12.11.2018, 21:22
Қараулар: 35
Қыз жасауы дегенде, қыз жасауы…

Қыз жасауы дегенде, қыз жасауы…

«Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген атам қазақ ұзатылатын қызының жасауына көп көңіл бөлген. Кеңес заманынан бұрын ата-бабаларымыз төрт түлік малды еншілеп, ағаш үй тігіп, қыздың жасауын әдемілеп дайындап берген. Заман ағынымен бірге ілесіп, ұлттық салт-дәстүріміз де жаңарып, жаңғырып келеді. Қазіргі уақытта ата-ана ұзатылатын қызына қал-қадерінше, әл-ауқатына қарай жасау дайындап береді. Әрине, әке-шеше «жетім қыздың жүгіндей» болмасын деп, қажетті дүниенің барлығын сатып әперуге дайын тұрады. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дегенді ұстанатын қазағым қалтасы жұқа болса, банктерден қымбат несие алып, қыз жасауын ырғап-жырғап беруді сәнге айналдырды.

Бүгінде төрт қызын өсіріп, құтты орнына қондырған зейнеткер Қансұлу Ерғожина әжеміз қыз жасауын жасауда әркім «өз көрпесіне қарай көсілгені» дұрыс дегенді ұстанады. «Өзім ауылда кітапханашы болып жұмыс істедім. Жинаған ақшама алынған заттар мен үшін әрдайым ыстық. Қыздарымды ұзатқанда қолымнан келгенінше жасауларын жасап бердім. Басы артық шығынға бармадым. Меніңше, өзгелерден қалмаймын деп қыздың жасауын сонша шығынданып, тоңазытқыш, шаңсорғыш, тіптен газ плитаға дейін апаруды жөн көрмеймін. Тек алты көрпесі мен көпшіктерін, керекті төсеніштерін, ыдыс-аяғын апарса болғаны емес пе?

Аста-төк заттарды алудың қажеті жоқ. Жастар өздері еңбек етіп, отбасына қажетті заттарды бірте-бірте сатып алса болады ғой.

Сонда олар «әзір асқа тік қасық» болмай, өздері еңбектеніп алған дүниенің қадірін білетін болады», – деді Қансұлу әже.

Расында, қыз ұзатқандар бүгінде қызға берілетін дүниенің саны артқан деседі. Мысалға, жаңа өмірге қадам басқан аруларымызға берілетін жасауды тізімдеп көрелік: алты қонақ және бір шай көрпе, алты жастық, жастардың екі кісілік төсеніш және жамылғы көрпесі, оны «махаббат көрпесі» деп атайды. Одан басқа екі кісілік төсек- орын жиһазы (спальный гарнитур), сандық, ыдыс-аяқ жиынтығы, оның ішінде қасық, кесе, шәйнек, пышақ, көстрөл-қазан, ет табақ, хрусталь ыдыстар және өзгелері бар. Сонымен қатар жас жұбайлардың бөлмесіне төсейтін және қонақ бөлмесіне деп екі қалы кілем, терезе және төсек жабындар, дастарқан, оқтау, нан илейтін тақтайға шейін береді. Соңғы жылдары заманның жақсарғаны шығар, тұрмыстық техника түрлерін, теледидар қоса апарады.

Енді инстаграмдағы дайын қыз жасауының бағасына назар аударсақ:

6 қонақ көрпе = 84 000 тг

6 көпшік = 24 000 тг

1 шай көрпе = 5000 тг

екі кісілік жамылғы көрпе = 20 000 тг

«Махаббат көрпесі» (қос көпшігімен) = 40 000 тг

Тақта көрпесі= 27 000 тг

Сандық жапқыш (сыйлыққа).

Сонда қой жүнінен қалың етіп жасалған әрі әдемі материалмен тысталған төсек жабдығы орташа есеппен 200 мың теңгеге шығады. Соңғы кездері орыстың  матрешкасы секілді ұлтық нақыштағы сандықтарды жасауға қосып беруде. Сандық жиынтығының бағасы дизайнына және сыртқы қаптама материалының сапасына байланысты 100 000-250 000 теңге аралығында сатылуда. Оған көлемі әр түрлі үш сандық кіреді және сыйлық ретінде қобдиша беріледі. Төсек-орын жиһазының бағасы сауда орындарында түрліше, 180 мың теңгеден бастап 1 миллионнан асып кете барады. Ал ыдыс-аяқ жиынтығы 75 мың теңгеден басталады. Сонда бір қыз баланың жасауы тізімде көрсетілмеген ұсақ-түйек заттарды қоса алғанда, 600 мыңнан 1 миллионға дейін барады.

Әрине, жұрттың барлығы ұзатылатын қызға тап осындай дүние береді деуден аулақпыз. Бүгінгі нарықтық заманда Елбасы: «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді» – деп айтқандай, әрқайсымыз прагаматик болуға ұмтылғанымыз жөн. Қыз жасауын әркім қал-қадерінше жасап береді, бірақ пәленбай жылға қымбат несие алып қарыз қа-мытын киюдің жөні жоқ сықылды. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Гүлнұр ИСАТАЙ,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің  3-курс студенті:

– Тұрмысқа шығатын қыз өз жасауын дайындауға ата-анасына көмектескені дұрыс деп санаймын.  Сондықтан да өз жасауымды қазірден бастап жинағым келеді. Сөйтсем, әке-шешеме күш салмаймын, бір жағынан өзіме ұнайтын заттарды ғана аламын. Несие алып, жасау жинақтауды құптамаймын. Өзгелер құс сүтінен басқаның бәрін бере берсін, ал мен отбасымның жағдайымен санасамын. Қажетті дүние-мүлікті екі жас өз еңбектерімен табуы тиіс.

Мария ИСАТАЙ,  Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын ауылының  жас келіні:

– Анам жасауымды төсек жаймаларын жинақтаудан  бастады. Кейін ыдыс-аяқ, сандық, перде, қажетті жабдықтар сатып алынды. Ал көрпе-көпшігімді әжем өз қолымен жасап берді. Үйге ауылдағы ақ жаулықты үлкендер жиналып, көрпеге қажетті жүнді түтіп, көрпе-төсеніштерімді тігуге көмектесті. Жасауымның басым көпшілігін Оралдағы дүкендерден сатып алдық. Ыдыс-аяқ жиынтығы 600 мың теңгеге шықты. Қалған майда-шүйде заттарға туған-туыстарым көмектесті. Ұзатылар алдында ауылымда «сандық салу» ырымы жасалды. Ауыл әйелдері жиналып, жасауыма көрімдік берді. Жасауым жинақталып жатқанда қобалжу үстінде болдым. Қатарымнан кем қылмай, жасауымды жинақтап, жарқыратып берген  ата-әжеме, ата-анама және бауырларыма, ауылдастарыма үлкен алғысымды айтамын.

Эльвира РАГЛАКОВА, Сырым ауданындағы Қазақстан негізгі мектебінің мұғалімі:

– «Қызы бар үйдің назы бар» демекші, анасы қызының кішкентай кезінен бастап жасауын жинақтай беруі қажет. Қыз бала анасының жинаған жасауына риза болуы тиіс. Өйткені анасының тәжірибесі мол болғандықтан, отбасылық тірлікте бірінші кезекте не керек екенін жақсы біледі. Жасаудың аса қымбатқа шықпағаны жөн. Қазіргі кезде интернет желісінде таралған қыз жасауы жөніндегі бейнематериалды  көріп, жағамды ұстадым. Оңтүстік өңірде қалыптасқан төрт мезгіл киімін алып баруды асыра сілтеушілік деп ойлаймын. Киім әкелу – қыз жасауына жатпайтын дүние. Қызға тұрмысқа қажетті заттарын ғана береді. Кейін жұбайы екеуі жұмыс істеп, адал еңбек етіп, өз қалағандарын бірге алады.

Біржан ҚОЖАҚОВ, Орал қаласы, кәсіпкер:

– Мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек ететін жиһаз цехымда қыз жасауына қажетті сандықтардың 54 түрі жасалады. Одан басқа ас үй және төсек-орын жиһазын тапсырыспен жасаймыз. Ондай тапсырыстар көбіне Астана, Алматы, Атырау, Ақтау жағынан түседі. Қарапайым сандықтың ең төменгі бағасы 24 мың теңгеден басталып, 47 мың теңгеге дейін барады. «Алтын» сандық 250 мың теңге тұрады, оны дайындауға 10-15 күн кетеді. Жалпы, қыз жасауына қажетті жиһазды сатып алушылар аз емес.

Бибігүл МҮТӘЛИЕВА, Бөрлі ауданының тұрғыны, жас ана:

– Қайын  сіңлім  ұзатылар  алдында  ауыл  әжелері мен апалары жиналып, асар жасадық. Жүн түтіп, көрпе, төсеніш жабдықтарын дайындадық. Екі жақ келісім жасап, керек заттарын ғана сатып алып бердік. Ағайын, тума-туыстар  да қыз жасауын жабдықтауға көмек қолдарын созды. Қыздың жасауын, соның ішінде бірінші кезекте төсек-орнын дұрыстап беру – ұзатылатын қыз баланың анасы мен әкесіне, туғандарына үлкен сын.

Зейнұр   НЫҒМЕТЖАН,

Аяжан   АЙДЫНҒАЛИ,

Ж.  Досмұхамедов  атындағы  педагогикалық колледжінің  3-курс  студенттері,

Орал  қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар