9.11.2018, 19:47
Қараулар: 116
Оңалту орталығы оңалмай тұр…

Оңалту орталығы оңалмай тұр…

2009  жылы  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «100  мектеп,  100  аурухана»  бағдарламасы  негізінде  және  халықтың сұрауымен,  Парламенттегі  жергілікті  депутаттардың  мәселе  етіп  көтеруімен  «Капустин  Яр», «Азғыр»  полигондарынан зардап  шеккен  батысқазақстандықтарды  сауықтыру  бағытында  Жаңақала  ауданы  орталығында  100 орындық  «Ауданаралық сауықтыру  ауруханасы»  оңалту  орталығы»  салынған  болатын.

Аталмыш орталықтан сол жылдан бастап бүгінгі таңға дейін 14 мың адам ем-дом алып, денсаулығын нығайтқан екен. Оңалту орталығында қазір бес  дәрігер, 28 медбике, екі  емдік дене шынықтыру маманымен қоса 71 техникалық қызметкер, барлығы 106 қызметкер қызмет  істейді. Орталықтың негізгі емінің көзі емдік дене шынықтыру жаттығулары болып табылады. Сонымен қоса тұзды шахтамен емдеу, оттекті коктейль, балшықпен, парафинмен емдеу, қауыз, бальнеологиялық тұзды ванна, уқалау-ысу (массаж) және тағы да басқа емдеу  түрлері  бар.

Облысымыздың әр аудандарымен қоса еліміздің біраз облыстарынан, тіпті көршілес Ресей елінен ем іздеп келген науқас жандар осы оңалту орталығынан дерттеріне шипа тауып, бірнеше мәрте келіп жүргендіктері де орталықтың беретін емінің нәтижесі деп білеміз. Оның нақты дәлелі ретінде газетімізге үнемі оңалту орталығының ұжымына алғыс айтып жазған ем алушылардың хаттары мен мекемедегі төрт  томға айналған алғыс дәптерін айтар едік. Бұл орталыққа балдақпен келіп, орталықтың көрсеткен ем-домының арқасында өздігінен жүріп кеткен науқастар да баршылық. Солардың бірі – республикалық ерекше тәуекелді сарбаздар қоғамының төрағасы Есім Бектілеуов ағамыз.

Ядролық зымырандардың жарылысынан жапа шегіп немесе басқалай да ауруларына ем тап-паған жандарға үміт сыйлап, тән жарасымен бірге жан жараларына да шипа болып келген орталықтың бүгінгі жағдайы мәз емес.

Олай дейтін себебіміз, аталмыш орталықта ем алып жатқан науқастар оңалту орталығының бүгіні мен ертеңіне алаңдаушылық танытып, редакциямызға әлсін-әлсін қоңырау шалуда. Кеше ғана науқастардың алғысына бөленіп, шипалы ем-домымен көршілес елдерге дейін таныла бастаған Ақ Жайық атырабындағы жалғыз оңалту орталығының қаржысын неге қысқартып тастағанын және оның салдары неге соқтыратынын анықтау мақсатында аталмыш мекеменің директоры Қобылан  Бекеновті  әңгімеге тарттық.

– Біздің орталық 2009 жылдан 2016 жылға дейін әр адамды 20 күннен,  жылына 1500 адамды емдеуге жоспарлап, сол үдеден шығып келді. 2016 жылы бұл көрсеткішті емдеу күнін 14 күнге қысқарту арқылы, қабылданатын адам санын 2250-ге жеткізді. Сөйтіп, қаржымыз да жылдан-жылға өсе бастаған еді. Бұрын бізді медициналық қызметтерді қаржыландыру комитеті қаржыландырушы еді. Олар 2016 жылы 144 млн. теңге бөлсе, 2017 жылы бұл қаржыны 169 млн. теңгеге өсірді. Ал биыл, яғни 2018 жылдың қаңтар айынан бастап медициналық сақтандыру қорына ауысып, қаржымыз республикалық бюджеттен бөлінетін болды. Осыған орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылдың 5 қыркүйегіндегі №10 қаулысы негізінде жаңа стандарттар бекітілді. Осы стандартқа сәйкес қазір бізге бір күндік жатын орынға  4264,89 теңге қаржы тиесілі. Осы қаржыға ем алушының жататын орны, тамағы, емі және мекеменің газы, жарығы, суы секілді коммуналдық қызметімен қоса, қызметкерлердің жалақысы да кіреді.

Бұл қаражат, әрине, аздық етеді. Осы жағдай біздің қызметімізге кері әсерін тигізуде. Бұл мәселені біз Парламент депутаттарына да, облыс басшыларына да жеткізген едік. Қазіргі таңда мәселені шешу жолы ретінде жылына қабылданатын адам санын көбейтуді ғана тапсырып отыр. Қазір жылына қабылданатын адам санын тағы да 211 адамға көбейттік. Бұл әдістің де кемшін тұстарын көріп отырмыз. Жылына қабылданатын адам саны артқандықтан, кезек көбейіп, ем алушыларды қабылдай алмай, қолайсыз жағдай орын алып жатады. Қаржы мәселесіне байланысты бүгін орталықта оңтайландыру жүргізіп жатырмыз. Тиісті 123,5 штат болса, оңтайландыруға байланысты қазір өз еркімен жұмыстан шыққан қызметкерлердің орнына қызметкер алмай отырмыз. Сонымен қоса дәрі-дәрмекпен емдеу үдерісін тоқтатып, физиотерапияны күшейтудеміз. Қауыз арқылы емдеуді де қазір тоқтатып қойдық. Себебі, қауызды ұстап тұру үшін айына 100 мың теңге қаржы керек. Сондай-ақ ем алушыларға берілетін азық-түліктің айран, жеміс-жидек секілді түрлері де  кей кездері кешеуілдеп келеді. Өйткені, азық-түлікті тендер арқылы  жеңіп алған ауданның кәсіпкерлеріне дер кезінде ақша аудара алмай отырмыз. Ал олар айналымға түсетін қаржылары уақытында  аумағандықтан,  азық-түліктің кейбір түрлерін кешіктіріп жеткізеді. Оған науқастарымыз түсіністікпен қарап, сабырлық танытуда. Міне, бүгінгі қаржылық  жағдайымыз осындай. Елбасымыз Қазақстан халқына жолдаған жаңа Жолдауында медицина саласына көңіл бөлу қажет екендігін атап айтқаны үміт отын жаққандай болды, – деген орталық директоры оңалту орталығына Денсаулық сақтау министрлігі оң көзқарас танытпаса, оның оңалуы екіталай екенін жасырмады.

Осы мәселеге орай ем алушылардан пікір алмақ ниетпен оңалту орталығын аралап жүрген кезімізде ескіріп, тозығы жеткен жиһаздарды да көзіміз шалды. Сұрастыра келе, бұл жиһаздар орталық құрылғаннан бері еш жаңартылмағанын білдік. Жиһаздар түгілі, емдеу аппараттарының өзі де сол ашылған кезден бері ауыстырылмаған екен. Жиһаздар тек ұжымның ұқыптылығының арқасында қирап қалудан аман тұрса, емдеу аппараттары жыл сайын облыс орталығынан келген арнайы мамандардың жөндеуінің нәтижесінде жұмыс істеп  тұр. Заман бір орында тұрған жоқ.

Соның ішінде қазіргі заманда техникалар ай санап жетіліп, жыл санап жаңарып жатқаны бәрімізге аян. Ендеше, көштен қалып қойған оңалту орталығының да емдеу аппараттарын жаңарту қажет  екені  айтпасақ  та  түсінікті…

Нұрғали   ҒАББАС,

Жаңақала   ауданы

Есенболат  ИХСАНОВ,

зейнеткер:

– Ауданаралық оңалту орталығына биыл алтыншы рет келуім. Бұл орталықтың емімен  қатар,  медбикелер мен дәрігерлердің мейірімділігіне біз, науқастар дән ризамыз.

«Жақсы сөз жанға дауа» дегендей, келгеннен бастап жылы қабақ танытып, үлкенге, науқасқа деген құрметтері бізге ерекше ем болып табылады. Мұнда келген әрбір науқас өздерінің ауруларына шипа тауып, тек қана алғыс айтып  кетіп жатады. Дегенмен, біз  оңалту орталығының ертеңі үшін алаңдаймыз. Медбикелерден  естіп те, күндегі алатын емдеріміздің кейбіреулерінің қысқарып жатқандығынан да біз орталықтың қаржысының кеміп кеткенін байқап  жүрміз.  Біз секілді буындары сырқырап, белдері қақсаған үлкен кісілер үшін бұл орталық – таптырмас оңалту орны. Осы орталыққа жатып, ем алып шыққаннан кейін жанымыз сауығып, тәніміз  тынығып қалады. Енді бұл орталықтың қаржы мәселесі тез арада шешілмейтін  болса, үкіметтің қыруар қаржы жұмсап ашқан мекеменің ертеңі  бұлыңғыр  болары  сөзсіз.

Амангелді  УӘЛИЕВ,

ем  алушы, Жәнібек  ауданы  ардагерлер  кеңесінің төрағасы:

–  Жәнібек ауданынан келіп, ем алып жатырмын. Оңалту орталығына бесінші  рет келуім. Бұл жердің ауасының өзі бір керемет шипа ғой. Таңертең тұрып алып ғимаратты айналып, таза ауасын жұтып, жүріп келемін. Соның өзіне керемет бір тынығып қаламын. Ал мекеме ұжымына айтар алғысымнан басқа еш уәжім жоқ. Жылда келгенде бойыма үлкен күш жинап, бір серпіліп қайтамын. Облысымызда осындай орталықтың барына біз қуаныштымыз. Ауылдас қарияларға да  үнемі келіп демалуға кеңес беріп жүремін. Шынын айту керек, кейбіреуіміз тіпті үйімізде мұндағыдай тамақтанбаймыз. Бес мезгіл тамақтанамыз, уақтылы емімізді аламыз, содан басқа біздей үлкендерге не қамқорлық керек?! Алайда көп науқастардың ауруына ем таба білген орталықтың жағдайы осы күнде  нашар екенін, жыл сайынғы бөлінетін қаржы-қаражаттың  кеміп кеткенін естідік. Әрине, бұл қуантарлық жаңалық емес. Елбасымыздың мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне жағдай туғызу керектігін айтып, жыл сайын  Жолдау жолдап жатқанын  бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп отырмыз. Осыған орай Жаңақаланың оңалту орталығына да тиісті деңгейде көңіл бөлінетініне мен өз басым  сенімдімін.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.