Шайтанқара

Күні , 158 рет оқылды

Мәжит Қайырғалиұлы Қайырғалиевтің есімі облыс оқырмандарына жақсы таныс. Ол сонау 1962 жылы Оралдағы Пушкин атындағы педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ өлең, түрлі тақырыптарға мақалалар  жазып, олар аудандық, облыстық газеттерде жарияланып тұрыпты. Институтты тәмамдағаннан кейін Тайпақ ауданындағы туған ауылы «Котельников» совхозындағы мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1965-1971 жылдар аралығында Тайпақ аудандық мәдениет бөлімін басқарған. Оның журналистикадағы еңбек жолы 1972 жылдан облыстық «Орал өңірі» газетінде кіші әдеби қызметкерліктен басталған. Кейін тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

Мәжит Қайырғалиұлы «Орал өңірі» газетінің тізгінін он бір жыл бойы ұстап, бас редактор ретінде талай жас журналистерді тәрбиеледі, олардың  қаламының төселіп, нағыз журналист болып қалыптасуына айтарлықтай еңбек сіңірді. Оның бас редактор болған жылдары нарықтық қатынастың қиын кездеріне тұспа-тұс келгеніне қарамастан, газеттің оқырмандарын жоғалтпай, үнқағаздың үзіліссіз шығуына ұжымды жұмылдыра білді.

Музыканы жанындай сүйетін Мәжақаң сол музыкалық аспаптардың сан түрінде ойнайды, сурет салады, ағаштан мүсін ояды. Сонымен қатар поэзия, проза саласында үзбей қалам тербеп келеді. Ол талай мемлекеттік марапаттарға ие болған.

Біз қаламдас інілері, шәкірттері Мәжит Қайырғалиұлын жақындап қалған 80 жасымен қызу құттықтай отырып, төменде «Шайтанқара» атты  әңгімесін жариялап отырмыз.  Қадірлі ағамызға бақуатты денсаулықпен қатар, қалам қайратын тілейміз. Жазар көбейсін, жақсы Аға!!!

– Әке, машина қайда, атарбамен келгенің не? – деді Мәлік тұнжыраған күйі арбаға отырып жатып. – Мынаумен ауылға жеткенше кеш болады ғой.

– Әй…и… балам-ай, бензин жоқ болғасын тағы… әйтпесе, атарбамен еріккеннен келіп жүр дейсің бе? – деді баласының сөзіне қынжыла жауап беріп Отар. – Өзің оныншы кластың оқушысысың, күнде газет пен радиодан елдегі жағдайды оқып, естіп жүрсің…

Мәлік үн қатпастан қалды. Ауыл шетіне шыға сар желіске салған торы бесті жер апшысын қуырып, жеңіл тарантас арбаны қаңбақ құрлым көрмей, дедектетіп келе жатты. Жылқышы ауылы отыратын Бесшығыр мекені кеңшар орталығынан отыз шақырымдай болатын. Ә дегенше, арттағы ауылдың қарасы үзіліп қала берді.

Отар баласының манағы сөзін есіне алып, «Әй, балам-ай, мына желқайық сенің тырқылдаған мәсквищіңнен кем деп отырсың ба?», – деп күбірледі. Сосын мынау күзгі жаңбырмен бөртіп тұрған бөрте жусаны мен қызыл изеннің исі бұрқыраған кең даланың самал желімен көкірек кере бір дем алды да, делбесін қаға түсіп:

Шал құйрық, шалқақ төсті шайтанқара,

Шабысын жануардың айта алған ба?

Көңілім көтеріліп кетуші еді,

Қонғанда жеңіл ер сап майталманға… – деп әсем қоңыр дауысымен баяу ғана әндетіп, арасында «шу» деп делбесін қағып-қағып қояды.

«Машина қайда деп, отыз шақырым жерден ат сабылтып келіп тұрған әкемді ренжітіп алдым ба?» деп іштей өз қылығына қынжылып отырған Мәлік әкесінің әндеткенін көріп, көңілі орнына түскендей болды. Күздің шуақты күнімен көкжиекте бүлкілдеген сағымға қызыға қарап отырған ол:

– Әке, анада үйге келген қонақтарға Шайтанқара деген ат туралы әңгіме айтып едің ғой… Өзің мені сыртқа жұмсап жіберіп, ести алмай қалдым, соны айтшы, – деді ол әкесіне қарап. – Сол рас па?

– Әрине, рас, – деді Отар үзіп алғандай. Немене, қызық па?

– Шынында да қызық қой. Достарыма айтып, ауыздарын аштырайын.

Отар ойын жинақтағандай біраз үнсіз отырып қалды. Сосын төс қалтасынан шылым алып тұтатып, құшырлана бірер сорды да ұлына көз қиығын тастады. Ол баласының әңгімеге қызығып отырғанына іштей қуанды.

– Сонау Киіккөл, Шашбаулы деген жайылысы кең, шөбі шүйгін, шеген құдықтарының суы зәмзәм суындай мөлдір кең өңірде осыдан талай жылдар бұрын Қали деген жылқышы жаз жайлап, қыс қыстап жүрген. Жылқы деген малың қысты тебіндеп өткізетінін өзің де көріп жүрсің. Бірақ бір қоян жылы қараша айының басында қатты боран соғып, бір үйір жылқысынан айырылып қалады. Теріскейден соққан бораннан ықтаған жылқы құмды өңірге кеткенін сезеді де, өзі төлаты ретінде тақымына басып жүрген Тұйғын деген өмірі құлындамаған бесті биеге мініп, «Құмжиек, қайдасың?» деп тартып кетеді. Ықтаған мал бір ықтасынға жетпей тоқтамайды ғой, әлгі жылқы үйірі ауылдан қатты ұзап кеткен болады.

Екі күн, екі түн ат үстінде елсізде әбден қажыған Қали кешқұрым бір ескі қыстаудың маңына келеді. Қазақта «айдалада адасып қалғанда ескі қыстауды емес, моланы паналау керек» деген сөз бар. Өйткені иесіз қалған қыстауды жын-перілер мекендейтін көрінеді.

– Әке, жын-пері дегендердің болатыны рас па? – деді манадан үнсіз отырған Мәлік.

– Әрине, рас, бірақ өзім көрген жоқпын… Содан Қали ел аузындағы әлгі сөзді біле тұрса да, маңда өзге қарасын көрінбеген соң сол иесіз үйді паналап, демалуды жөн көреді. Есік-терезесі үңірейген жапандағы жалғыз үйдің ішіне кіріп, астындағы биесін сенеге байлап, өзі төргі бөлмеге кіріп, ошақтың құлаған орнына төбе жабынынан шөп-шалам жұлып алып жағып, жылынады да тоқымын төсеп, ерін жастанып жатып қалады. Әбден шаршаған Қали тез ұйықтап кетсе керек. Бір мезгілде үйдің сенесіне байлаған биенің ышқына осқырынып жер тарпып, тықыршыған дыбысынан оянып, «Ит-құс келіп жүр ме?» деп кекіліне қорғасын құйған дойырын қолына алып жүгіре шықса, қараңғы жерде биенің қасында тұрған жылқы сияқты бірдеңені көзі шалады. «Ой, сайтан, бұл қайдан келген мақұлық!», – деп Қали қамшысын сілтегенде, бірнәрсеге тигендей болады да, әлгі қараңдаған мақұлық шыға жөнеледі. Ілесе сыртқа шыққан жылқышының көзіне ештеңе көрінбейді. Ұйтқып соққан боран басылып, көкте жұлдыздар көрініп қалыпты. Қали жүректі, алпамсадай жігіт болса да, әлгіден кәдімгідей бойы тітіркеніп биенің қасына келсе, ол қара терге малшынып, солқылдап тұр екен. Содан жылқышы көрер таңды көзінен атырып, ертелетіп құмды өңірді бетке алып, оншақты шақырым жүрген соң бір малшы ауылға кездесіп, тамақтанып, болған оқиғаны әлгі үйдің иесіне айтады ғой.

– Алла, алла! – деп үй иесі шошып кетеді. Ол иесіз үй кезінде мыңғырған жылқысы болған Бармақ дегеннің қыстауы ғой. Онда Бармақтың жылқысының иесі бар деп айтады. Ішіне кірген мал тірі шықпай, қарны жарылып қалатын көрінеді. Құдай бір сақтаған екен.  Қали осы маңнан жоғалған жылқы үйірін тауып, еліне қайтады.

Сол жылы жазда манағы өмірі құлындап көрмеген бие құлындап, мойылдай қара, еркек құлын туады.

Құлынның өзге құлындардан айырмашылығы жоқ. Бірақ бір керімі, әлгіні енесі тебініп маңына жолатпай қояды. Өзге жылқы әлгі құлын маңына жуып кетсе, осқырынып, қаша жөнеледі. Құлынды шешесі бауырына алмаған соң биені сауып, сүтімен қолдан асырап мал етіп жібереді. Аузы шөпке іліккесін өзімен-өзі болып, ауыл маңында жүреді. Түнге қарай кісінеген сияқты әлдебір үн шығарып, ауыл сыртына лағып шығып, шауып-шауып оралады. Осының бәрін бақылап жүрген жылқышы мынау періден жаралған болды ғой деп, «шайтан қара» деп атап кетті. Құлын өсе берді, тай болды, құнан шықты. Бірақ баяғыша жылқы біткен оған жуымай, жақындап кетсе, осқырынып қашады.

Шайтан қара десе, шайтан қара, сүліктей суырылған, көздері ұясынан шығып шатынаған, аяқтары сидиған ұзын, құйрық-жалы ұйысқан қалың-әйдік жылқы болады. Құнан шыққан жазында Қали «тәуекел» деп ер салып үстіне мінсе, әлгі қолда өскен соң болар, тулап бүлінбей айдаған бағытына жүре береді. «Әу, мынау керім болды ғой» деп жылқышы тақымдап тебініп көрсе, желдей есіп шаба жөнеледі. Шабысы тым жайлы, қанатты құстай шапшаң көрінеді. Әсіресе, қолыңа құрық алып, жылқы қуғанда аттатпай жетіп барады. Өмір терлемейді. Сөйтіп Шайтанқара дөнен, бесті… шығып, жылқышының төл аты болады. Өзге жылқыдай оты қанып, су ішкенде қарны қампиып тұрмайды. Сүйріктей сұлу қолтығы кең, ашқұрсақ ат болды.

Содан не керек, бар сырын өзі ғана білетін жылқышы қазанатын тақымынан тастамай, небір ұзақ та ауыр жолдарға мінетін болады. О бір жылдары қатты қуаңшылық болып, шөп нашар өсіп, мал жұтқа ұшырауға қалды. Қали бағып отырған жылқысын құмға айдап аман сақтап қалады. Бір күні кешқұрым Шайтан- қарамен желе жортып келе жатса, бір топ қасқыр шағылдың астынан шыға келіп, жылқышыны қоршап алмақ болып, тұс-тұстан қаумалап қуа жөнеледі. Жылқышы қарындағы құрықты қолына алып, жөні келсе, бір-екеуін ұрып жығайын деп желе жортып жүре береді. Бірақ қасқырлар қаумалап алдын орай бастаса керек. Жылқышы сасайын дейді. Бір кезде ойына осы Шайтан қараның шабысы бөтен еді ғой, мүмкін қашып құтылармын» деген ой келеді де, «Ә, шайтан, шауып құтқар!» деп тебініп жібереді. Сол кезде аттың ала жөнелген шабысынан оның тынысы тарылып, аттың жалын құшақтап етбеттеп жата кетеді. Тек құлағына күздің тоң болып қатқан топырағына аттың тасырлап тиген тұяғының ғана дыбысы келеді. Көп пе, аз ба, әйтеуір, бір мезгілде көзін ашса, өзінің үйіне келіп қалыпты. Қасқыр түгіл шайтан да жоқ. Үйіне келіп аттан түсіп риза болған иесі атының мойнын сипаса, денесінде тердің исі де білінбейді.

Осыдан кейін жылқышы Шайтанқарасын сүтпен суарып, шүйгін шөппен асырайды.

Келесі жылы күзде, Қазан төңкерісінің мерекесінде үлкен бәйге болатын болып, Шайтанқарасын бәйгеге қоспақ болады. Бірақ бәйгеде атқа кімді отырғызу керек? Еңгезердей болып өзі шапса, ұят қой. Ұлы кішкентай. Дегенмен, баласын отырғызып, бәйгеге қосып кеп жібереді. Ә дегеннен-ақ, Шайтанқара мәренің о шетінен бір, бұл шетінен бір көрініп, өзге жылқы екі айналғанда бұл бес айналып, алдына қара салмады. Содан көп ұзамай бір күні колхоз басқармасы жылқышыны шақыртып алады да: «Шайтанқараны маған бересің!», – дейді. Басқармамен таласатын дәурен бе, сөз айтпастан келіседі. Бірақ жеккі білмейтінін, тек мініс аты екенін айтады.

– Тфу, сен Қали, не айтып тұрсың?.. Шайтанқара болмақтан, шайтанның өзі болса да мен оны үйретемін,

түс, қане! – дейді әлгі бастық.

Қали аттан түсіп, ерін, жүгенін сыпырып алады да, бұрылып жүре береді. Әрине, Шайтанқараның бастыққа көлік болып жарытпасына жылқышының көзі жетіп барады.

Шынында да басқарма айтқанын істеп, Шайтанқараны жылқышыдан аударып алып, колхоздың көлік ауласында бірер күн ұстайды да, үшінші күні әкеліп, жеңіл тарантасқа жегіп көрсе, әлгі «қың» деместен жорта жөнеледі. «Е, бәсе, менен жылқы баласы құтылып көрген бе?», – деп өз-өзінен мәз болған бастық Шайтанқараны жегіп, қырдағы малшыларды аралап шығады. Сол сапарда қырдағы бір малшының үйінен шай ішіп бола бергенде, сыртқа шығып кеткен делбеші бала ішке ентігіп кіреді.

– Басеке, басеке… – дейді ол сөйлей алмай.

– Ой әкеңнің… не болып қалды, айт енді! – деп жекіреді басқарма.

– Шайтанқара жоқ!

– Әй, сен не деп оттап тұрсың, жегулі тұрған жоқ па еді, арбасымен жоқ па?

– Арба да, қамыт та дәл сол жегулі күйі жатыр, бірақ ат жоқ. Жын көтеріп кетті ме… қамыт доға тәртеге жегілген күйі қалыпты. Ой, алла, ой, алла! – деп делбеші бала жағасын ұстайды.

Сол жоқтан Шайтанқара зым-зия жоқ болды да кетті. Қали жылқышының ауылына кетіп қалған болар деп онда да барды, бірақ таптырмады. Басқарманың жегулі атының жоғалып кеткені елге аңыз болды. Осыдан кейін Қали жылқышы талай мәрте түнде түзге шыққанда сонадай жерде тұрған Шайтанқараны көреді, бірақ маңына жақындаса, зым-зия жоғалып кететін көрінеді.

– Бірер жылдан кейін Қали да дүние салады. Сол кісі отырған ескі қыстау маңында біраз жылға дейін сүліктей қара аттың жүргенін талай кісі көрген дейді. Бірақ мен өзім көрген жоқпын, мүмкін әлдебір елес шығар…

1992  жыл



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика