын сұрап жатса, ол күнә емес. Сүйекке кіргендерге көбінесе қайтыс болған адамның заттары таратылады. Марқұмның киім-кешегін таратқанда, оны жаман ырымға балап алмау әбестік саналады. Ал сүйекті жууға пайдаланған шелек, бақырашты кейін тұрмыста пайдалануға болады.

Қабір қандай тереңдікте қазылуы тиіс деген сұрақ та көпшілікті мазалайды.  «Қабір жер қыртысының жағдайына қарай қазылады. Егер тік түсірілетін болса, онда тақтайлар қабірдің бетіне жабылады. Сондай-ақ топырағы құлап кетпейтіндей етіп жанама қазуға болады. Қабірдің тереңдігі денені көтеріп, отырған деңгейде болуы керек. Бастысы, оның терең не кеңдігінде емес, бөлек үй іспеттес болуында», – деді өкіл имам.

«Шариғат бойынша марқұмның жаназасы үшін жетісін, қырқын, жүзін, бір жылдығын беру талап етілмейді. Бұл –  біздің ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпымыздың көрінісі.

Ағайынның басын қосып, садақа дастарқанын жаю сауапты іс болмақ. Ең бастысы, онда ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Имамға, молдаға көбірек уақыт беріліп, сол жерде уағыз айтылса дейміз», – деді  өкіл имам Еркебұлан  Қарақұлов.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика