Қазақстан мен Ресей туризмді бірлесе дамытпақ

Ежелден тағдыр тоғыстырып, тарих табыстырған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясын 7000 шақырымға созылған әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара мен көршілес орналасқан кең аумақпен қатар, достық-туыстық қатынастар біріктіреді. Ресей – Қазақстан үшін ең сенімді және ең басты серіктес мемлекет. Сондықтан екі елдің саясат, қауіпсіздік, экономика, сауда саласындағы сан қырлы ынтымақтастығының ауқымы кең, мақсаты айқын. Бұл ықпалдастықтың кемел көкжиегі жыл санап кеңейіп келеді. Ендігі мақсат – етене аралас елмен туристік байланысты нығайту, екі елдің саяхатшылары үшін жаңа туристік бағыттарды дамыту.

Қазақстан – Ресей арасындағы барыс-келіс пен алыс-берісті еселей түсуге бағытталған дәстүрлі шараның бірі – 2003 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан өңіраралық ынтымақтастық форумы.

Қос мемлекет басшысының қатысуымен күрделі мәселелер шешімін тауып, ауқымды міндеттер нақтыланатын аталмыш ақылдасу алаңын жыл санап өткізудің өзектілігі орасан.  Өткен жылы Ресейдің Челябинск қаласында өткен мұндай форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир  Путинге келесі жылы форумды Қазақстанның солтүстік қақпасы саналатын Петропавл қаласында ұйымдастыруды және басты назарды қос елдің туристік әлеуетін арттыруға аударуды ұсынған болатын. Өйткені Қазақстан мен Ресей арасындағы туристер ағыны жыл санап артып келеді. Жыл сайын Қазақстанға 3 млн. ресейлік, ал көрші елге 3,6 млн. қазақстандық сапарлайды екен. Оған қоса еліміздің батысы мен шығысында және солтүстігінде біздің жеті өңірдің көрші елдің 12 облысымен шекаралас екендігін ескерсек, қоңсы қонған қос елдің әу бастан «ауылы аралас, қойы қоралас» екені талас тудырмайды. Демек, биылғы 8-9 қараша күндері Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумының қос ел үшін туризм саласындағы ортақ мәселелерді айшықтап, өзара тәжірибе алмасуда, түрлі түйткілдің түйінін тарқатып, жеткен жетістіктерді ба-ғалауда  маңызы  орасан  зор.

Екі ел арасындағы әлеуметтік-мәдени, этнографиялық, медициналық, спорттық, мәдени-танымдық және туризмнің басқа да салаларын дамытуды мақсат еткен өңіраралық форум аясында «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» атты көрме жұртшылық назарына ұсынылды. Жаңадан бой көтерген заманауи Теннис орталығында ашылған көрмеде ине шаншар орын болмады. Қазақстанның барлық өңірі мен Ресейдің шекаралас 10 облысынан арнайы ат арытып келген ресми делегациялармен қатар, танымал туристiк компаниялар да қатысқан көрмеде туризм саласындағы соңғы технологиялар мен жаңалықтар паш етiлетін 40-тан астам павильон жасақталып, әр өңір, әр облыс отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын оятатын табиғи ерекшеліктері мен тарихи-мәдени құндылықтарын ортаға жайып салды. Ауқымды шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған өңір делегациясы  да  қатысты.

Қызылжарға келген шетелдік қонақтар назарына Алматының апорты, Солтүстік Қазақстан облысының Шалқар-Имантау демалыс аумағы, Павлодар облысының Баянауыл ұлттық саябағы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы сынды жобалар ұсынылды. Қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары да ойып тұрып орын алды. Халықаралық масштабтағы көрмеде Жайықтың жауһарларын ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, жерлесіміз Елена Тарасенко мен облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибраимов таныстырды.

Көрікті көрмені Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XV форумына арнайы келген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ Президенті Владимир Путин де тамашалады.

Қашанда қонақжайлығынан танбаған қазақ халқының атынан Ресей Президентіне алтын жалатылып, бағалы тастармен зерленген қамшы табысталды. Ал ақмолалық балуан екі ел достығының символы ретінде өз қолымен қалың  шегеден  түйін  жасап  берді.

– Біздің халқымызда «Алыстағы ағайыннан жақындағы жақсы көршің артық» деген сөз бар. Біз көршіміз, ағайынбыз. Форум  тиімді мемлекетаралық алаңқайға айналды. Ынтымақтастықтың маңызды институты болып отыр. Бұған дейінгі форумдарда жалпы саны 200-ден астам келісімге қол қойылды. Олардың жүзеге асырылуы өңірлерге ғана емес, қос ел экономикасының жекелеген салаларына да септігін тигізуде, – деп атап өткен Елбасы Өзбекстан да осындай өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Елбасы туризм саласының жаһандық экономикадағы маңыздылығын айтып, екі елдің туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, оны одан әрі дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

– Туризм жаһандық экономикалық дағдарыстар кезінде де  экономика өсімінің тетігі болып саналады. Қазақстан мен Ресей  бұл үдерістерден тыс қалып қоймауы керек. Бізге жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда туристердің легін арттыруға және 60 мыңнан астам  жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған туризмді дамытудың бес жылдық мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

– Ынтымақтастықтың екі жақты туризмді дамыту сияқты маңызды бағытына арнайы тоқталғым келеді. Ресейдегідей Қазақстанда да туристер үшін демалысты жақсы өткізіп, тамашалауға болатын көптеген көрікті  жер бар. Мысалы, ресейліктер, әсіресе, елдің батыс Сібір бөлігіндегі тұрғындар демалу үшін жазда біздің елдегі Бурабайға, Балқаш пен Алакөлге, қыста Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортына және басқа да жерлерге келеді, – деген Мемлекет басшысы өкілетті құрылымдар тарапынан шешуді талап ететін екі жақты туризмді дамыту саласына қатысты бірқатар жәйттерді, соның ішінде туристердің өтуіне қолайлы болу үшін шекарадан өткізу тәртібін жаңғырту, туристік және көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды жетілдіру, Каспий теңізіндегі туризмді бірлесе дамыту, ғарыштық туризмді қалыптастыруға ықпал ету және басқа  да  мәселелерді  атап  өтті.

– Қазақстан мен Ресей аумағында туристердің қызығушылығын тудыратын керемет жерлер баршылық. Осындай ғажайып жерлер тұрғанда, алыс елдерге сапарлау керек пе? Әрине, әлемде тартымды бағыт-бағдарлар аз емес, дүниежүзіне танылған туристік орталықтар бар. Алайда Қазақстан мен Ресей жеріндегі табиғи әр алуандықты басқа елдерден таппайсыздар, – деді Ресей Президенті Владимир Путин. Осы орайда ол бірегей әрі экологиялық таза демалыс орындарына адам көптеп тартылатынын сөз етті. «Бұл тұрғыда, әсемдігі көзді арбайтын керемет жерлер бойынша біз әлемдегі ең бай адамдармыз. Жалпы, осы бағыттағы жұмыстардың қарқынын үдете түсу керек. Бұл салада біздің әлеуетіміз жоғары», – деп түйді Владимир  Путин.

Форум барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, РФ Экономикалық даму министрі Максим Орешкин, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Астрахань облысы губернаторының міндетін атқарушы Сергей Морозов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, РФ Алтай Республикасының басшысы Александр Бердников сөз алды. Баяндамашылар ғарыштық, экстремалды, пассивті, медициналық,  археологиялық, экологиялық және аңшылық туризмнің мүмкіндіктері туралы айтып, бұл бағыттарды  дамытудың келешегі мен  кедергілерді жан-жақты талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушылардың баяндамалары мен ой-пікірлерін қорытындылай келе, ресейлік әріптесіне қос елдің үкіметтеріне туристер легін көбейту үшін шекаралық аймақтарда аутомобиль, теміржол және әуе қатынастарын дамыту жөнінде бірлескен іс-қимыл жоспарын   әзірлеуді   ұсынды.

– Шекараларымыздағы бақылау бекетінен туристердің өтуіне барынша қолайлы жағдай жасау керек. Қазақстан мен Ресей шекараларындағы өткізу бекеттерінің инфрақұрылымы және техникалық тұрғыдан жабдықталуы адамдар мен көліктерді молынан жіберуге сай келмейді.

Осыған байланысты қос мемлекеттің үкіметтері бұл мәселелерді бірлесе отырып шешуге тиіс, – деді  Нұрсұлтан   Әбішұлы.

Елбасы көршілес елдермен визалық және көші-қон режімін жеңілдете отырып, Каспий теңізінде туризм жөніндегі ынтымақтастық жүйесін құруды, сондай-ақ медицина және білім саласындағы туризмді дамыту жөнінде  шаралар  қабылдауды  ұсынды.

Форум аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары, ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мен перспективті өңірлік бастамалар тізбесі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасындағы «Қазақстан – Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын дайындау және іске асыру ниеті туралы меморандум, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі  мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасындағы Туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум, ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгерістер енгізу туралы хаттама, 2006 жылғы 3 қазандағы ҚР және РФ шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама сияқты маңызды құжаттарға қол қойды. Ақтау, Петропавл және Қостанайдан Ресейге тікелей әуе рейстерін ашу жөнінде бастама көтеріліп, бірлескен сақтандыру жүйесін енгізу де күн тәртібіне енді. Сонымен қатар Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекет арасында емін-еркін саяхаттауға жағдай жасайтын круиздік тур іске қосылатын болды.

РФ басшысы Қазақстан мен Ресейдің келесі өңіраралық форумы Омбыда өтетінін мәлімдеді. Жалпы, форум аясында қос елдегі туризмнің түрлі салаларын қамтитын 30-ға жуық өңіраралық әрі коммерциялық келісімге қол қойылды. Қос тарап Қазақстан мен Ресей шекаралық өңірлерінде жүзден астам туристік маршрутты бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласып  тарқасты.

Ендігі кезекте жауапкершіліктің негізгі жүгі шекаралық өңірлерге жүктеледі. Олардың алдында өңіраралық сан-салалы байланыстың сапасын арттыру, келісті келісім көкжиегін кеңейту, соның ішінде тауар айналымын жақсарту, қызмет түрлерін молайту, іс-керлік байланыстарды жаңа сатыға көтеру, бірлескен кәсіпорындар қатарын көбейту мәселелері тұр.

Орынбор облысының вице-губернаторы Павел Самсоновтың (суретте) айтуынша, Батыс Қазақстан облысымен әуелден тату, көршілік, достық қарым-қатынас орнаған. Арадағы шекаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жыл өткен сайын беки түспесе, бәсеңдеген емес.

– Жылына 200 мың батысқазақстандық Орынборға табан тірейді, олардың басым бөлігі тұзды емдік суға шомылу үшін келеді. Орынбор және Батыс Қазақстан облыстарының шекарасында орналасқан екі халықаралық аутокөлік өткізу бекеті мен екі жақты аутокөлік өткізу бекеті бар. Олар арқылы тәулігіне 1,5-3 мың ауыр жүк көлігі өтеді. Барыс-келіс ұлғаятын жаз-күз маусымында шекара арқылы өтетін аутокөлік ағыны бірнеше есеге дейін  артуы  мүмкін.

Екі облыс тұрғындарының, бизнес өкілдерінің, басқа да салалардың өзара байланысын дамыту бағытында біраз жұмыс атқарылды. Алайда ол әлі де өз деңгейінде емес. Өңіраралық ынтымақтастық форумы біздің байланысымызға тың серпін береріне сенімім мол, – дейді Павел Самсонов.

Саратов облысының губернаторы Валерий Радаевтың (суретте) айтуынша, Батыс Қазақстан облысымен арадағы өңіраралық келісім негізінде Орал – Саратов бағытындағы тасжолдың құрылысы аяқталғанда өңірлер арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да жандана түспек.

– Биылғы жылдың тоғыз айындағы Саратов облысы мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 150 млн. АҚШ долларын құрады. Басты назарды экспортқа аударып отырмыз. Осы орайда халықаралық талаптарға сай келетін көлік-логистикалық кластерді  дамытудың  маңызы  зор.

Осыдан екі жыл бұрын Орал – Саратов тасжолының құрылысы туралы екі жақты келісімге қол қойылды. Батыс Қазақстан облысы уағдаласқан межені мерзімінде орындады, желтоқсан айында жаңа жолды ашқалы жатырсыздар. Біз де өз тарапымыздан жолды федералды деңгейге өткізіп, биыл 100 шақырымын жөндедік, қалған 200 шақырымды бір жылдың ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Туризмді дамыту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Саратов облысына, Еділ өзенін тамашалауға қазақстандықтардың, әсіресе, жастардың көп келетіні қуантады, – дейді Валерий Радаев.

Екі ел арасындағы ықтимал әріптестіктің соны саласы – балалар мен жасөспірімдер туризмі. Батыс Қазақстан облысы бұл бағытта Ресейдің көршілес облыстарымен орнатылған екі жақты әріптестікті мейлінше нығайтуға, сонымен қатар салаға тың серпін беретін жаңа тәсіл-үрдістерді батыл енгізуге баса назар аударып келеді.

Форум аясында Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мен Татарстан Республикасының туризмді дамыту мемлекеттік комитеті арасында екі жақты әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Қазандық делегация біздің облыстағы балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып, бұл салада екі жақты іскерлік байланыс орнатуға ықылас білдіріп отыр.

Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының ТМД елдері арасында үздік үштікке еніп, «ЮНЕСКО клубы» мәртебесіне ие болғанын да айта кеткен жөн, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшы-сының орынбасары Бақдәулет Ибраимов (суретте).

– Орал мен Қазан қалаларының арасында өзара достық, бауырластық байланыс орнаған. Екі жақты әріптестік туралы келісім  аясында қос шаһардағы туристік ресурстарды тиімді пайдалану, маркетингтік белсенділікті арттыру, туроператорлардың байланысын нығайту бағытындағы нақты іс-шаралар жүзеге асады.

Әзірге Татарстан мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы туристік түсімдер аса көп емес, жылына 50 млн. рубль шамасында. Дейтұрғанмен, екі өңірдің де туристік әлеуеті мықты. Мәселен, Қазан тұрғындарын Ақ Жайық атырабының әсем, бай табиғаты қызықтырса, қазақ бауырлар үшін Татарстанның мәдени-тарихи орталықтары мен Қазан қаласының инфрақұрылымын және былтырғы футболдан әлем чемпионаты өткен нысандарды тамашалау әсерлі болады деген сенімдемін, – дейді Татарстан Республикасының туризм жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы  Сергей  Иванов.

Еліміздің батыс қақпасы саналатын Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес облысымен шектесетін ең ұзын (1,532 км) шекараға ие. Жылына біздің шекара арқылы 4 миллионға жуық жолаушы мен 1,2 миллионнан астам аутокөлік қатынайды. Өңіраралық экономикалық, мәдени және туристік байланыстар жыл санап нығайып келе жатқандықтан, жақын арада туристер ағыны 1,5-2 есеге артуы ықтимал. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге баса көңіл бөлінуде. Орал – Саратов аутожолының құрылысы аяқтала келді, шекарадағы тұсы бұрынғы қос жолақтың орнына 8 жолақты жолға алмастырылды. Астрахань мен Волгоград облыстарына дейінгі жол салынуда, келер жылдың басында Самара және Орынбор бағытындағы аутокөлік жолдарының құрылысы басталмақ. Орал қаласында туристер аялдайтын заманауи және ыңғайлы қонақүйлердің жоқтығы да саланың дамуына кедергі болып келген еді. Қазіргі таңда Хилтон, Holiday Inn және Novotel қонақүйлерінің құрылысы қарқынды жүруде. Ал көктемде әуежай терминалын қайта жаңарту жұмыстары басталмақ.

Ресейдің барлық көршілес облыстарымен қоса, Киров, Ульянов облыстарымен, Татарстан және Башқұртстан Республикаларымен бірлескен іс-шаралар кешені жүзеге асуда. Көршілерімізбен арадағы ынтымақтастық жыл санап кеңейіп келеді.

Мысалы, Наурыз мейрамы мен Бірлік күні Саратов және Самара облыстарындағы қандастарымызбен бірге тойланса, Волгоград облысымен бірлескен әскери-патриоттық шаралар ұйымдастырылады. Орынбор облысымен Жайық өзені арқылы жорық өткізу дәстүрге айналған. Биыл Астраханьда күй атасы Құрманғазының 200 жылдығы кең көлемде  аталып  өтті.

Бүгінде өңіраралық барыс-келісті жеңілдету мақсатында пойыздардағы кедендік тексерулер алынып тасталды. Нәтижесінде Астана мен Орал арасындағы жол жүру уақыты 10 сағатқа қысқарды, бір жарым жылда 200 мыңға жуық жолаушы тасымалданды.

Ақ Жайық атырабында туристердің қызығушылығын тудыратын бірінен-бірі асып түсетін тарихи орындар мен туристік бағыттар жетерлік. Жайықты жағалай жайғасқан жұртшылық үшін, әсіресе, су туризмін, өлке туризмін және балалар туризмін дамытудың  болашағы  зор.

Екі күнге жалғасқан көрмеде өңірдегі туристік нысандар туралы мол мағлұмат беріліп, сыртқы және ішкі туризмді ілгерілету бағытында келіссөздер  жүргізілді.

Динара    ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»,

Орал – Петропавл – Орал