Жаңақала ауруханасы жапондық грантқа үміткер

Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірімізге  жұмыс  сапарымен  келген Қазақстан Республикасындағы  Жапон елшілігінің  атташесі Юма Танакамен  және «Корни  травы» қайтарымсыз  гранттық  бағдарламасының үйлестірушісі Жанар Амантаймен кездесті. Жиынға сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Бибігүл  Қонысбаева, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, облыстық денсаулық сақтау  басқармасы басшысының  міндетін атқарушы  Нұрданат Беркінғали,  облыстық білім басқармасының  басшысы  Шолпан Қадырова  қатысты.

Бұл – Жапония үкіметінің түрлі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға арналған «Корни травы» бағдарламасы өкілдерінің Батыс Қазақстан облысына екінші ресми сапары. Осыдан төрт жыл бұрын ең шалғай орналасқан Бөкей ордасы ауданында болып, аудандық орталық ауруханаға қажетті, құны 97 мың АҚШ долларынан асатын заманауи рентген-аппарат, ашық реанимация жүйесі, қос бірдей электрокардиограф сияқты 11 түрлі медициналық құрал-жабдықты сатып алуға қайтарымсыз грант бөлген еді.

Биылғы мамыр айында «Жаңақала аудандық орталық ауруханасы «Корни травы» бағдарламасына өз құжаттарын жолдаған екен. Ауданда онкологиялық ауруларға, ас қорыту жолдары ауруларына шалдыққандар саны азаймай отырғанын алға тартқан жаңақалалық ақ желеңділер жапондық бағдарламаның мүмкіндігіне сүйеніп, науқастарды емдеуде аса қажетті бейнегастроскоп қондырғысы мен эндоскопиялық жүйені сатып алуға үміттеніп отыр.

Кездесу барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов екі ел арасындағы  әріптестікті еселей түсуге ықылас танытқаны және облыстың ең шалғай аудандарының бірін заманауи әрі қымбат медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуде зор мүмкіндікті ұсынғаны үшін Жапон елшілігінің Қазақстандағы атташесі Юма Танакаға алғыс айтты. Озық технологияның  отаны саналатын Жапония мен Батыс Қазақстан облысы арасында цифрландыру, білім-ғылым, денсаулық сақтау салаларында екі жақты тиімді әріптестікті жандандыруға мүдделі екенін  атап  өтті.

– Елбасы Н. Ә. Назарбаев мемлекеттік қызмет көрсету саласынан бастап, барлық саланы цифрландыруға баса мән береді. Технологиялық жаңғыртуды жедел қамтамасыз ету, цифрлық трансформациялау мақсатында арнайы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты –  мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, тұрғындардың уақыты мен шығынын азайту және қажеттіліктеріне кедергісіз қол жеткізуіне жағдай жасау.

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Барлық медициналық мекеме-ұйымда электронды денсаулық паспорты, емханаларда электронды кезек жүйесі, «k vrachu» мобильді қосымшасы енгізіліп, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында қымбат құрал-жабдықтар сатып алынды. «Денсаулық» бағдарламасын өңірімізде жемісті жүзеге асыру мақсатында Орал қаласындағы кардиологиялық орталыққа қосымша жаңа ғимарат салу, қалалық көпбейінді ауруханаға ангиограф қондырғысын сатып алу бағытында жұмыстанудамыз, деген өңір басшысы жапондық қонақтарға мемлекеттік қызмет, білім беру, халыққа қызмет көрсету, жер қатынастары салаларында цифрландыру аясында қолға алынған жобалар туралы кеңінен әңгімелеп берді. Цифрландыру аясында алдағы жылдың қаңтарынан бастап пилоттық режімде іске қосылатын «311» – Бірыңғай көмек қызметі» және «911» – Шұғыл көмек қызметі» жобалары туралы жоспарларымен бөлісті. Экономикалық әріптестік және даму халықаралық ұйымының (ЭӘДҰ) тәжірибесіне сүйене отырып, блокчейн технологиясын енгізуде жапондық инвесторлармен әріптестік орнатып, бірлесе жұмыстануға дайын екенін мәлімдеді.

– Жаңақала аудандық орталық ауруханасынан алған әсерім күткендегімнен де асып түсті. Шалғайда орналасқанымен, сапалы құрал-жабдықтармен, білікті мамандармен, цифрландыру үрдістерімен қамтылған медициналық мекеме екен. Әсіресе, саланы цифрландыру бағытындағы жобалар менің қызығушылығымды тудырды. Байқауымша, бұл тұрғыда сіздер Жапониядан көш ілгерісіздер. Бізде жаңа технология кең дамығанымен, цифрландыру игіліктерін күнделікті өмірде қолдану жағы кемшін түсіп жатады, – деді Юма Танака.

– «Kusanone-Корни травы» – қарапайым адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін үкіметтік емес ұйымдарға, мектептерге, медициналық және басқа мекемелерге тегін қаржылық көмек көрсетуге арналған Жапония Үкіметінің бағдарламасы. 1997 жылдан бастап Қазақстан Республикасында жалпы құны 6,035 млн. АҚШ долларына жуық  92 әлеуметтік жобаны қолдаған. Аталмыш бағдарламаға жеке тұлғалар мен коммерциялық ұйымдар қатыса алмайды, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдарға, сондай-ақ жергілікті билік пен медициналық мекемелерге басымдық беріледі. Жаңақала аудандық орталық ауруханасының материалдық-техникалық мүмкіндігімен, тыныс-тіршілігімен жете таныстық. Қажетті құжаттарды Токиодағы кеңсемізге жолдаймыз, гранттық қаржыландыруға қатысты оң шешім қабылданады деген үміттеміз, – дейді «Корни травы» қайтарымсыз гранттық бағдарламасының үйлестірушісі Жанар Амантай.

Жиын соңында Алтай Көлгінов жапондық қонақтарға Орал қаласындағы «Арба» және «Бәйтерек БҚО» қоғамдық бірлестіктерімен, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясымен тиімді әріптестік орнату мүмкіндіктері туралы айтып, 29 қарашада Орал қаласында өтетін Цифрландыру форумына қатысуға шақырды.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»